Маңғыстау өңірінде киелі орындар мен тарихи жерлер көп. Мемлекет басшысының рухани жаңғыру жөніндегі бастамасына сай тарихи ескерткіштердің, киелі орындардың мән-маңызы зерттеліп жатыр. Дегенмен, әлі күнге дейін қасиетті орындарға зиярат етудің арнайы тәртібі бекітілмей келеді. Бекет Ата, Шопан Ата секілді аты мәшһүр әулиелерге кірер алдында тәртіп-талап жазылғанымен, кейбір зиярат етушілер ескерер емес. Олардың көпшілігі туристер болғанымен, жергілікті тұрғындардың ішінде де назар аудармайтындар бар. Сонымен, ортақ ереже бекіту туралы белгілі өлкетанушы Бекболат Төлегенұлының пікірі мен журналист Жәнібек Қожықтың облыс әкіміне жазған үндеуін жариялауды жөн көрдік.
"Киелі орындарды орынсыз жарнамалауға қарсымын"
Бекболат Төлегенұлы, геолог, өлкетанушы:Маңғыстаудағы киелі жерлердің табиғаты сұлу, энергетикасы әдемі болады, барған адам күш жинап, демалып қайтады. Бірақ киелі жерлерді орынсыз жарнамалай беруге қарсымын. Қанша дегенмен, бұл жерлерде дүниеден өткен қасиетімен танылған белгілі тұлғалар жерленген. Әулие жерлерге рухани азық жинау үшін емес, жай суретке түсіп, жын-ойнақ үшін келетіндердің іс-әрекеті этикетке жатпайды. Тек «Шақпақ атаға» қатысты емес, зиярат ету, ғибадат ету орындарына келген азаматтарге арнайы тәртіп керек. Туристерді тарту осы екен деп, ашық-шашық, дәретсіз келіп, жөнсіз суретке түсіру беру дұрыс емес. Бұл - жерленген кісілерге деген құрметсіздік. Шетелдік азаматтар түгілі, өз қазағымыз қарапайым дәрет алудың үлгісін біле бермейді. Мешітте садақа берудің, ғибадат етудің өзіндік тәртібі, ережесі бар.
Әулиелер жын-ойнақ жасайтын ордаға айналып барады
Жәнібек Қожық, журналист:Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановтың назарына!
Әулиелік жерлерге зиярат етудің ортақ ережесін бекіту қажет.
Заманымыздың ғұлама жазушысы Әбіш Кекілбаев ағамыз «Маңғыстау - аспан астындағы ашық мұражай» деп бекер айтпаса керек. Еліміздегі мемлекеттің қорғалуындағы 26 мыңнан аса тарихи-мәдени ескеркіштің тең жартысы киелі Маңғыстау жерінде орналасқан. Ол ескеркіштердің көпшілігі Бекет ата, Шопан ата, Шақпақ ата, Қараман ата, Сисем ата, Есен ата сияқты әулиелік жерлер екені белгілі. Соңғы жылдары бұл орындарға шетелдік туристер көптеп келуде. Әрине, туристік сала еліміздің экономикасын көтеріп, тарихи жерлерімізді әлемге танытуға қосар үлесі көп екені белгілі. Бірақ табыс тауып жүрген туристтік фирмаларың өкілдері де жергілікті халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, діни көзқарасын жақсы білмейді. Соның салдарынан жергілікті халықтың ашу-ызасына тиетін әрекеттер орын алуда. Жақында Ақтау қаласында тұратын сыйлас інім, телефон соқты. «Жәке, мен Құрбан айттан бұрын Шақпақ ата басына зиярат етуге барған болатынмын. Барсам, Шақпақ ата жерасты мешітінің ішіндегі намаз оқитын бөлмесінде 4-5 шетелдік азамат сыра ішіп, чипси жеп отыр екен. Қуып шықтым. Әлгі туристерді бастап апарып жүрген орыс келіншек», - деді. Бұдан асқан әруақты қорлаудың жолы жоқ шығар?! Біз бұған шара қолданбасақ бізді жеріміздің киесі, аталарымыздың аруағы ататын болады. Соңғы кездері әулиелеріміздің басы, еріккен туристердің жын-ойнақ жасайтын ордасына айналып барады. Шырақшылардың көбі бұрын көтеріліп ауырғандар мен түрмеден шыққан белгісіз біреулер. Олардың салт-дәстүрден де, діннін де, тарихтан да еш хабары жоқ жандар. Солардың көпшілігі өздері шырақшы болып отырған қауымның тарихын білмек түгілі қазақша да жарытып сөйлей алмайды. Шұғыл түрде! Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылу керек. Комиссияны облыс әкімінің орынбасары басқарса, комиссия құрамына, әулиелік орындардың шырақшылары, туристік фирмалардың басшылары, ақсақалдар, мешіт имамдар, ел азаматтары, әулиелік жерлерге адам апарып жүрген таксистер кіруі керек. Бір ортақ пәтуаға келіп, «Әулиелік жерлерге зиярат етудің ортақ ережесі» қабылдауымыз қажет! Жердің киесі, елдің иесі барын ұмытпайық, ағайын!
Тағы оқыңыздар: Шақпақ ата мешітінің тылсым сыры (ФОТО)