Ақтауда теңіз жағалауындағы дала сахнасында Каспий жағалауы елдерінің ІІ халықаралық театр фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Фестиваль өлкеміздің танымал тұлғасы, киелі театр мен киноның саңлағы Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығына арналып отыр. Шараға Маңғыстау облысының құрметті азаматтары, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткерлері, халық әртістері, еліміздің театр саласындағы бірқатар тұлғалар келді. Атап өтсек, Асанәлі Әшімов, Лидия Кәденова, Бекжан Тұрыс, Талғат Теменов, Есмұхан Обаев және т.б. Сонымен қатар елімізден және шетелден 8 театр ұжымдары келді. Бұл халықаралық Каспий жағалауы елдерінің үлкен фестивалі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіліп жатыр. Ал құрылтайшысы Маңғыстау облысының әкімдігі және Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы – ТҮРКСОЙ. Театр фестивалінің ашылуына келген облыс әкімі Ералы Тоғжанов өз лебізін білдірді: «Маңғыстау жерінде үлкен той өтіп жатыр. Бұл Н.Жантөрин атындағы үлкен театрдың тікелей ұйымдастыруымен өтіп жатқан фестиваль. Осы шара қазақ даласының біртуар ұлы Нұрмұхан ағамыздың есіміне, 90 жылдығына арналады. Бүгін ортамызда елдің рухын да, халықтың намысын да көтеретін, еліміздің құрметті азаматтары, іс-шараға кезінде мұрындық болған азаматтар отыр. Бәріне рахметімді айтамын. Түрік елінің дәстүрі мен рухын көтеріп жүрген азаматтар да бар. Дүйсен Қорабайұлы деген ел азаматы арнайы фесстивальдың өтуіне тікелей атсалысқан идея авторы десемде артық айтқандық емес. Ол арнайы ұсыныс енгізген болатын. Біз ұсынысты қолдадық және әрі қарай қолдаймыз. Ұлттардың, мемлекеттердің басы, бүкіл түркі елінің басы біріксе одан жаман болмайтыны айдан анық екені белгілі», - деді ол. Айта кетейік, Каспий жағалауы елдерінің ІІ халықаралық театр фестивалі биыл екінші мәрте өткізіліп жатыр. Өткен жылы ҚР халық әртісі Асанәлі Әшімовтың 80 жылдығына ұштастырылған болатын. «Біз Алматы қаласы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрынан келіп отырмыз. Ұжымымыз драма жанрындағы «Шыңырау» спектаклін қоятын болады. «Шыңырау» спектакліне 15 актер қатысады. Бұған дейінде фестивальдарда бас жүлдені алғанбыз. Республикалық фестивальдерден жүлделі орындар алып жүрміз. Біздің репетуарымыз ең жақсы спектакльдердің бірі. Біздің театр 17 қыркүйектен бастап, Маңғыстау облысы Ақтау қаласында Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының гастрольдік сапарын бастап жатырмыз. Лидия Кәденова секілді танымал актриса, актерлеріміз өнер көрсетеді. Балаларға арналған «Әріптер әлемі» спектаклін де қоятын боламыз. Маңғыстау, Ақтау өңіріне театр өнерінің ең керемет спектакльдерін ұсынады деп сенеміз. Театр фестивалінің ұйымдастыру іс-шарасы жоғары деңгейде өткізіліп жатыр. Барлық ұжымдарға табыс тілеймін.», - деді Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов. Естеріңізге сала кетейік, фестивальдің жабылу салтанаты 16 қыркүйек күні болады. Ал фестивальдік қойылымдарды Н.Жантөрин атындағы облыстық-музыкалық драма театрының сахнасынан тамашалай аласыздар. Фестиваль аясындағы барлық шараларға кіру тегін.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60820,60821,60822,60826,60827"]