©
Қазіргі таңда цифрландыру саласындағы жобалар «Нұр Отан» партиясының басым бағыттарының біріне еніп отыр. «Балаларға арналған тегін IT сыныптар ашу» жобасы бойынша Ақтау қалалық IT лицейде екі IТ сыныбы, сондай-ақ Мұнайлы ауданындағы №1 орта мектепте IТсыныбының тұсаукесері өтті.
IТ сыныптардың ашылу рәсіміне «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының саяси-жұмыс бөлімінің меңгерушісі Каленова Шолпан Калимқызы, «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалының қызметкерлері, Ақтау қалалық мәслихат депутаты Есетов Қуаныш Қалпенұлы, Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығының дарын ісі бойынша сектор меңгерушісі Махина Сәндігүл Мұратқызы, мектеп директоры, оқытушылар, ата-аналар және оқушылар қатысты.
Аталмыш мектеп бірінші қыркүйектен бастап, №4 гимназия атауын ресми түрде «ІТ лицей» деп өзгерткен. Атына заты сай мектептің сабақтары ІТ саласына бейімделген. Лицей директоры Жұмашева Жанаргүл Бекболатқызының айтуынша, оқу ордасынан түлеп ұшатын балалар жоғары оқу орнына барғанда негізгі білімі жетік болып, күрделірек ІТ бағдарламаларды еш қиындықсыз меңгеруге, бірден жұмыстануға зо мүмкіндік бар екенін атап өтті.
«Біздің мектептің басты мақсаты дарынды, шығармашылыққа бейім, ғылыми зерттеулер жасай алатын, жаңа технологияларды меңгерген, өздігінен жаңа ой туындата алатын ұрпақты тәрбиелеу. Сондықтан бүгінгі екі бірдей ІТ сыныбының ашылуы - заман талабы. Сондай-ақ, Елбасымыз өзінің жолдауында білім беру саласын дамыту туралы баса мән беріп айтқан болатын. Соның ішінде жастарымыз жаңаша білім алуға және білім саласындағы өзгерістерге бейім болуы тиіс. Сол себепті мамандандырылған мектептердің ашылуына жағдай жасалуда», -деді Жанаргүл Бекболатқызы.
ІТ сыныбының тәлімгері, алтыншы сынып оқушысы Айсұлу Қалпен бүгінгі таңда 3D модельдеу арқылы өзінің жобасын аяқтаған.
«3D модельдеу бұл өте жылдам дамып келе жатқан ІТ саласының ілімі. Оны компьютер графикасының көмегімен құрастырады. 3D модельдеу сабағында әр түрлі қозғалғыш модельдер жасаймыз. Қазіргі таңда менің дайын 3D моделім бар. Сондай-ақ сыныпта роботатехниканың қыр сыры және Python, JavaScript, Object Pascal, C++, SQL, PHP, Scretch және басқа да бағдарламаларды үйрену үстіндеміз. Бұл сабақтан түйгенімізді республикалық, халықаралық деңгейде сынап көрдік, қаншама рет жүлделерге ие болдық», - деді Айсұлу Қалпен.
Айта кетейік, қыркүйек айының соңына дейін, Маңғыстау облысында 35 IT сыныптары ашылмақ.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60883,60884"]