Бүгін Ақтауда "Маңғыстау Арена" спорт кешенінде "Қазақстандық бокс федерациясының Кубогы - 2018" Республикалық жарысының ашылу салтанаты өтті.
Шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев, олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, МО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбек Қарабалаев және спорт жанкүйерлері қатысты.
"Ереже бойынша 18-23 жас аралығында бес спортшы қатысады. Ал қалған 3 спортшы жасы 23-тен жоғары болуы керек. Жарыстың бұлай өзгеруі жастарды ортаға тарту. Қазақстан бокс құрамасында өте мықты боксшылар жиналған. Жарысқа қатысушы топтардан үздік бір команда шығады. Қазіргі таңда Павлодар қаласында өткен жарысқа 4 команда қатысты. Ол жақтан Қарағанды облысы жеңіп шықты. Аса мықты командалар Түркістан облысынан, Маңғыстау облысы, және Қарағанды облысының командаларын үздік деп айтуға болады", - деді Жамбыл облысының халықаралық дәрежедегі АИБА төрешісі Қайрат Жұмағұлов.
Конфедерация кубогіне Маңғыстау құрамасы жақсы дайындықпен келгендерін айтты."Күнтізбелік жоспарға байланысты жоспар құрылды. Қазіргі таңда 4 команда жарысқа шығып отыр. Біздің Маңғыстау құрамасында Берік Әбдірахманов пен Әділбек Ниязымбетов қазір демалыста. Қазір командамызда жас боксшылар. Олар Азия чемпиондары, жастар арасында әлем чемпионатының күміс, қола жүлдегерлері бар. Ересектер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері бар. Боксшылар сақадай сай. Қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін", - деді Маңғыстау бокс клубының аға бапкері Әділ Басықараев.
Бүгінгі жарыс Қазақстан Бокс федерациясына алдын ала іріктеу кездесуі. Сайысқа Ақмола облысы, Алматы қаласы, Қызылорда облысы, Маңғыстау облысының боксшылары қатысуда. Алматы қаласы 6:2 есебімен Ақмола облысын жеңді. Маңғыстау облысы Қызылорда облысын 7:1 есебімен топ жарды.
"Енді жартылай және ақтық кездесу ойындары Алматы немесе Астана қаласында өткізіледі. Жүлде қоры 25 млн теңгені құрайды. Бұл СНГ бойынша Тимур Кулибаевтың мұрындығымен жасалынып отыр. Басқа да бокс державалары Өзбекстан , Ресей елдері осы жарысқа ерекше қызығушылық танытуда. Әр салмақта, әр облыста бұрын ауыр салмақтағы боксшылар болмаған. Қазір әр өлкені алып қарасақ, жеңіл салмақтан бастап ауыр салмақтағы боксшылар бар. Бұл Қазақстан бойынша жақсы жұмыс жүргізіліп жатқандығын білдіреді", - деді Қайрат Жұмағұлов.
Салтанатты ашылу рәсімінде алғаш болып Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев боксшыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, 14 қыркүйек салтанатты ашылуы басталған конфедерация кубогі 16 қыркүйек күні тәмамдалады.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60871,60872,60873"]