Жақсы адам туралы естелік қана жүректен шығады. Соңына өшпес із қалдырған, замандастарының жүрек төрінен орын алған, ақыл-парасатымен шынайы құрметке бөленген жанның бірі – Саламат Мұқашев еді...
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері С.Мұқашевтың туғанына 80 жыл толуы қарсаңында «Қазақ мұнайының ардақтылары» сериясымен қадірлі ағамыздың өмір жолын кеңінен қамтыған кітабы шыққан еді. Сол кітаптың бір данасын Мариям жеңгей «Сәкең ағаңның бейнесі, рухы есте болсын» деген ақ тілегімен маған сыйлаған-ды. Одан бері де он жыл өте шығыпты.
Саламат Мұқашұлының есімі берісі Атырау мен Маңғыстауға, әрісі бүкіл қазақ жұртшылығына танымал. Еңбек жолын қазақ мұнайының қара шаңырағы Ембіде мұнай ұңғыларын жерасты жөндеу цехында операторлықтан бастап, кейін аудан, облыс, республиканың кәсіподағы басшысы, Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарғанын білеміз.
Алдымыздағы қазан айында С. Мұқашевтың туғанына 90 жыл толады. Саламат ағаның ел басқарудағы өзіне тән ерекше тәсілін, кадрларды іріктеудегі талабы мен ұстанған принциптерін, адамгершілік парасат-пайымын көрген, қызметтес болған адам ретінде қысқаша естелігімді жазуды парыз санадым. Оның өткен өмір жолы, ел игілігі жолындағы ерен еңбегі кейінгі ұрпаққа да өнеге болары сөзсіз. 1970 жылдары Маңғыстауда еңбек жолын бастаған, қызмет баспалдақтарында жауапты қызметтерге көтеріле бастаған ұрпақ үшін Саламат аға жәй басшы ғана емес, бәріне ұстаз болатын.
1973 жылы Маңғыстау өз еншісін алған тұста «малы қоралас жатқан» Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған С.Мұқашев, кейін 1980-85 жылдар аралығында Маңғыстау облысын табысты басқарды. Елдің ырысын молайтты, жергілікті кадрларды тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ол кезде мен Маңғыстау облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметінде едім. Бұл – Бозашы түбегіндегі Қаламқас, Қаражанбас кенорындарының игеріліп жатқан кезеңі. Жұмысшы жастар проблемасы бойынша облыстың бірінші хатшысының қабылдауында болдым. Осы жерде айта кетуім керек, Сәкең біздің әулетпен бұрыннан таныс, бұрынғы Гурьев, Маңғыстау облысының аудан, қалаларында ұзақ жылдар партия-кеңес органдарында басшылық қызметте болған әкем Өтежанды жақсы білетін және өзара сыйластықта болатын.
Қабылдау соңында Сәкең: «Комсомолдағы қызмет белгілі мерзімге дейін болатынын білесің, келешектегі ой-жоспарың қандай?» – деп сұрады. Саламат Мұқашұлына өндіріске оралғым келетін ойымды айттым. Ол өзіне тән байсалды, сабырлы қалпымен: «Қызметіңді жасай бер, ойластырамыз», – деді. Көп ұзамай, обком тарапынан Маңғыстау барлау-бұрғылау басқармасы (МУРБ) партия комитетінің хатшысы қызметі ұсынылды. Жаңа құрылған Мұнайлы ауданына қарасты үлкен өндірістік ұжымда, аудан басшысы Т.Айдарханов, МУРБ-ның бас директоры Қ.Шалабаев шын ықыласпен қарсы алды, сыйластықпен қызмет жасадық. Бұл ұжым жаңа мұнай-газ алаңдарын барлаумен айналысады. Яғни өлкеміздің мұнай-газ қорын толықтыруға қызмет етті. Кейін мұнай-газ өнеркәсібінің дамуы үшін ауадай қажет осы қызмет ұзақ мезгілге тоқтап қалғанын білеміз...
Мен Алматы халық шаруашылығы институтын «өндіріс экономикасы» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолымды Өзен мұнай-газ кәсіпшілігінде, ЦНИПР-де инженер, құрылыс бөлімінде жобалау-смета бюросының жетекшілігі қызметінен бастаған едім. Осы саладағы білімімді тереңдету мақсатымен, сол жылдары Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетінде өндірістен қол үзбей оқып жүрген кезім еді. Оқу сессиясына қатысу үшін еңбек демалысымды пайдаланатынмын. Сондай кезекті сессияда, Алматыда жүргенімде обком хатшысының көмекшісі Т.Жүкеев телефон соғып, Сәкеңнің қабылдау бөлмесіне телефон соғуымды жеткізді.
Саламат Мұқашұлы менің «жүріс-тұрысымнан» хабардар екен, сәлемімді алып, сессия қашан бітетінін сұрады да, «Ертең Орталық Комитеттің партия-ұйымдастыру бөліміне бар, қажетті құжаттар жіберілді. Сені Жаңаөзен қалалық партия комитетінің екінші (өндіріс саласын басқаратын) хатшылығы қызметіне ұсынып отырмыз»,– деді. Әрине, бұл үлкен сенім еді. Көрсетілген сенімге рахмет айтып, мына қызмет жасап жүрген ұжымға келгеніме де 6-7 ай болғанын айта бергенімде, Сәкең: «Жаңаөзен қалалық партия комитетінің ұйымдастыру пленумы өтетін күнді обком хабарлайды»,– деп әңгімені қысқа қайырды.
Саламат аға табиғатында көпсөзділікті ұнатпайтын, аз сөзбен көп мәселені жеткізе білетін. Осыншама жоғары лауазым иесі болса да, барынша қарапайым, қарамағындағыларға «мен басшымын» деп дауыс көтергенін көрген де, естіген де емеспін. Берген тапсырмаларының орындалуын қадағалауда талапшыл еді, әр істе де тиянақтылықты ұнататын. Басшы адамға қатысты жеке басының тәртібіне де өте мұқият болатын. Отырыстарда арақ-шарап ішу, темекі тарту, ия болмаса сол кездегі кейбір басшыларға тән карта ойынына да құмарлықтан ада еді. Әрбір сөзі мен басқан қадамы ел көзінде екенін сезінетіндігі болуы керек, Сәкең өзінің сабырлы, байсалды, кішіпейіл қалпынан, қай жерде де өзін-өзі ұстай білу дағдысынан айныған емес. Ол шын мәнінде білікті басшы, әр ісіне байыппен қарайтын облыс шаруашылығының ірі ұйымдастырушысы болды. Ағамыздың осы қасиеттерін сол кездегі жас басшылар өздеріне үлгі тұтты. Соның қатарында өзім де бармын.
Саламат ағамен қызметтес болған кезіміздегі ол кісінің адамгершілік қасиеттерінің кейбір қырларын, жас кадрларға деген қамқорлығының жұрт көзіне түсе бермейтін, өзіме қатысты бір-екі мысалын келтіре кетейін.
Жаңаөзенге қызметке келгеніме бір ай ғана болған. Жаз айы еді. Бірінші хатшы Н.Бекбосынов шаруашылықты маған тапсырып, демалысқа кетті. Жаңаөзен қаласы бұған дейін жеті жыл қызмет еткен мекенім еді. Мұнай-газ өндірісінде, одан кейін қала жастары ұйымына жетекшілік еткенмін. Соңғы қызметіме сәйкес қала партия комитетінің бюро мүшесі, қалалық кеңестің депутаты болған да едім, яғни қала жұртшылығы, өндіріс, мекеме басшылары да маған таныс орта болатын. Дегенмен қазіргі жағдай бөлек, өзгеше жауапкершілік. Қалада қауырт, қарбалас жұмыс жүріп жатқан кезең. Жоғарыдан келіп-кетушілер де бар, олардың да келген жұмыстарын бітіру, облыстағы жиындарға да қатысу т.с.с. ірілі-ұсақты шаруалар жетерлік.
Осы бір айдың ішінде Сәкең маған екі рет телефон соғып, қысқаша қаладағы жағдайды сұрап, бірінші хатшы жоқ мезгілде қызметті әлсіретіп алмау керектігін ескертті. Бірінде қалада су тапшылығы бар екенін, суды күніне үш мезгіл графикпен беріп тұрғанымызды білетінін, қазір жаз, ең ыстық мезгіл, осыған мұқият болуды тапсырды. Соған орай мен су дайындау мекемесінің (УПТЖ) басшыларын қасыма ертіп алып, қалаға сол кезде 43 мың текшеметр су келіп тұрған 65 шақырымдық Сауысқан-Өзен су құбырының бойымен, су беріп тұрған ұңғылардың жай-күйін тексеріп, сол жерде жиын өткізіп қайттым. Бірнеше ұңғылардың құрал-жабдықтары жетіспегендіктен, жұмыс істемей тұрғаны, басқа да проблемалар бар екені анықталды. Түзету шараларын белгіледік. Бір қуанғаным, сол жердегі цехты мектепте бірге оқыған сыныптасым Қойшыбай Нұрғараев басқарады екен. Облыс басшысының тапсырмасымен келіп тұрғанымды айтып, тұрақты байланыста болалық деп келістік.
Екінші рет Сәкең қаланың қысқа дайындық мәселесі жөнінде сұрады. Бұл мәселе де қала үшін маңызды болатын. Ол жұмысты үйлестіру штабын қалалық атқару комитетінің төрағасы Л.Бурлаков басқаратын... Әрине, облыс басшысының әрбір тапсырмасының орындалуы жөніндегі ақпаратты ол кісінің көмекшісіне және обкомның салалық хатшысы Н.Марабаевқа хабарлап отырдық.
Мен облыс басшысының тікелей байланысып, хал-жағдайды біліп, жеке тапсырма беруін, оның орындалуын қадағалауын жас кадрларды жауаптылыққа тәрбиелеуі мен қамқорлығы деп қабылдадым.
1983 жылдың тамыз айында Саламат Мұқашұлы Мұнайлы аудандық партия комитетінің пленумына өзі қатысып, мені бірінші хатшылық қызметіне ұсынды. Ауданның басшысы Т.Айдарханов Мәскеудегі ОК жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясына қабылданған болатын.
Мұнайлы ауданы 1980 жылы Бозашыдағы Қаламқас, Қаражанбас мұнай кенорындарын игеру, КОКП-ның ХХVІ съезінде қабылданған қарарларға және үкіметтің ХІ бесжылдық тапсырмаларына сәйкес оны өндіріске қосуды тездету үшін құрылған еді. Жаңа жерге қызметке келгесін тұратын үй-жайды, балалардың мектебі т.с.с. мәселелерді шешіп алу керек. Аудан орталығы – теміржол бойындағы Маңғышлақ поселкесі. Аудан мекемелерінің түгелге жуық қызметкерлері Ақтаудан қатынап қызмет жасайды. Поселкеде құрылысы жүріп, біткелі тұрған үй де жоқ. Осы жайдан хабардар болған болуы керек, мені бірінші хатшы шақырды. Кабинетінде обкомның қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі В.Бротт отыр екен. Сәкең бірден: «Ақтаудан үй алып беру қиын шаруа емес, жас жігітсің, әлі оған үлгересің. Аудан орталығында, елмен бірге болғаның өз беделің үшін, басшы тұрғысынан дұрыс болады»,– деді. Сәл езу тартып, жымиып: «Үйдегі келінге де түсіндірерсің»,– деп қосты.
Осы тұста ілгері озып айта кетейін, кейін 1985 жылдың желтоқсан айында өткен Маңғыстау облыстық партия ұйымының конференциясы шешімімен мен обкомның өндіріс мәселелері бойынша салалық хатшысы болып сайландым. Ол кезде Саламат Мұқашұлы Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметінде еді. Алматыға барған сапарымда сәлемдескелі кірдім. Маңғыстау өңірінің жай-күйі төңірегінде әңгімелесіп отырып, сөз арасында «Ақтауға келіп қоныстандық, бәрі ана жылғы сіздің айтқаныңыздай болды»,– деп өзіне белгілі 5-шағынаудандағы Алматыға көшкенге дейінгі тұрған үйінің мекенжайын айтып едім, сол әңгіме есіне түскен болар, бірден күліп жіберді...
Сәкеңнің тапсырмасымен аудан орталығындағы бірінші қолға алған шаруамыз поселкедегі жылу жүйесін жолға қою және абаттандыру шаралары еді. Аудандық атқару кеңесінің сол кездегі төрағасы, марқұм Б.Сиранов, кейін сол қызметке келген Қ.Ережепов, аупартком хатшылары В.Пяткин, Г.Тимофеенко, сонымен қатар А.Еділханов, Ж.Оразов, Ж.Кемелханов, М.Сабырбаев, Қ.Бержанов, Ж.Жәрімбетов, Қ.Уазиров, М.Шоқалақов, Р.Дүйсембаев және т.б. басшы азаматтар осы қызметтің бел ортасында жүрді.
Тез арада МАЭК-тан тартылған жылу құбырының поселкеге кіре беріс тұсына ыстық су айналысын үдететін сорғылау станциясын салдық, біраз ескірген жылу құбырларын ауыстырдық. Үйлердің жертөлесіндегі тозған реттегіштерді жаңарттық. Мектепке, аурухана мен балабақшаға жөндеу жұмыстары жүргізілді, поселке көшелері асфальтталды. Бұл қызметтерді жүргізуде Жаңаөзенде алған іс-тәжірибенің және сондағы азаматтардың да көмегі болды. Маңғышлақ поселкесі теміржолға қарайтын, бірақ сол тұста олардың басшыларына қарайлап уақыт өткізуге болмайтын еді. Өзендегі Қазақ газ өңдеу зауыты директорының жабдықтау мәселелері жөніндегі орынбасары С.Нұрағанов қажетті құбырмен, құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Қажет кезінде дәнекерлеушілер бригадасын жіберіп тұрды, не керек, біздің өтінішімізді аяқсыз қалдырған емес. Бюджеттен тыс жүзеге асырылған қыруар әлеуметтік іс-шаралар, әрине, тұрғындар үшін жасалып жатқаны белгілі, дегенмен қай істің де төлемі бар, азаматтарға сөз тигізбеу жағын да ойластырдық. Мысалы, Жол кұрылысы материалдары комбинаты (МКДСМ) төсеп жатқан асфальтын, қиыршық құм-тастарын, иә болмаса ҚазГӨЗ қаладан басқа жаққа жіберіп жатқан әртүрлі диаметрлі құбыр, құрал-жабдықтарды қайда жұмсалды деп көрсетеді?! Оны «Қаламқасмұнайгаз», МУРБ басшылары Д.Горюнов, Қ.Батыхов арқылы шешіп отырдық. Аудандық құқық қорғау органдарының басшылары да бұған түсіністікпен қарады...
Сол жылдардағы біздің басты қызметіміз Бозашы кен орындарында жүріп жатты. Обком үйлестіру штабын құрды. Оны тәжірибелі мұнай өндірісінің білгірі, обком хатшысы Н.Марабаев басқарды. Әр аптаның төртінші күні таңғы сағат 10.00-де Қаламқаста, кейде жол бойы Қаражанбаста салынып жатқан объектілерде болып, әрі қарай жиынды Қаламқаста өткізетінбіз. Бұл күрделі құрылыстарға одақтық министрліктердің бір-біріне бағынбайтын құрылыс-монтаж, өзіміздің құрылыс-монтаждау тресі мен басқармалар қатысты. Бұлардың бәрінің басын біріктіріп, берілген тапсырманы уақытылы орындату жауапкершілігін көтеру оңай емес. Тек сол тұстағы қолымыздағы «құрал» олардың аудандық партия ұйымында есепте болуы еді. Алға қойылған меже, партия съезінде нақтыланған болатын, яғни басты мақсат – 1985 жылдың аяғында Бозашыда мұнай өндіру көлемін 5,2 миллион тоннаға жеткізу.
Бозашыны игеру жұмыстарымен тікелей таныстыру, кейбір проблемаларды құрылыс басында талқылау жайының маңыздылығы ескеріліп, 1985 жылдың шілде айында облыс басшысы С.Мұқашев пен Қазақстан үкіметінің басшысы Н.Назарбаевтың шақыруымен үлкен жиын өтті. Оған КСРО Жоспарлау Комитетінің Төрағасы Н.К.Байбаков, Одақтық министрлер Н.Мальцев, Н.Диньков, В.Филоновский және т.б. қатысты. Қаражанбас басында және Қаламқаста өткізген жиынды да Н.К.Байбаков өзі қорытындылап отырды. Жасалып жатқан жұмыстар оң бағаланды, келелі мәселелердің тез шешілуіне қажетті нұсқаулар берілді. Саламат Мұқашұлы облысты басқарып тұрған кезінде Бозашыға бірнеше рет келіп, өндіріс басында жұмысшылармен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдап, Ақтауға келген соң, жұмысшылардың өтінішіне орай жабдықтау мекемелеріне тікелей тапсырма беріп тұрды.
Бозашы мұнайшыларының алдына қойылған партия мен үкімет тапсырмасы абыроймен орындалды, 1985 жылдың қорытындысында 5,6 миллион тонна мұнай өндіруге, яғни жоспардан тыс 400 мың тонна мұнай өндіруге қол жеткіздік.
Атырау, Маңғыстау облыстарының қазіргі кезеңге дейін еліміздің игілігіне кызмет етіп тұрған өндіріс орындарында осы облыстарды басқарған Саламат ағамыздың айрықша қолтаңбасы бар. Олар: ел ырзығын молайтып тұрған мұнай-газ кешендері, теңіз кенішінің ашылуы, магистральды мұнай құбырлары, Еділден және жергілікті су көздерінен тартылған су құбырлары, ұлутас карьерлерінің ашылуы, Ақтауда ТУ-134, ТУ-154 ұшақтарын қондыруға қаладан алыстау жерге жасалған алғашқы ұшу-қону алаңы мен аэропорт, ондаған әлеуметтік нысандар, олардың ішінде ҰОС құрбандарына орнатылған ескерткіш-мемориал т.с.с. іргелі жобалар. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады.
Сонымен бірге, бұған дейін де айтылып, жазылып жүргендей жергілікті кадрларды көтеру жөнінде батыл шешімдер қабылдады. Өзі істеген бес жылдың ішінде аудан, қалалардың бірінші басшылығына жергілікті кадрларды қойды, кейін облыс басшылығына да соларды өсірді. Бірсыпыра өндіріс орындарына да басшылық қызметке жергілікті мамандар келе бастады. Мұны ешкім жоққа шығара алмайтын шығар деп ойлаймын.
Сәкең зейнеткерлікке шыққаннан кейін де өткен өнегелі өмір жолын оймен шолып, кейінгі ұрпаққа үлгі тұтар бірнеше кітаптар, елге танымал болып өмірден озған азаматтардың есімін жаңғыртып естелік мақалалар жазды. Елге шығып, жастармен кездесу өткізіп тұрды. Тәуелсіз ел атанып, өркениетті даму жолына түскен жас мемлекетіміздің қоғамдық өмірімен тығыз байланыста болды.
Тағы оқыңыздар: Маңғыстауда спорттың 90 түрі бар (ФОТО)Мен 1987 жылдың желтоқсанында қызметім Мәскеуге, Орталық Комитеттің партиялық-ұйымдастыру және кадрлар бөлімінің Сібір, Қиыр-Шығыс секторына ауысқаннан кейін де телефон шалып, құттықтап, ақыл-кеңестерін бергені есімде.
1997 жылы, ол кезде мен АҚШ-тың Хьюстон қаласында (Техас штаты) қызметте болатынмын, Алматыға арнайы келіп, Саламат ағаны 70 жылдық мерейтойымен құттықтаған едім, бұл бір есте қалатын ғибратты кездесу болды. Ол өз сөзінде Атырау өңірінің шежіресін жазуға кірісетінін және т.б. шығармашылық жоспарларымен бөлісті. «Жасың ұлғайған кезде өмірден көрген-білген тәжірибеңді кейінгі толқын жастарға жеткізгің келеді екен, менің кейінге қалдырар ең қымбатты мұрам, өскелең ұрпаққа қалдыратын өсиетім – осы» деген еді.
Мәңгілік есте қалдыру мақсатында ардақты аға есімі өзі білім алған Атырау политехникалық колледжіне, сол қаладағы көшеге және Ақтаудағы орта мектепке берілген. Ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен, өзінің ұлағатты өмір жолында халық сеніміне ие болған Саламат аға есімі еш уақытта ұмытылмайды.
Зейнолла АЛШЫМБАЕВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің 3-ші және 4-ші сайланымдарының депутаты,
Маңғыстау облысының құрметті азаматы