©
"Тұрақты ауданаралық (қалааралық, облысішілік) автобус маршруттарының тарифі өзгерді", - деп хабарлайды 7292info.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа тарифке сәйкес, «Ақтау-Жаңаөзен-Ақтау» бағытының жолақысы 590 теңгеден 750 теңгеге өсті. Бұдан былай Ақтаудан Шетпеге қатынайтындар 750 теңге, Ақтаудан Тұщықұдық, Шебір ауылына жолға шыққандар 1000 теңге, Қызан, Ақшымырауға барамын деушілер 1200 теңге төлейтін болады.
Тарифті өзгертуге былтыр маусым-қазан айларында облысішілік маршрутта жолаушы тасымалдайтын 8 мекемеден келіп түскен өтініштер себеп болыпты. Сан бағытта жолаушы тасымалдайтын бұл мекемелер Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына мекемелер жолақы құнын көтеру жөнінде өтініш тапсырған.
"Тасымалдаушы мекемелер жолақыны өсірудің себебі ретінде жанар-жағармай бағасының тұрақсыз өсуі, қосалқы бөлшектер мен сервистік қызметтің қымбаттауы, жаңа автокөлік бағасының, автостанциялардағы жалдау ақысының өсуін көрсетті. Соның салдарынан тасымалдаушылардың шығыны ақталмай отыр", - деп хабарлады Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Алиби Көшербаев.
Құзырлы органның мәлімдеуінше, ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 13 қазандағы №614 Бұйрығына сәйкес, отын және жағармай материалдарының, автошиналардың, аккумуляторлар мен қосалқы бөлшектер бағасының қымбаттауы сияқты тасымалдаушыларға байланыссыз баға факторлары бойынша тасымалдаушылардың нақты шығыны 10 %-дан артық өзгерген жағдайда, жол жүру құны қайта қаралады.
Басқарма өздеріне келген өтінішті қарау үшін Тұрақты ауданаралық (қалааралық, облысішілік) қатынастары тарифтері жөніндегі арнайы комиссия құрған. 8 тасымалдаушының өтінішін, ұсынған анықтамаларын, тариф есептері мен негіздемелерін қарап, комиссия мүшелерінің 75% тұрақты жолаушы тасымалы маршруттарының тариф құнын көтеруді қолдап, шешім шығарған.
Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа тариф Маңғыстау облыстық мәслихаттың 30 мамырдағы № 19/239 шешімімен, Маңғыстау облысы әкімдігінің 31 мамырдағы №125 Қаулысымен бекітілген.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Көрнекі сурет сайттың архивінен