©
Апат – айтып келмейді. Жаманат хабар жатпайды, құлақ естір жердің бәріне жылдам таралады. 25 қарашада Жаңаөзенде болған жол апаты желден жүйрік әлеуметтік желілер арқылы таралып, жұрттың бәрін лезде елеңдетіп тастады. Қайғылы оқиға түскі сағат бір жарымдардың шамасында болған.
Біз де жол-жөнекей келе жатып әлгі оқиғаның үстінен шықтық. Оқиғаның бел ортасында болып, қолдан келген көмегімізді беруге жанталастық. Қаладағы Бөкен базары мен Теңге ауылының арасында қатынайтын №3 маршруттағы жолаушылар тасымалдайтын «Газельдің» бірі «Болашақ» теміржол бекетінен келе жатқан тепловозбен соқтығысып, ірі жол көлік апаты болған. «Газельдің» сол жақ бүйірінен соққан тепловоз оны 15 метрдей жерге итеріп апарып, өзі 40-50 метрдей жерге жетіп әрең тоқтапты. Білетіндердің айтуларына қарағанда, тепловоз "Болашақ" теміржол бекетінен айы-күні толған жүкті әйелді «жедел жәрдемнің» орнына перзентханаға әкеле жатқан көрінеді.
«Газельдің» ішіндегі жолаушылардың бірқатары оның ашылып кеткен, сынған есік-терезелерінен сыртқа құлаған. Бірқатары «Газельдің» астына түскен. Жүргізуші рөлге қысылып, тіл тартпастан кеткен сияқты. Бүйірден соққан қатты соққыдан көз жұмғандар да жеткілікті. Ауыр жараланғандар мен ет қызуымен аяққа мініп, теңселіп жүргендер де кездеседі. Біреулері орындарынан тұруға шамасы келмей, түскен жерлеріне қисайып қалған. Ол жерде кімнің кім екендігін ажырату мүмкін емес. Қызыл қанға бөккен, ыңырсып, айғайлап жатқандарға жиналған жұрт жедел жәрдем беруге ұмтылып жүр.
Осы жерде жаңаөзендіктердің бір-біріне деген қайырымдылығын, мейірімділігін, бауырмалдығын, жалпы адамгершілігін атап өткен жөн секілді. Себебі темір жолдың екі жағынан жол-жөнекей келген жолаушы жігіттер көліктерінен түсе салып, зардап шеккен жандарға көмек беруге кірісіп кетті. Полиция қызметкерлері рация, ұялы телефондарымен хабарласып жүр. №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жол-жөнекей үстінен шыққан, демалыста жатқан бірер қызметкерлері арнаулы киімсіз көмектесіп, жанталасып жүгіріп жүр. Солардың күшімен «Жедел жәрдем» мен арнайы құтқарушылар келемін дегенше «көк темірдің» құрсауында қысылып қалғандар құтқарылып, тегіс жерлерге шығарылып жатқызылып жатты.
Жүк көтергіш кранды күтіп тұрмастан 20-30-дай жігіт күш біріктіріп, «Газельді» көтеріп, астында жатқан марқұм болып кеткен жандардың мүрдесін шығарып алды. Рөлде қысылып жатқан жүргізушінің де жансыз денесі көпшіліктің күшімен алынды. Солардың бәрін жиналған жұртшылық, әсіресе, азаматтар жағы бірінен соң бірі келіп жатқан «Жедел жәрдем» машиналары мен полицейлердің көліктеріне жатқызып, орталық ауруханаға жөнелтіп жатты. Әттең, ішінде өрімдей-өрімдей жастар жағы көбірек екен. Олар осындай маршруттағы көліктермен қаладағы колледждерге қатынап оқитын Теңге ауылының жастары көрінеді. Сондай-ақ арасында бірқатар мектеп оқушылары да көзге түсті.
Сол күні түнімен Жаңаөзен қаласы әкімдігінде арнайы комиссия құрылып, шұғыл түрде жұмысқа кірісті. Темір жол өткелінде кезекшілікте тұрған теміржолшының салғырттығынан шлагбаум дер кезінде іске қосылмай қалған деседі. Нәтижесінде қаладан Теңге ауылына бағыттаған «Газель» көлігіне 36 адам мінгені анықталды. Қайғылы жағдайға байланысты «Газельдегі» 36 адамның 9-ы көз жұмып, 27-сі ауруханаға жеткізілді. Теміржол өткелінің кезекшісі қамауға алынды. Факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталып кетті. Қалғаны - соттың құзырында.
Жексенбі күні таңертең облыс әкімі Ералы Тоғжанов Жаңаөзен қаласына шұғыл жетті. Апаттың салдарынан зардап шеккен жандардың жағдайын білу мақсатында қалалық орталық ауруханаға келді. Олардың хал-жағдайымен танысты. Аурухананың мүмкіндіктерін тәптіштеп сұрады. Сосын сыртқа шығып, аурухана алдында тұрған науқастардың тума-туыс, жақын-жуық, ата-аналарымен кездесіп, жиналған жұртшылықты сабырға шақырды. Жиналғандар да өңір басшысының ықылас, пейілі мен шын ниетіне түсіністікпен қарап, өз ризашалықтарын білдірді.
Сондай-ақ Жаңаөзен жұртшылығы ауруханаға түскен жандардың жақын-жуықтарының қасынан тағы да табылған. Аурухана есігінен сығалап, жақсылық хабарды сарыла күтіп тұрғандарға қарлығаш көмектерін беріп, жәрдем қолдарын созып, әртүрлі сусындар мен ыстық шай жеткізіп тұрған көрінеді.
- Айналайындардың өркендері өссін! Бала-шағалары аман болып, Тәңір жарылқасын! Жасаған жақсылықтары құдайдан қайтсын! «Жетпей жатса қан береміз» деген бір ауыз сөздерінің өзі төбемізді көкке жеткізіп тастағандай болды,- деп ақ жаулықты қария көзінің жасын сүрткенде іштей риза болып, біздің де жүрегіміз елжіреп қоя берді.
Сол жерде біз аурухананың бас дәрігері Мұрат Сарыевты әңгімеге тартып, ауруханаға кешегі түскен науқастардың жағдайын сұрадық.
- 25 қараша күні сағат 13-30-да аурухананың қабылдау бөліміне 27 адам жеткізілді. Оның сегізі қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Қатаң, бірақ қатаң тұрақты дейміз ғой, сондай. 18 науқас травмотология бөліміне жатқызылды. Бір ауру жағдайына байланысты облыстық ауруханаға жіберілді. Бүгінгі таңда дәрі-дәрмекпен толық қаматамасыз етілген. Қан да, плазма да бар. Кеше Ақтау қаласындағы санитарлық авиациядан мамандар келіп жәрдемдесті. Бүгін тағы да екі бригада келіп, бізбен бірге жұмыс жасап жатыр. Қазір түстен кейін Астанадан тағы екі маман келеді. Оның біреуі – оташы, екіншісі – травмотолог дәрігер. Қазір екі науқасты облыстық балалар ауруханасына ауыстыру үшін жұмыстанып жатырмыз. Олар үшін жаңа ғана Ақтаудан бері қарай санитарлық авиация ұшты. Ұшақпен жібереміз. Жалпы кешеден бері қосымша орындарымызды іске қосып, «Жедел жоспарымыздағы» мүмкіндіктерді пайдаланып, үйлерінде демалып жатқан дәрігер, мейірбикелеріміздің бәрін жұмысқа шақыртып, алғашқы күнгі қиындықты еңсердік. Олардың бәрі - қазір жұмыста. Сырқаттардың өмірі үшін күндіз-түні тынымсыз күресуде.
Аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы орталық ауруханадан соң көлік апатынан қаза болған адамдардың үйлеріне барып, қайғыдан қан жұтқан қаралы отбасыларының әке-шеше, тума-туыс, жақын-жуықтарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтып, оларды бекем болуға шақырды.
Содан кейін әкімдікке келіп қала белсенділерімен шұғыл түрде кеңес өткізді. Оған қатысқан "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы мен басқа да ресми органдардың басшылары мен мамандарының пікірлері тыңдалды. Болған жай-жапсар туралы ақпараттарына құлақ түрді. Сосын «Өзенмұнайгаз» АҚ бөлген 19 миллион 400 мың теңге қаржыны апаттан зардап шеккен отбасыларға ертеңнен қалдырмай беруді қатаң тапсырды. Мысалы, осы оқиғаға орай құрылған комиссияның шешімімен адамы қайтыс болған әрбір отбасына 1 миллион теңгеден, зардап шегіп ауруханаға түскендерге 500 мың теңгеден жәрдем берілуін қадап айтты. «Қазақстан темір жолы» ҰК" АҚ, қаладағы «Газ өңдеу зауыты», «Бұрғылау», «Өзенмұнайсервис» сияқты басқа да ірі-ірі кәсіпорындар марқұм болғандар мен зардап шеккендердің жеке есепшоттарына қаржы аударып, көмек беруге ұйғарым жасады. Ол үшін бүкіл жұмысшылар бір күндік еңбек ақыларын аударуда.
Жаңаөзен қалалық әкімдігі де жапа шеккендерге материалдық жәрдем беруді бастап жіберді. Сондай-ақ қала басшыларымен комиссия мүшелері және ардагерлерге марқұм болған жандардың жаназа намаздарын шығартып, жерлеуге көмек беріп, атсалысуға шақырды. Осы апаттың салдарынан мүгедек болып қалған жандардың әрі қарайғы тағдырларын да естен шығармау керектігін еске салды.
Иә, тоқсан ауыз сөздің тобығын тауып, бізде айтқандарымызды түйіндей келе, апаттан көз жұмған жандардың отбасыларына «Болмас іске болат бол, болаттан да қатты бол!» деп, зардап шеккендерге «Сабыр түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» дегендей төзімді, шыдамды болуларын тілейміз. Себебі Құран Кәрім мен Пайғамбар хадистерінде айтылуына қарағанда Һақ Тағаламыздың өзі «Сабырлылық жасап, төзімділік танытқан жандар, менің сүйген құлым» деп жарылқаудан жаңылмайтын көрінеді. Сондықтан аяқастынан болған оқыс оқиғадан марқұм болған ауылдастарымыздың Жандары жәннатта, топырақтары торқа болғай! Құдайым алдарынан жарылқасын! Ізіндегі ұрпақтары мен бауырларының амандығын бергей!
Мұратбай ҰЛЫҚПАН, Жаңаөзен қаласы