Ақтауда ГМ-172/6 түзету мекемесінің қос қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты
[ 2017 ] 9 қараша, 08:03 | Жаңалықтар
Бүгін Ақтау қалалық сотында Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД ГМ-172/6 түзету мекемесі бастығының орынбасары мен жедел бөлімнің басшысына қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот отырысына тараптармен бірге, осы мекеменің қызметкерлері қатысты.
Сотта анықталғандай, сотталған Қ.Р. мекеме бастығының орынбасары қызметін атқарып жүріп, қасақана, пайдақорлық ниетпен, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген лауазымды адам бола тұра, лауазымдық жағдайына байланысты пара алуға ықпал жасай отырып, жалпы қамқорлығы және жол берушілігі үшін мүлiк сипатындағы пара алу мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс-әрекетін жасаған. Яғни, жазасын өтеушілердің бірі ағасы арқылы теледидар алдырып, оны пара ретінде Қ.Р.-дың қызметтік бөлмесіне орнатып берген.
Сотталған Б.А. жедел бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүріп, қасақана, пайдақорлық ниетпен, заң талабын өрескел бұзып, өз құзыретін асыра пайдаланып, пара алуға жол беріп, оны ақырына дейiн жеткiзе алмай, ауыр қылмыс жасаған. Яғни, ол жазасын өтеушінің бірінің туыстарынан 25 мың теңге пара алуға оқталған.
Сот отырысында олар өздеріне тағылған айыпты ішінара мойындады.
Сот үкімімен Қ.Р. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 366-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, жеке меншігіндегі қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, мемлекеттiк қызметтегі белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, «әділет капитаны» арнаулы атағынан айырумен бірге, оған параның 64 990 теңге) елу еселенген сомасы мөлшерінде - 3249500 теңге айыппұл салынды. Оған қолданылған «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы бұзылып, сот отырысы залында дереу босатылды.
Сот үкімімен Б.А. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, ҚК-нің 366-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, жеке меншігіндегі қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, «әділет майоры» арнаулы атағынан айырумен бірге, мемлекеттiк қызметтегі белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімдері заңды күшіне енген жоқ. Үкімге он бес тәулік ішінде тараптар апелляциялық шағым немесе өтініш келтіруге құқылы.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ГМ-172/6 түзеу мекемесінің 4 қызметкері сыйбалас жемқорлыққа жол берді деген айыппен қамауға алынған болатын. Олардың қатарында ГМ-172/6 колониясының бастығы, оның екі орынбасары мен жедел бөлімінің бастығы бар. Бүгін ГМ-172/6 мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары мен бөлім басшысына қатысты сот істері аяқталып, үкім оқылды.
Ақтау қаласынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан бұл мемлекеттік мекеме - қатаң тәртіптегі түзеу колониясы.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Көрнекі сурет сайттың өз архивінен
1677
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.