«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалы 19-21 тамыз аралығында Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Жастар-Отанға!» атты жұмысшы жастардың лагерьін ұйымдастырды. Басты мақсат - өндіріс орындарында қызмет ететін жастарға барынша қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалар мен жастарға арналған жобаларды түсіндіру, патриоттық тәрбиені дамыту. Лагерьде жұмысшы жастар қоғам қайраткерлері, басқарма басшыларымен кездесіп, спорттық, психологиялық іс-шаралар мен тренигтерге қатысты. «Балдәурен» базасында өткен жұмысшы жастардың лагерінде облыс аумағындағы өндірістік мекемелер мен әр түрлі компаниялардың жас мамандары, жастар ұйымдарының өкілдері, жастар орталықтары мен жасотандықтардың белсенді құрамы қатысты. Алғашқы күні жастар облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Сүлейменұлымен, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Манарбекұлымен және журналист Асхат Садырбаймен кездесіп, еркін пікір алмасты.
Тағы оқыңыздар: Жедел жәрдем бір сағатта жетсе, таң қалмаңыз
-Шара арқылы біз Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауында: «Мен сіздерге -жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер» деген үндеуін және биылғы «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ұлттық кодты қалыптастыру мәселесін жастарға жеткіземіз. Одан басқа облыс көлемінде жастар саясатын одан әрі дамыту, өндіріс жастарына барынша қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалар мен патриоттық бағыттағы іс-шаралармен ақпараттандырамыз. Жұмысшы жастарды қоғамдық өмірге тартып, қызығушылықтарын арттырғымыз келеді,-дейді «Жас Отан» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Әсет Нұров.Лагерь бағдарламасының аясында жастарға кәсіби қасиеттерін дамытуға және жобалық қызметті үйренуге бағытталған тренингтер өтті. Тренинг барысында жастар еңбек өнімділігін арттыру, дұрыс мақсат қоя білу, жоспар құрып, оны сәтті жүзеге асырудың қыр-сырын үйреніп, пайдалы кеңестер алды. Одан бөлек жастар бос уақыттарында футбол, волейболдан өткен спорттық жарыстарға белсене қатысты.
Венера МИРЛАН