©
Бүгін Абай атындағы мәдени демалыс кешенінде Қазақстан мұнай жəне газ кешені қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған Маңғыстау облысының әкімі, мемлекеттік орган мен кәсіпорын басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, өңірдің құрметті азаматтары, ардагер-мұнайшылар, облыс тұрғындары қатысты.
Салтанатты шарада өңір басшысы Ералы Тоғжанов маңызды мерекемен облыс тұрғындарын құттықтап, еліміздің мұнай-газ саласына елеулі үлес қосқаны үшін бірқатар азаматтарды облыс әкімдігінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапаттады.
-Маңғыстау – кең байтақ өлке, оның қойнауы табиғи байлыққа толы. Соның бастысы – мұнай мен газ. Осыдан 56 жыл бұрын алғаш атқылаған қара алтын өлкеміздің дамуына себепші болды. 1961 жыл аймақ үшін ақ түйенің қарны жарылып, атағы әлемге жайылған жыл ретінде есте қалды. Сол кезден Маңғыстау өңірінде мұнай мен газ өндіру тарихы басталып кетті. Бұл күндері облыс аумағында 70-тен астам мұнай және газ кен орындары ашылып, халық қазынасын молайтуға толықтай мүмкіндік жасалды. Елбасы жарлығымен 2009 жылдың 24 қарашасында мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні мерекесі бекітілді. Барша мұнайшыларды, ардагерлерді бүгінгі төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Аман-саулықта кездесуді жазсын, - деді өз құттықтауында облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің Бірінші вице-министрі Маxамбет Досмұхамбетов мұнайшыларды кәсіби «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» ҚР Энергетика министірлігінің медалімен және Алғыс хатымен марапаттады.
Бүгінде Қазақстанның мұнай-газ кешені қарқынды дамып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің іргетасына, қозғаушы күшіне айналды. Қазіргі таңда Маңғыстауда Қазақстан мұнайының 25 пайызы өндіріліп отыр. Бұл 18 миллионнан астам мұнай және 3 млрд. текше метр табиғи газ.
Салтанатты шараға Астанадан арнайы «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев келіп, қара алтын иегерушілерді құттықтау тілегін арнады.
-Бүгінгі таңда Қазақстан мұнай державасына айналғаны баршаға мәлім. Оған Маңғыстау өңірінің, маңғыстаулықтардың қосқан үлесі ерекше. Себебі республикамызда өндіріліп жатқан мұнайдың ¼ осы өңірге тиесілі. Ол шамамен, 20 милллион тоннаны құрайды. Мұнайды өндіру жұмысы өз алдына, оны өңдеу, тасымалдау да қыруар еңбекті талап етеді. Мұның барлығы, мына сіздердің, ардагер аға-апаларымыздың еңбектері. Бүгінгі мерекемен сіздерді құттықтай отырып, барлықтарыңызға зор денсаулық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, жемісін көріңіздер, - деді Сауат Мыңбаев.
Еліміздің мұнай-газ саласына елеулі үлес қосқаны үшін бірқатар азаматтар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Салтанатты жиын соңы мерекелік кешпен жалғасты.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="34131,34132,34133,34134,34135,34136,34137,34138,34139,34140,34141,34142,34143,34144,34145,34146,34147"]