2007 жылы 1 қаңтарда Қазақстан Республикасының «Алқабилер туралы» заңы қолданысқа енгізілді. Қарапайым халықтың сот істеріне тікелей қатысып, пікірлерін білдіруі және олардың сотқа деген сенімін нығайту мақсатында бұл заң 10 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Алқабилерді іріктеу – жергілікті атқарушы органдар міндетіне кіреді және ол күн тәртібіндегі басты мәселе.
Қылмыстық істерді қарау барысында алқабилерді іріктеуде көптеген қиындықтар туындаған. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері бас қосып, Маңғыстау облыстық сотында «Алқабилер мәртебесі» туралы тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Жиын барысында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және алқабилер институтын дамыту аясында барлық қалалық, аудандық жергілікті атқарушы орган өкілдерімен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қою рәсімі өтті, - деп хабарлайды Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Меморандумға облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Ержан Қарабаев, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының құқық қорғау органдарының жұмыспен жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Маралбек Сейілов, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Қошмағамбетов, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Сәбит Сейдалиев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Бейімбет Сүлейменов, Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев, Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Жансейіт Қайназаров және Бейнеу ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Берік Қанатов қол қойды.
-Өткен жылдан бері «Алқабилер Қазақстанға қажет пе?» деген мәселелер туындады. Одан кейін «Алқабилердің тағайындайтын істерінің санаты, саны, жататын баптары аз» деді. Облысымызда болған жариялылығы жоғары істер (мәселен, кішкентай қыз баланы зорлау) алқабилердің қатысуымен қаралды. Сөйтіп қылмыскерді облыстың апелляциялық бақылауға арыз жазды. Басқа еш жерге арызданған жоқ, кінәсін мойындады. Он адам оған «кінәлісің» деген соң... Ал сол жерде жеке кәсіби судья қарап, шешім қабылдайтын болса, ол апелляцияға да, кассацияға да жазады, ғаламторға да жазады. Осындай қажеттілігі бар деп есептейміз және бүгінгі күні сіздердің осы заң аясында атқаратын қызметтеріңіз өте зор, - дейді МО сотының кассациялық сот алқасының төрағасы Шаров Ғафур.
Алқабилердің қатысуымен 2011 жылдан бері 16 іс қаралған. Алқабиге судья жалақысының 50% -ы төленеді.
Бұл құжат жергілікті атқарушы билікке алқабилерге үміткерлерге алдын ала мониторинг жүргізу процедураларын барынша кеңірек қолдануға мүмкіндік береді. Яғни, алқабилердің қатысуымен қаралатын аса ауыр қылмыстық істерді кеңінен қарауда үкіметтік емес ұйым өкілдерін әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге жұмылдарады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН