Ақтау жылыту маусымына дайын. 16 қазан күні қалаға жылу толықтай беріледі. Бұл туралы бүгін Ақтау қалалық әкімдігінде «Жылыту маусымына дайындық» тақырыбында өткен брифингте айтылды.
Жиынға Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев, «Каспий жылу су арнасы» МКК бас инженері Асқар Дүзмағанбетов, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС департамент директорының орынбасары Сәбит Желкушинов қатысты.
«Бүгінгі таңда МАЭК-Қазатомөнеркәсіп белгіленген кестеге сай дайын. 12 қазан күні жылу құбырларын айналымға қосу жоспарланып отыр. Ал 16 қазан күні жылу толығымен берілетін болады. Кестеде көрсетілгендей, тұрғын үйлер, әлеуметтік обьектілер бәрі бірдей қосылатын болады», - деді «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС департамент директорының орынбасары Сәбит Желкушинов.
Айта кетейік, жылыту маусымы қазан айының 16-нан бастап сәуірдің ортасына дейін беріледі.Сондай-ақ жаңа шағынаудандарда жеке жылыту қазандықтары туралы «Каспий жылу су арнасы» МКК бас инженері Асқар Дүзмағанбетов былай деді:
"Қаланың орталық құбырларға қосылғандардың бәріде айналымға қойылады. Ал орталық емес жеке қазандықтарға қосылғандар өздерінің дайындығына қарай жылу беріледі. Соңғы ақпарат бойынша бәрі дайынбыз деді. Жаңа шағынаудандағы жаңа қосылып жатқан "Пәтер иелері кооперативі" енді жасақталып жатыр, кейбіреуінде биыл қосылатындары бар",- деп атап өтті.
Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаевтың айтуынша:«19, 15, 17 және 10 шағынаудандарда жекелеген автономдық жылу қазандықтары бар. Олардың әрқайсысы өздерінің қысқа дайындық паспорттарын алды. Барлығы қалыпты түрде жұмыс жасауы қажет. Жылу маусымы барысында көптеген арыз-шағым түседі. Бұл рас. Себебі МАЭК-тің беріп отырған қуаты жоғарғы шағынаудандарды қамти алмайды. Оның себебі ескірген, құбырлардың көптігі. Соған байланысты бюджет тарапынан жаңадан жоба дайындалуда. 29 шағынауданнан қосалқы су айдау сорғы станциясына құбырлар қосатын боламыз. Қазіргі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл маусым басталғаннан соң қосалқы сорғы құрылғысы жоғарғы шағынаудандарда іске қосылып, жылу толығымен болады деген сенімдеміз", - деді ол.
Сонымен қатар Қайрат Ақыбаев, тұрғындардың арыз-шағымы бойынша былай деді:
"Басқарушы компаниялар әрқайсысы әрбір шағынаудандарда өздері қызмет көрсетіп отыр. Біздің тарапымыздан тұрғын-үй инспекциясы деген бөлім бар. Ол тікелей ПИК-тың қызметіне жауап береді. Олардың күнделікті сұрақтары болсын, тұрғындардың келіп түскен сұрақтары болсын олар тікелей жауап береді. Ал біздің тарапымыздан осыларды үйлестіру, біздің күнделікті телефон арқылы түсіп жатқан арыздарға байланысты жауабымызды уақытылы беріп отырмыз. Соған сәйкес, Aktau.gov мобильді қосымшасы арқылы арыз-шағым, сауалыңызды жібере аласыз", - деді ол.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63033,63038,63040"]