©
Жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында жүрген Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттары - Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитет мүшесі Ахмет Мурадов, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Наталья Жумадильдаева этномәдени бірлестігі мүшелерімен кездесіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы қойылып отырған 10 міндет жайында сөз етті.
Ұшқыр уақыт қашан да өз дегенін істейді. Төрткүл дүниенің қозғаушысы - даму екендігіне алыстан мысал іздеудің қажеті жоқ. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда атап көрсеткендей «Бүгінде әлем Төртіші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде». Сондықтан озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойған «100 нақты қадам - Ұлт жоспарын жүзеге асырып жатқан еліміз өркениетті елдер көшімен алға дами түсуі тиіс.
Кездесуде кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов облысымыздың экономикалық көрсеткіштеріне, «Индустрияландыру», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында өңірде іске асып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, сөз кезегін Мәжіліс депутаттарына берді.
Маңғыстаулықтарға жақсы таныс, еңбек жолын Жетібайдағы мұнай кәсіпшілігінен бастаған Мәжіліс депутаты Ахмет Мурадов өз сөзінде технологиялық, экономикалық өзгерістерді іске асыратын мамандарға қойылатын талаптарға тоқталды. Бір ғана мұнаймен шектеліп қалмай, жастарымыз заман талабына сай қажетті жұмысшы мамандықтарын меңгеруге мән беруі керек. Бұл ретте ата-аналарға, мұғалімдерге жүктелер міндет зор. «Ақылды қала» бастауындағы сан-алуан өзгерісті, оңды, үлгілі істерді жүзеге асыратын да білікті, білімді, бесаспап мамандар.
Мәжіліс депутаты Наталья Жумадильдаева мұғалімдердің мәртебесі, олардың жалақысының біліктілік дәрежесіне қатысты өсуі мүмкіндіктері жайында сөз етіп, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жиында «Шалом» еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Кержбаум, «Чосон» корей этномәдени бірлестігі төрайымы Раиса Маденова, «Дағыстан» халықтары мәдени орталығы төрағасы Юсуп Шахшаев сөз сөйлеп, Елбасы Жолдауында қойылып отырған 10 міндетті іске асырудың мүмкіндіктері, кәсіптік білім беруді жетілдіру тетіктері, мұғалімдердің еңбегін лайықты бағалау, мәртебесін көтеру, ынталандыру жолдары жайында өзіндік ой-пікір, ұсыныстарын білдірді.
Болат ҮМБЕТОВ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="46402,46404,46403"]