Бүгін Ақтауда «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі «Әлеуметтік кәсіпкерлік» тақырыбында тренинг өткізді. Бұл - Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының 2018 жылғы мемлекеттік тапсырысы аясында жүзеге асырылатын жоба.
Тренингке өңіріміздің үкіметтік емес ұйым өкілдері, жеке кәсіпкерлер, азаматтық топтар және қаланың белсенді тұрғындары қатысты. Іс-шарада қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерліктің бағыттарымен, бизнес жүргізу, стартап бастау түсініктерімен танысты.
Аталмыш тренингтің мақсаты – әлеуметтік кәсіпкерліктің не екенін түсіндіру, оны қай бағытта дамыту керектігін, әлеуметтік кәсіпкерліктің бизнес кәсіпкерлікпен айырмашылығы мен сәйкестігін көрсету.
«Әлеуметтік кәсіпкерлік - Қазақстанда таяуда пайда болған секторлардың бірі. Соның ішінде Маңғыстау облысы үшін жаңа сала. Бүгінде Қазақстан бойынша 500-дей әлеуметтік кәсіпкерлік бар. Талдау жасап қарасақ, біздің аймақта екі-үш үкіметтік емес ұйым бар. «Ұрпақ Next» және «Здоровья детям» қоғамдық емес ұйымдарының жанынан ашылған әлеуметтік кәсіпкерлік», - деп атап өтті Азаматтық Альянстың жоба үйлестірушісі Айгүл Тахиталиева.
Сонымен қатар, шара барысында спикер, әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша сертификатталған бизнес-бапкер Бағлан Қалдарбеков курьерлік қызмет арқылы франшиза ашу жайлы ақпаратпен бөлісті.
«Мен бір жылдан бері Атырау қаласында әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша тренингтер, мастер-класстар өткізіп жүрмін. Әлеуметтік кәсіпкерлік – қандай да бір әлеуметтік мәселені шешетін кәсіпкерлік. Бұл бағытта көптеген жобалар жүзеге асуда. «Самұрық Қазына Трасс», «Әрекет» деген бағдарламалар түрлі гранттар бөлінуде. Ақтауда әлеуметтік кәсіпкерлік жоқ десе болады. Бүгін Ақтау тұрғындарына түсіндіруге келіп отырмыз», - деді Бағлан Қалдарбеков.
Қазіргі таңда қоғамда әлеуметтік мәселелер өте көп. Яғни, қайырымдылық жасай отырып өз бизнесіңізді дамыта аласыз. Мәселен, Еуропа елдерінде қоқыс қалдықтарын пластикалық қалдық, шыны, тағам, т.б. бірнеше жәшікке бөліп салады. Осы қалдықтарды өңдейтін компания әрі бизнесін жүргізсе, екінші жағынан экологиялық мәселені шешуге қол үшін тигізіп отыр.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ