Ісенбай жастайынан арманшыл болып өсті. Алғаш рет мектепке барғанда өзіне сабақ беріп тұрған ұстазының жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне, әсіресе оның қыры сынбайтын шалбарына, үнемі жылтырап тұратын қара туфлиіне қатты қызығатын. Ауылдың бұрқылдаған ақ топырақты жолында аяқ киіміне қалай шаң жұқтырмай жүретініне қайран қалатын. Өзі сол мұғаліміне еліктейтінін әуелгі кезде өзі де аңғармады. Сабақтан шыққасын түстен кейін ауыл сыртына шығарып, апа-жездесінің ұсақ жандықтарын бағады. Сонда өзінше мүйізі айналған ақ қошқарды сынып басшысы етіп сайлайды, үнемі егіз туып, желіні жер сызып жүретін, қос мүйізі батырлардың қылышындай қара ешкіні тазалық етіп бекітетін. Сосын жалпы қой-ешкілерді екі звеноға бөліп, өзара жарыстырады. Алдындағы қой-ешкілерінің бәрінің аты бар. Бір қызығы бәрі де өз ауылының адамдарымен аттас. Себебі, қайсы қойдың әлде ешкінің мінезі қайсы ауылдасына сәйкес келсе, сол ауылдасымен аттас болып шыға келеді. Әсіресе, ешкілердің көпшілігі ауыл әйелдерімен аттас. Ал кейбір текелер нағашыларымен есімдес. Бойшаң қызыл жыңғылдарға үстіндегі көйлегін шешіп, керіп іліп, өзінше тақта жасайды. Сол «тақтаның» алдында әрі-бері адымдап жүріп, ойланып сөйлеп, мұғалімінің әс-әрекеттерін айна қатесіз қайталайды. Мұғаліміне еліктеп, сабақта түсіндірген сөздерін қойларға түгел айтып береді. Өйткені, мұғалімнің сөзі мұның миындағы таспаға толық жазылып қалғандай қайталайды. Ертеңіне мектепке барғасын қой бағып жүріп пысықтаған әлгі сөздерді дәл сол күйінше тақтаға шығып айтып береді. Сөйтіп Ісенбайдың күнделігіне кезектегі «5»-тік баға тағы түседі. Ісенбайдың тағы бір әдеті қой бағып жүргенде тұсынан атты кісілер өтсе қашан ұзап кеткенше аузын ашып, аңырып қарайды да тұрады. Әсіресе, түрікпеннің ахалтекесіне қатты қызығады. Бәйге аттарын көрсе айналшықтап қасынан шықпайды. Анау оюланған жабу, күмістелген ертұрманды, қос құлағын қайшылап, оқыранып, тыпыршып, бір орында тұра алмай тұрған сұп-сұлу арғымақты, әлде судай ағатын сүліктей жорға көрсе әбден есі кетеді. Қасына жақындап маңдайынан, жалынан сипағанның өзі жас бала үшін үлкен мәртебе сияқты. Негізінде Ісенбай Қалдаманов «Қазақ Ждан» деген жердегі мектепке 1 сыныпқа оқуға барып, тұңғыш рет партаға отырады. Осы мектепте 8 сыныпты бітіргенше Қаңбақбай деген жездесінің үйінде жатып оқиды. Себебі, өзінің ауылындағы мектеп үйінен әлдеқайда қашық болды. Қашықтығы да түк емес, ең бастысы қазақ тілінде оқытатын сынып болмады. Бұл түрікпенше оқығысы келмеді. Сондықтан 1975 жылы «Қазақ Ждандағы» №36 қазақ орта мектебіне 1 сыныпқа оқуға барып, балашақтан болашақтың баспалдағын тұңғыш рет қазақша аттауға тура келді. Өйткені, ол ауыл «Қазақ Ждан» деген атағына сәйкес бірыңғай қазақтар тұратын ұжымшар болатын. Әрине, Ждан деген қазақ емес, тек тұрғындары қазақтар. Ал Ждан деген баяғы қазақтың Тайыр Жароков деген ақын кісісі:
«...Қамқа қызыл жалаудың Қарайғаны жиегі – Қаза болып аяулым, Қайғы алған жүйені. Сүйікті ұлы елімнің Қайтыс болды Жданов. Қамықты менің көңілім Өлімнен өмірін қызғанып. Мезгілінен ертерек Ажал неге сұқтанды? Ажалдан ісі ірірек Жүрегі біреқ тоқталды. Жанары жасып жансыз көз – Жұрт ойы бұлт боп томарды. Қайғыға қауырт болып кез Жыр қанатын май шалды...» -
деп 1949 жылы өкіре жылап, өкіне жоқтаған, қазаққа қырғидай тиген, ВКП(б) Орталық Комитетінің хатшысы, кәдімгі Андрей Жданов ғой. Әрине, біз Тайыр ақынды кінәлап отырған түгіміз жоқ. Себебі, ол кез қызыл империяның қылышының қылпылдап, жеке басқа табынушылықтың қара қазанының бұрқылдап тұрған нағыз сталиндік кезең еді. Сол үшін «Заманың қасқыр болса, тазы болып шал» дегендей жақсы атты көрінгің келсе жағымпаздықтың алуан түрлерін бойыңа мықтап сіңіріп алатын заман болатын. Жаза басып жалалы болғанша, жағымпазданып тірі жүргенің артық. Сондықтан Жароков та жарға жығылмаудың айласын жасап, Ждановты өкіре жылап, өкіне жоқтағаны сол болатын. Әйтпесе, бауыры езіліп бар жатқан түгі жоқ шығар. Сол замандардағы осындай жағымсыз қылықтардың сарқыты әлі күнге дейін кездесетінін жұрттың бәрі көріп те, біліп те жүр. Оны жасырудың қажеті жоқ. Әйтеуір «Есектің артын жуып, мал табатындар» қай заманда да кездеседі. Сондағы айтайын дегеніміз, мынау «Қазақ Ждан» деген Түрікменстанның Ташауыз облысы Көнеүргеніш ауданындағы Жданов атындағы ұжымшар. Осы ұжымшар аймағында Қосаяқ Бегейден шыққан әрі әруақты сынықшы Қыдырша Жылқыбайұлының ұлы, атақты әулие, елге есімі жайылған Аяған атаның атымен аталатын белгілі қорым бар. Ал 9-10 сыныпты сол ауданның Ашыр Қақабаев атындағы ұжымшардағы «Қызыл байдақ» («Қызыл ту» .-М.Ұ) ауылындағы №22 мектепте оқып, 1985 жылы орта білім алып шығады. 1986-1988 жылдары әскерде болып, әуе қарулы күштері қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы борышын өтейді. Аман-есен ауылға оралғасын Нөкістегі Қарақалпақ мемлекеттік университетінің тарих және құқықтану факультетіне оқуға түсіп, 1995 жылы бітіріп шығады. Ол еңбектен қол үзбей сырттай бөлімде оқығандықтан алғашқы еңбек жолын 1992 жылы Ташауыз облысының Октябрск ауданындағы «Айбүйір» ұжымшары аймағындағы №90 орта мектепте ұстаздық етумен бастады. Жоғары оқу орнын бітіргесін мектеп директорының оқу істері жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Көп ұзамай аудандық халыққа білім беру бөлімінің басшылары Ісенбайды аталмыш мектепке директор болуға ұсыныс жасайды. Бірақ Ісенбай олардың сенім білдіріп, ұсыныс жасағандары үшін алғыс айтып, лауазымды жұмыстан бас тартады. Өйткені, оның көңіл түкпіріндегі «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген ұстаным «жоғары білімді маман» деген диплом қолына тигесін қайта бас көтерген секілді. Түрікменстанда жүріп оқушыларға қазақша дәріс беріп жүрсе де, өзге елдің, басқа ұлттың арын арлап, намысын қорғап, сойылын соғып жүргендей сезілетін. Сол сезім асқақ арманға айналды. Арман нақты мақсатқа жетеледі. Себебі, баяғы қуғын-сүргінге ұшырап, туған жердің топырағын тәрк етіп, ерікіз Бесқалаға ауған ата-әжесінің, әке-шешесінің және олардың тума-туысқандарының Отан алдындағы өтелмей қалған парыздарын өтеу, мұның мойнындағы перзенттік қарыз сияқты болып көрінеді де тұрады. Оның үстіне соңғы кездері «Ер – туған жерінде, ит – тойған жерінде» деген аталы сөз жадында жаңғырығып тұрып алатын болды. Сондықтан ұсынылған лауазымды қызметтен ерікті түрде бас тартып, жүректің әмірімен, сол 1995 жылдың желтоқсанында, жақындасып қалған жаңа жылды да күтпестен, тәуекелге бел байлап, Атакүлдік Отанға, оның ішіндегі киелі мекен Маңғыстауға тартып кетеді.
*** *** ***
Ісенбай Жаңаөзенге келгесін өзінің бұрынғы сүйікті кәсібін жалғастырады. Қаладағы №6 орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. 1996 жылы ата-ана, тума-туыс, яғни бүкіл отбасын Түрікменстаннан Атамекенге толықтай көшіріп алады. Шаржау мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі, зайыбы Зылиха Мақсұтқызы №5 мектеп-гимназияға ағылшын тілі пәнінен мұғалім болады. Ісенбай жаңа қоныс – Жаңаөзенге келуден өз кәсібінің нағыз маманы екендігін жан-жақты көрсете бастайды. Қоғамдық жұмыстарда да ұйымшылдықтың ұйытқысы болатын қабілетін де танытты. Оның осындай қасиеттері мен қарым қабілеттерін тиімді де, нәтижелі пайдалануды көздеген қалалық білім бөлімінің басшылығы 1997 жылы сол №6 орта мектеп директорының орынбасары етіп бекітеді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп кемеңгер Абай айтқандай «Кем-кемнен кемелденіп» жылдан-жылға тәжірибесі артып, сүйікті кәсібінің шебері болып қалыптаса түседі. Бас аяғы 5-6 жылдың ішінде алғашында өзі бірқатар тәлімгерлдердің іс-тәжірибесін үйреніп, әдістерін қолдануды машық етсе, енді өзі де тәлімгерлер сапына қосылып, ізіне ерген жас әріптес шәкірттеріне көрген білгенін, өмірден көңілге түйгенін үйрете бастады. Осындай еңбектері бағаланған Ісенбайға 2000 жылы «Жыл мұғалімі» деген атақ берілді. Бұл оны тағы алға ұмтылдырып, жаңа белестерді бағындыруға талпындырды. Сөйтіп 2000-2006 жылдар аралығында Жаңаөзендегі №3 кәсіптік техникалық мектепке, яғни қазіргі Жаңа технологиялар колледжіне директор болып, жетекшілік жасады. 2008 жылдары Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы атындағы мұнай және газ колледжінде де студенттерге сабақ берді. Оның мектептерде де, колледждерде де ұстаздық етіп, сабақ беруі өзінің кәсіптік білімін арттырып, тәжірибесін шыңдап, тәлімгерлік әдіс-тәсілдерін де нығайта түсті. Яғни, алдындағы шәкірттерін тәрбиелей жүріп, өзі де тәрбиелене берді. Осынау жылдар ішінде «Қырық жыл мұғалім болсаң да, қырық бес минуттық сабаққа мұқият әзірлен» деген ұстанымды қағидадай қалыптастырған ол оқу процестеріне жаңашылдықтар енгізіп, заман талабынан қалмауға тырысып бақты. Ерінбеді, еңбектенді, ізденді. Соның нәтижесінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Өмір – теп-тегіс тақтайдай тақыр жол емес. Оның бұралаңы да, кедір-бұдыр жерлері де жеткілікті болады. Сол кедір-бұдырдан сүрінбей, бұралаңнан жығылмай өту азаматтың азаматының ғана қолынан келеді. Әрине, мұндай жағдайлар Ісенбайдың да басында болмай қалмады. Бәсекелестермен белдесті, күншілдермен күресті. Дегенмен ол, күншілдік - өзгенің мықтылығы мен өзіңнің әлсіздігіңді түсуден туған құбылыс екендігін айқын аңғарды. Сондықтан өзін күндеп жүргендердің әлсіз екендіктерін анық байқап, жеңіп шығатынына күмән келтірмеді. Сонда да Нұртас Оңдасынов деген ақсақалдың «Өсіп-өркендеуімізге қатты тұсау болып жүрген дерттің бірі, ол – күншілдік дер едім. Содан барып арсыздық, алауызыдық, аяқтан шалу деген бәле туады» деген сөзі үнемі есінен шықпайды. Осындай дарын, қарым-қабілетінің арқасында ол 2008 жылы “Жанарыс» ЖШС директоры, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Жаңбырбай Дәрменовпен екеуі біріге отырып «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжін ашты. Ондағы мақсат – біріншіден, ауыл мен қала жастарын бүгінгі кезге қажетті мамандықтарды иелеп, өзіне, отбасына, ауыл, қала тұрғындарына қызмет етіп, пайда келтіру. Екіншіден, халықты жұмыспен қамтуға азда болса өз үлесін қосып, қаладағы өзі сияқты әріптестерімен бірқатар техникалық қызметкерлерге жұмыс тауып береді. Үшіншіден, қазақта «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген аталы сөз бар. Сол айтылғандай, жалпы барлық ата-аналардың мектеп бітірген ұл-қыздарын алыс шетелдер мен Астана, Алматы сияқты жоғарғы қалаларға апарып оқытуға мүмкіндіктері бола бермейді. Яғни, жұрттың бәрінің қалталары көтере бермейтіні табиғи құбылыс. Сондықтан орта шаруа дегендей, орта деңгейдегі қатардағы қарапайым ауыл-қала тұрғындарына осындай қаладағы колледждер тиімді. Себебі, студент болған балалары оқу кезінде жатақхана мен жалдамалы пәтер іздеп әуреге түспейді. Үйлерінен кіріп шығады. Ұшаққа, пойызға билет іздеп сабылмайды. Тек ғана қала ішіндегі маршруттағы көліктерден кеш қалып қоймаса болғаны. Міне, осының бәрі ата-анасының тырнақтап жиған отбасылық бюджетінің әлсіремеуіне алып келеді. Сондықтан қаладағы Медициналық, Политехникалық, Жаңа технологиялар, сондай-ақ Мұнай және газ колледждері оқу орындарының қатарын өзіндік үлеспен «Каспий» колледжі де толықтырып, тұрғындарға өз пайдасын тигізіп тұр. Осындай аталмыш оқу ордасында қазіргі таңда 65 қызметкер жұмыс істейді. Соның 45-і тікелей тәлім-тәрбиемен айналысатын педагогтар. Колледжде 1000-нан астам студент оқып, білім алуда. Негізгі бағыты – педагогика. Педагогика болғанда да бастауыш сыныптың оқытушысы, бастауыш сыныптың ағылшын тілінің мұғалімі, бастауыш сыныптың өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі, бастауыш сыныптың оқушыларына компьютер пәнінен сабақ беретін және дене шынықтыру пәнінің маман мұғалімдерін дайындайды. Соған қосымша қонақ үй, туризм саласы бойынша да мамандар дайындайды. Сондай-ақ, колледж жанынан 2010 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында балабақша ашылып, жұмыс істеп тұр. Ол жердегі үш топта 75 бала тәрбиеленуде. Осы балабақша жұмысы бойынша 19 қызметкер жұмыспен қамтылып отыр. - 2017 жаңа оқу жылынан бастап «Каспий» зияткерлік мектеп-бақша мекемесін ашып, іске қостық, - дейді бізбен болған әңгімесінде Ісенбай Әбиұлы. – Яғни, бұл жерде біздер балаларды 1 сыныптан 4 сыныпқа дейінгі аралықта оқытып тәрбиелеуге тиісті құқыққа ие болып отырмыз. Лицензия алынды. Ғимаратымыз күрделі жөндеуден өткізілді. Қазіргі таңда 200 балаға дейін оқытуға мүмкіндігіміз бар. Әйтсе де, бастапқы кезеңде 150-200-ден артық бала қабылдамауды жоспарлап отырмыз. Мұнда біз балаларды таңертең қабылдап аламыз, кешкі сағат 5-ке дейін бізбен бірге болады. Түске дейін мемлекеттік стандарт негізінде оқытамыз. Ағылшын, орыс тілдері мен математика сияқты күрделі пәндерді тереңдетіп оқытатын боламыз. Яғни, біздің оқушылар үш тұғырлы тіл бойынша білім алып шығады. Түсте және бесінде тамақ береміз. Мектеп-бақша болғандықтан арнайы бөлмелеріміізде белгіленген кесте бойынша ұйықтап дем алады. Алғашқы жылы 80-100 бала қабылдап, бағымызды сынап көрмекшіміз. Бастапқыда 10-15 мұғалім тәлім-тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Соның үш-төртеуі негізгі пәндерден сабақ береді. Қала, облыс деңгейіндегі жетістіктерге ие, жоғары білімді, жоғары санатты, тәжірибесі мол, үздік мұғалімдерден жасақтадық. Ақтаудан және басқа жақтардан келіп жұмыс істеуге ықыласты ұстаздар болатын болса мектеп-балабақша жанынан екі отбасыға мөлшерленген пәтер дайындадық. Биылша 80-100 бала төңірегінде қабылдаймыз. Келесі жылдан бастап қабылдайтын бала санын 25-30-дан арттырмаймыз. Сосын 5-6 сыныпқа дейін оқытатын боламыз. Кем-кемнен келешекте орта мектепке айналдыру ойымызда бар. Бірақ ол уақыттың еншісінде. Оқудың ақысы да айтарлықтай қымбат емес. Кез-келген ата-анаға қолжетімді деп ойлаймын. Айына төленетін 50-55 мың теңгеге күніге үш мезгіл тамақ, пәндерді қосымша оқу, демалулары кіреді. Сондықтан айына төленетін 50-55 мың теңге оқуақысын қымбат емес деп есептеймін. Жалпы біздің мақсатымыз республикалық, облыстық, қала деңгейіндегі дарынды мектептерге, мектеп-гимназиялар мен лицей мектептеріне, қазақ-түрік мектептері мен Назарбаев зияткерлік мектептеріне жан-жақты дарынды шәкірттер дайындап беру. Әйтпесе, бізде оқыған шәкірттердің бізден кейін оқуын жалпы білім беретін орта мектептерде жалғастырамын десе де өзі шешеді, ата-аналарының қалауы біледі. Қазіргі кезде «Қырық жылқылы Қырықмылтық» атанған Ісенбай Қалдамановтың жылқыға, атбегілікке қызығушылығының күшті екендігін әңгімеміздің басында аздап айтып өткен болатынбыз. Себебі, қазақта «Ат – ердің қанаты» деген қанатты сөз бар. Сол айтылғандай мен 2017 жылдың 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған репортажымда «...Қазақта «Ат – ердің қанаты» деген даналық сөз бар. Сол ерлердің біздің қазақтың ішінен өте көп шыққаны ақиқат. Өйткені, осыншама ұланғайыр жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған ертедегі батыр ата-бабаларымыздың негізгі күш көлігі, яғни ең басты әскери техникасы – осы тұлпарлар болған. Жесең ет, ішсең шипалы қымыз, мінсең көлік болғандықтан жылқыны қазақ ұлттық мақтанышымыз деп қастерлеген. Киелі қанатымыз деп аялаған. Дұрысында да солай. Дегенмен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары осы жылқыға деген қазақы көзқарастың әлсірей бастағаны белгілі. Себебі, желден жүйрік шетелдік автокөліктер көбейіп, жылқыға қажеттілік төмендеп, басынан бағы тая бастады. Әйтсе де, ел арасындағы ұлттық ар-намысы биік, жылқыға жаны құмар ағаларымыз бен заманы қатар азаматтарымыз ата-баба салтын аяқасты етпеу үшін намысқа тырысып бақты. Мемлекеттік нақты қолдау .болмағандықтан жекенің қолындағы жылқылардың жағдайы жақсармады. Сонда дағы небір жүйрік сәйгүліктерді бейбіт мақсаттарға пайдаланып, бұқаралық ұлттық спорт ойындарының беделін арттырып, мерейін өсіріп, мәртебесін көтеру жолында киелі мекенде соңғы он жылдың көлемінде көптеген игілікті істер атқарылып, өз нәтижесін бере бастады. Көптеген шабандоз жігіттер өсіп жетілісіп, ұлттық ат спортының түрін көбейтуде. Мысалы, бұрын бәйгемен ғана шектеліп келген маңғыстаулық шабандоздар ат құлағында ойнап, көкпар тарту, қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, ат үстінде отырып жамбы ату, садақ тарту сияқты ұлттық ойындарды меңгере бастады. Бірқатар ойын түрлерінен республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрсе, енді бірқатарынан әлі тәжірибе жинап үлгере алмай жатыр. Жалпы ат ойындарына қызығушылардың қатары қазіргі жастар арасынан қаулап өсіп, жетілісіп келе жатқанына қуанасың» деп жазыппын. Қазір де осы пікірімнен айнығаным жоқ. Біздің осы әңгімемізге арқау болып отырған Ісенбай ініміз ортанқол оқу орнының директоры, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, педагогика ғылымдарының PҺD докторы бола тұра осындай мерекелік шаралардың бел ортасында жүреді. Кейде баласымен бірге ат сейістеп жүрсе, тағы бірде қолына микрофон алып, ат бәйгесінің жүргізушісі болып тұрады. Әйтеуір, ат десе ішкен асын жерге қояды. Өзінің жекеменшігіндегі аттарының бас саны биыл 40-қа жетті. Үлкен ұлы Парахат та әке хоббиынан алыстап кетпей, атбегілікпен шұғылданады.Өзі Жаңаөзен қаласындағы ұлттық ат спорты федерациясының жаттықтырушысы ретінде осы саланы одан әрі дамытуға үлес қосып жүр. - Жалпы мен жылқымен кәсіби тұрғыда 2005 жылдан бері айналысып келемін, - деп Ісенбай Әбиұлы өткен күндерін еске ала сөйледі. – Бастапқы кезде «Шепшек» деген жиреніміз болды. Әрине, ол атпен жүлде алдық деп айта алмаймын. Үлкен балам Парахат 9-дан 10 сыныпқа өткен жылы Ресейге барып ағылшын тұқымдас екі бас жылқы сатып әкелді. Бұларды ат бәйгесіне қостық. Жүлделі орындарға ие болып жүрді. Содан біздің жылқыға деген ынта-ықыласымыз артып, қызығушылығымыз күшейе түсті. Содан жылқыларды дамыту жолына кірістік. Ағылшын тұқымдас жылқыларды сойып, ет қылып көрмедік. Әбден қартайған шағында, ажалы жетсе кәдімгідей аққа орап, арулап жерлеймін. Бұл менің жылқыға деген ерекше құрметім болар. Сондай-ақ, ағылшын айғырларымен жергілікті қазақы жылқыларды шағылыстырған тәжірибем де өзінің жақсы нәтижесін беріп жатыр. Қазақы мама биелерден жүйрік құлындар туылуда. Оларды бәйгеге қоссақ алдыңғы үштіктің сапынан көрініп, беделімізді биіктетіп, мерейімізді арттыра түсуде. Шешенстанда осындай ат бәйгесімен шұғылданатын шешен жігіт болды. Сол жігіт бір жылы Маңғыстауда болған бәйгеге қатысты. Бәйге біткесін әлгі жүйрігін қалдырып кетті. Сол атты мен алып қалғанмын. Аттың төлқұжаттағы бұрынғы аты «Аристон» еді. Бірақ мен оны алғасын тұңғыш немеремнің құрметіне Марғұлан торы деп қазақшаға өзгертіп алдым. Марғұлан торы 2016 жылы екі бәйгеде өзінің жүйріктігінің арқасында екі рет бас бәйгенің жүлдесін жеңіп алып, отбасымызға екі автокөлік сыйлады. Осы үстіміздегі 2017 жылы 9 мамырда, Жеңістің 72 жылдығына орай Құланды ипподромында өткен бәйгеде де бас жүлдеге қол жеткізіп, 1 миллион теңгені қалтамызға салды. Бұлар соңғы кездері бүркітшілікке де бет бұра бастаған секілді. Бұл жолда да бір-екі рет сынап көрген бақтары нәтижесіз болмаған сияқты. Мысалы, 2011 жылы Алматы облысындағы Үш қоңыр ауылында ҚР Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ұлттық спорт бойынша ауқымды кубок өткізілді. Сол сайыстың ішінде құсбегіліктен де бәсеке болды. Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Қазақстан сияқты төрт мемлекеттен 87 бүркітші келді. Соған Парахат Қалдаманов та қатысып қайтты. Парахат әуелі Алматыға барып, сол жерде бір ай бойы Жүгініс деген тәжірибелі құсбегі азаматтан құсбегіліктің курсынан өтіп, қыры мен сырын, айла мен амалын, әдісі мен тәсілдерін үйренген болатын. Осы дүбірлі дода да Парахат бүркітімен үшінші орынды иелеген. Оның алдында Өскеменде болған фестивальде төртінші орынға табан тіреп Маңғыстаудың абыройын қорғаған болатын. Сондағы айтайын дегеніміз, Маңғыстауда құсбегілік кенжелеу қалса да, Ісенбайдың айтуына қарағанда осы өңірдегі әрқайсысы әржерде жүрген бірен-саран құсбегілердің басын біріктіріп, құсбегілер федерациясын ұйымдастыру ойларында бар екендігін де жасырмады. Әрине, «Көз – қорқақ, қол –батыр». Арда туған азаматтар ауызбіріктіріп, тәуекелге бел байласа, алынбайтын қамал, бағынбайтын асу болмайды.
*** *** ***
«Жеті атасын білмеген жетесіз» деген қазақтың жетелі сөзін жастайынан жаттап өскен Ісенбай өз балалары шыбыққа ілінуден оларға да жеті атасын үйретіп бағады. Себебі, өзі жетеу емес он бес атаға дейін көзді жұмып отырып судыратады. Жәй ғана судыратып қоймай, әрбір атасына сипаттама беріп сөйлеп, тыңдаушының миына құйып, санасына сіңіруге тырысады. Өзі кілең әруақты батыр, би, шешен, көсемдердің ұрпағы екендігін мақтаныш етеді. Иә, бұл қалай болып еді? Иә, иә, наурыздағы көрісуден басталған екен ғой. 2005 жылы наурызда тұңғыш рет ақтаулық ағайындар «Маңғышлақ» бұрылысына 5-6 темір үй тігіп, алғаш рет көрісу жасады. Әрине, бұл ұлы істердің бастамасы еді. 2006 жылғы көрісу кезегін ұйымдастыру жаңаөзендік Қырықмылтықтардың міндетіне жүктелді. Сансызбай Нұраханов, Сүйеш Жұмаев (марқұм), Қуаныш Сәрсенбаев (марқұм), Жаңбырбай Дәрменов, осы кітаптың авторы Мұратбай Ұлықпан, Алшын Көрпежанов, Ісенбай Қалдамановтардың басшылығымен басқа да аға-інілердің қолдауымен Жаңаөзенде тұратын жалпы ағайындарға түсіндірілді. Бірі Өзбекстаннан, екіншісі Түрікменстаннан, тағысын-тағылар жан-жақтан ағылып, туған жерді сағынып оралған Шоғы батырдың бүгінгі ұрпақтары бастаманы жапатармағай қызу қолдай кетті. Төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған барша қазақтар сияқты түп атасы бір (Шоғы батыр:-М.Ұ) туысқанда Отанның ортасына оралғасын бір-бірімен қайтадан танысып, шұрқырасып қайтадан табысуға бәрі де құлшына кірісті. Ағайындардан тегіс қаржы жиналды. «Мұнайшы» мәдениет сарайында салтанатты жиын, келелі кеңес болып, алдағы маңызды істен әңгіме арқауына айналды. Онда Шоғы батыр Мұңалұлының жатқан жерін анықтау, Шоғы батырдың өмірі жәйлі көркем шығарма мен ұрпақтары туралы энциклопедиялық жинақ жазу, Шоғы батырдың еңселі ескерткішін Маңғыстауға орналастырып, батыр баба рухына арнап алқалы ас беру мәселелері көпшіліктің ортасына қойылып, талқысына салынды. Ұсыныс алқалаған ағайындар тарапынан қызу қолдау тауып, салтанатты жиыннан соң ұлы дастархан үстінде жиналғандар өз ойларын ортаға салып жатты. 2007 жылдың 7 шілдесі күні осы отырыстың жалғасы Бейнеуде жалғасты. Ол басқосудың басқаларға қарағанда есте қалар бір ерекшелігі Қырықмылтықтың сол кездегі көзі тірі кейбір қарттары Шоғы батырдың ескерткішін Ұлы Жібек жолының бойы, тоғыз жолдың торабы – Бейнеуге қойылсын деп табандап тұрып алды. Бірақ оларға да түсіндірілді. Әйтсе де, маңызды бастамамызды бесіктегі баладан, еңкейген қарияларға дейін қолдап, қызығушылық танытып, ой-пікірлерін ашық айтып ортаға салғандарына қуандық. Осы жерде де нақты уағдаласық жасалып, қарттардың ақ баталарын алдық. 2007 жылдың ақырында құдай қолдап, періштелер қуаттап, әруақты ата-бабалардың рухы жар болып, алға қойған ұлы армандарымыздың ең бастысы орындалды. Киелі Түркістандағы қасиетті Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің Тайқазан тұрған бөліміндегі қабырғадағы қазақтың ұлы тұлғаларының тізіміне Шоғы батыр Мұңалұлы бабамыздың есімі қайта жазылып енгізілді. Осыған орай жан-жақтан жиналған Қырықмылтықтар Түркістан қаласындағы «Бәйтерек» мейрамханасында батыр баба әруағына бағышталып ас берілді. Осылардың арасында Маңғыстауда берілген Пір Бекет атамыздың 260 жылдық асы, ондағы Шоғы ұрпақтарының қызметі. Сондай-ақ, Мұңал ата ұрпақтарының Отпан тауға орнатқан Адайдың Қарашаңырағы мен Мұңал ошақты орнатуда да Шоғы батыр әулеті алдыңғы шептен көрініп, ұйымшылдықтың ұйытқысы бола білді. Осындай ауқымды да, маңызды халықтық шараларды ұйымдастыруға мұрындық болған азаматтардың бел ортасында тағы да Ісенбай Қалдаманов жүрді. Әрине, ол көбінесе осындай ауқымды мерекелік шаралардың кез-келгенінің шаруашылық жағын, әсіресе бәйге, көкпар сияқты ұлттық ат спорты ойындарына жетекшілік етудің хас шебері. Қазақта «Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей шешен боларсың» деген даналық сөз бар. Сол айтылғандай Ісенбай жоғарыдағыдай маңызды мерекелік шараларды ұйымдастырушылардың арасында жүріп, көргендері мен білгендерін өлшеп-пішіп, талғам таразысына салып, санасына сіңіріп, өзі қортынды шығарып, тәжірибе жинақтай бастады. Сөйтіп өзі де тікелей өзінің ертеде өткен батыр бабаларының басына ескерткіш орнатып, рухтарына арнап ас беруді қолға алды. «Көз қорқақ, қол батыр». Әрине, біраз істер істелді. Алайда жасалған жұмыстан жасалмағандары ұшан-теңіз. Келешек жастардың үлесіне қалып тұрған атқарылуы тиіс ауқымды істер баршылық. Сондықтан Ісенбай ізіндегі іні, бауыр, тума-туыс және келешек ұрпақтарының есінде жүрсін дегендей өзінің жеті атасын саралап, даралап берді. Оның айтқан сөзіне құлақ салып көрелік: - Біз Қазанбайдан тараған Дәуімшар батырдың ұрпағымыз, - деді Ісенбай Қалдаманов сөз төркінін әріден бастап. – Үстіміздегі (2017 ж) жылдың 6 мамыры күні Қазанбай атамыздың басына барып, қазіргі Кирилл харпімен жазылған құлпытас орнатып келдік. Сол жерде Қазанбай мен Шойынбай бабаларымыздың шешесі Өтебике әжемізде жатыр екен. Ол кісінің басына да құлпытас орнатып қойдық. Бұлар «Жезді» қорымында жатыр. «Жезді» қорымы Бейнеуден берідегі Үстірттен шығысқа қарай 70 шақырым жерде орналасқан екен. Қорым жалпы Қырықмылтардікі, оның ішінде Қазанбай әулеті жерленген қорым болып шықты. Басқа рудан тек екі-ақ адам жатыр. Екеуі де Жеменейден тараған, біреуі әйел, екіншісі ер адам екен. Маңғыстаудың тасынан салынған күмбез тамдар мен кереге молалар, сондай-ақ әдемі құлпытастар көп екен. Нұрлан Құлбаевтың ертеде жазылған құлпытастардағы жазуларды оқығанда: «Құлпытас тасүйінді: Адай руы, Қырықмылтық тайфасы Дауымшар бәйбішесі Өтебике уфат 58 жасында қылдырды баласы Қазанбай мырза». «Адай руы Қырықмылтық тайфасы Қазанбай Дауымшар баласы уфат 55 жасында 1848 жылда 2-нші мұхарамдан алдын күні» деп жазылыпты. Біз қойылған осы құлпытастардың қасына қайтадан қазіргі Кирилл әрібімен жазылған құлпытастарды қойдық. Шешелі-балалы Өтебике мен Қазанбайдың арасы 5-6 метр. Бұлардың басына там салу келешектің еншісінде. Кім біледі, әруақты ата-бабалардың рухы жар болып, көпшілік қолдап, ағайын, Қазанбай тараған тума-туысқандар ауызбіріктіріп қуаттаса, басталған іс орта жолда қалмас деп ойлаймын. Одан кейінгі тікелей бабам – Қазанбайдың баласы Құлымтан сұпы. Елден естіген аңыз-әңгімелерге қарағанда Құлымтан діндар адам болған көрінеді. Сол білімі мен сауатын елді ағарту жұмыстарына жұмсаған дейді. Сұпы деген атақты иеленуінің өзі соны меңзейді. Жалпы Сұпы деп ахун, ишандарға қол беріп, діннің жолын, ахун, ишанның ісін жалғастырушыларға айтады. Кейбір деректерге қарағанда Құлымтан бабамыз Бейнеу мен Атыраудың арасындағы күре жолдың бойында «Қайнар» деген медіресе болған деп естідім. Сол медіреседе ауыл балаларын оқутып, діни білімнің қайнар бұлағымен халықты сусындатыпты. Нұрлан Құлбаевтың айтуына қарағанда «Адай ата – Отпан тау» тарихи мәдени кешеніндегі тарихи мұражайдың ішінде Құлымтан туралы дерек бар құсайды. Сөздің шынын айтқанда біз үшін бұрын естілмеген тың жаңалық болғандықтан, Отпан тауға қанша барсақ та, аса мән бермеппіз. Оны мойындау керек. Құлымтанның баласы Сағын туралы қолымызда ауыз тұшытарлықтай дерек жоқ. Сағынның басына ертеде қызыл қыш кірпіштен саланған күмбезді кесенесі сақталыпты. Өткенде Қосаяқ Бегей Қыдырша, Аяған аталардың ұрпағы Сағидулла деген азамат шағатай тілінде тамның бетінде қыш тасқа «Құлымтан ұлы Сағын» деп ойып жазылған екен деп хабарлап маған суретін түсіріп жіберген болатын. Ол жазуды Нұрлан Құлбаевқа да жіберіп, оқытып, әбден пысықтап алдым. Бейнеудің арғы жағында «Шынжырлы» деген мұнай өндіретін өндіріс орыны бар дейді. Сағын бабамыздың күмбезді кесенесі сол жерде деп естідім. Бір өкінішітісі баяғы кеңестік кезеңдегі шекараны сызғышпен тартып бөлген кезде Қарақалпақстан аймағына қарасты жерде қалып қойған. Қазіргі «Каракалпакия», яғни Текебай-Қара қорымынан 80 шақырым жерде көрінеді. Оны халық қазір «Ақ молалы Бұхарбай қорымы» деп атайды дейді. Сағынның баласы Қалдаман. Ол кісі 1947 жылы жастай қайтыс болған. Ізінде екі қызы, бір ұлы қалған. Ол кезде ұлы, яғни менің әкем Әби небәрі 3 жасқа да толмаған көрінеді. Әкем және әкемнің апасы мен қарындасы шешесінің күтімінде болып, өсіп, тәрбиеленіп, ел қатарына қосылады. Қалдаман өзінің қысқа өмірінде Ташауыз облысының Ленинск ауданындағы Қарашбай Тастайбекұлы төрағалық еткен Ордзонекидзе атындағы ұжымшарда тасымалдауш (экспедитор) қызметін атқарған. Жиырма бес жастың о жақ, бұ жағында дүниеден өтеді. Сол Ташауыз облысы Ленинск ауданына жерленген. Ал өзімнің туған әкем Әби 1944 жылы дүниеге келген. Ол кісі туған анасының қамқорлығында жетімдіктің тауқыметін көп тарта қоймайды. Ел қатарлы өмір сүріп, Ташауыз облысының Октябрск ауданындағы көшпелі механикаландырылған колоннада (ПМК) еңбек етеді. Көбінесе механизатор болып жұмыс істейді. Жаңаөзенге көшіп келгесін жүргізуші болып, Жаңаөзен қалалық пошта байланыс торабында мәшине айдап жүріп зейнеткерлікке шығады. Қазіргі таңда құрметті демалыста. Анам Ажар Қосаяқ Бегей Сүйішбек дегеннің қызы. Әкем екеуі бақытты ғұмыр кешіп, қартаймай тұрып Отанының ортасына оралып, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған жандар. Бүгінгі таңда немерелерден шөбере сүйіп, қыздардан жиен көріп, бақыттың бесігіне бөленіп отыр. «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген осындай-ақ болар.
*** *** ***
Жар жақсысын таппаған, Еркектің жолы болмайды. Бақыт, атақ, абырой, Оған келіп қонбайды.
Екеу болу – ғанибет, Егізіңді таба біл. Қос тұлпардай қарыштап, Қатарласып шаба біл –
- деп Рамадан руынан шыққан Қожан баба деген ғұлама айтқандай Ісенбайдың өмірдегі сәтті қадамының бірі – жар таңдауда жаңылыспағандығы. Ата-аналарының қалауымен мен екі жастың жүректеріндегі лүпілдеп соққан ыстық сезім, ынтық сезім мен сүйіспеншілікке айналып, әуелден-ақ келешегі кемел, іргесі берік отбасының дүниеге келгені белгілі болған. Өйткені, жаңағы Қожаш баба айтқандай Ісенбайдың егізі, яғни өмірлік серігі сарғыш шашы желбіреген, көрінгеннің көзін сүріндіретін бидай өңді, жарқын жүзді, көңілі де, мінезі де ашық Зылиха да тексіз жердің қызы емес. Сонау XIX ғасырдың ақыры мен XX ғасырдың басында қасиетті сынықшылар Қыдыршаның әруақты ұлы Аяған атамен үзеңгілес болған, қатар жүріп, халқының қамын ойлаған, жұртқа зайырын тигізген, алмағайып заманда дұшпандармен айқасып, алысып жүріп, асыл дініміз Исламның шырағын жағып, нұрын айналасына Зылиха шашқан Қосаяқ Бегей Рахметулла ахунның немересі. Әкесі Мақсұт жастай кетсе де, әкесінің інілері, олардың балаларының да қолдарынан Құраны түспеген, ауыздарынан дұғасы кетпеген жоғары білімді, санасы орнықты, беделі биік, арманы асқақ, мақсаты айқын діндар жандар болған. Ұстаздықты ұлықтап, ұлағаттап, ел перзенттерінің бойына білім нәрін егіп, ойына адамгершіліктің, имандылықтың, патриоттықтың ұрығын сеуіп, жақсылықтың нұрын санасына сіңіріп жүрген қос педагогтың шаттыққа толы шаңырағы бүгінде өнегелі отбасы болып қалыптасты. Жанұяда әдепті ұл, ибалы қыз өсті. Олар өсе келе ата-әжесі мен әке-шешесінің өрістерін көбейтуде. Тұңғышы Парахат Ақтөбедегі С.Бәйішов атындағы университеттің экономика факультетін бітірген. Одан бұрын Жаңаөзен политехникалық колледжіңде оқыған. Алматыдан дене шынықтыру және спорт саласында да оқып, мамандық алып шықты. Қазір Маңғыстау облыстық спорт комитетінде ұлттық ат спорты бойынша жаттықтырушы. Парахатта Марғұлан мен Сұлтан атты екі ұл мен және бір қызалақ бар. Қазірше ата-әжесіне үш шөбере сүйгізіп отыр. Одан кейінгі Айдана әуелі осы «Каспий» колледжінің туризм мамандығы бойынша оқып бітіріп, оқуын одан әрі жалғастырды. Швейцарияның Европейский университетінде оқып, қызыл дипломмен бітірді. Бүгінгі таңда әкесінің қасында қызметте. Яғни, «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжі күндізгі оқу бөлімінің меңгерушісі. Айдана Шотан Жары ауылының түтінін түтетіп отыр. Кішкене екі нәрестесінің сүйікті анасы. Аманжол Алматыдағы қазақ ұлттық құрылыс академиясын биыл ғана бітіріп келді. Ең кенжетайы Ақбота №5 Жаңаөзен мектеп гимназиясының 3 сыныбында оқиды.
- Қазақта «Жақсыны көріп пікір ет, жаманды көріп шүкір ет» деген аталы сөз бар ғой, - дейді Ісенбай Қалдаманов әңгімесінің ақырында. – Сондай-ақ, «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» дейтін де пендені тәубеге түсіретін де сөздер бар. Сондықтан бұл күнімізге де шүкір етеміз. Себебі, осының бәрі қазақ елінің баяғы елін, жерін қорғаған әруақты да батыр бабаларымыз аңсап, армандап кеткен Тәуелсіздігіміздің арқасы. Екіншіден, өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілтуге атсалысып, ұйымшылдықтың ұйытқысы болып, ұлы да маңызды істерге кірісіп, игілікті де, сәтті істер атқаруымыздың өзі «Өлі жебемей, тірі байымайды» дегеннің жарқын көрінісі. Үшіншіден, ата-бабаларымыздың өзі рухтарымен желеп-жебегендігінің себебі шығар деп ойлаймын. Дәуімшар атаға да ас беріп, Өтебике шешеміз бен Қазанбай бабамыздың басына құлпытас қойып, ұлықтап жатқанымыздың бәрі Шоғы батыр бабамызды қайта тірілтіп, бүгінгі әулеттерінің арасына қайта оралтуымыздың арқасы. Яғни, осының бәрі Шоғы батыр Мұңалұлының есімі Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи күмбезді кесенесінің қабырғасына есімі қайта жазылып, еңселі ескерткіш орнатылып, Маңғыстауда алқалы ас беріліп, батыр баба және оның ұрпақтары туралы повест пен арнайы танымдық кітап жазылудан бастау алды. Шоғы батыр өзінің ұмыт бола бастаған көптеген ұрпақтарының есімдері мен ерлік істері анықталып, өмірге қайта келіп, араға бірнеше ғасыр уақыт салып, бүгінгі әулеттерімен қайта қауышып, аттары ұлықталып, рухани жаңғыруы, барлық маңызды істердің, күллі жақсылықтардың бастамашысы болды. Содан бері көптеген ата-бабаларымызыдың жатқан жерлері анықталып, есімдері ұлықталып, рухтарына бағышталып құран қатым етіліп, астар беріліп жатыр. Өмірлері мен ұрпақтары туралы қомақты-қомақты шығармалар жазылып, бүгінгі және келер ұрпаққа өнегелі өмірлері үлгі етілуде. Солардың бірі – Дәуімшар батыр. Міне, осындай ауқымды істер мен алқалы жиындардың жасалып, іске асырылып, ұрпаққа үлгі етілуі біздің Қырықмылтық ағайындардың ауызбіршілікті екендігін айғақтады. Соның ішінде ұйымшылдықтың ұйытқысы бола білетін тәуекелшіл, арды ойлаған азаматтарымыз «Жүк ауырын нар көтереді» дегендей, елін ізіне ертіп, көш бастай алатын қабілетін танытты. Осындай ағаларымыздың арқасында ғасырлар бойы есімі ескерілмей келген Шоғы батыр бабамыздың аты бүгінде тек ғакна киелі мекен Маңғыстау емес, күллі қазақ жұртына, шетелдер де өмір сүріп жатқан Адай баба ұрпақтарына кеңнен жайылып кетті. Сосын соңғы ұрпақтарының да аттары ұлықталып, рухтарының шат болуына септігі тиді. Сондықтан сол Шоғы бабамызды қайта тірілтіп, рухының ортамызға оралуына қызмет етіп, себепші болған азаматтарымыздың да есімдерін елге танытып, бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге ететін уақыт келді ғой деп ойлаймын. Соның біразын үгіт-насихат арқылы өзіңіз де елге таныстырып жүрсіз. Дегенмен, ерекше атайтын екі азаматтың есімдері ескерусіз келе жатыр деп айта алмаймын. Бірақ жеткіліксіз. Сол үшін сол ағаларымның ізбасар інісі ретінде біраз жылдардан бері атқосшы боп қасында жүргендіктен, аттарын ардақтап, атқарған ауқымды істерін салмақтап, жұртшылыққа паш етуді өзімнің міндетім деп есептеймін. Соның бірі және бірегейі, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, “Жаңаөзендегі «Жанарыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, халқымыздың абзал азаматы, Шоғы батырдың ұрпағы, шебер ұйымдастырушы, дарынды кәсіпкер, елдік іске бүкіл қарым-қабілетімен кірісетін және ойлаған мақсатына жетпей қоймайтын, қолға алған ісін тындырмай тынбайтын, кәдімгі өзіміздің – Жаңбырбай Дәрменов. Осы Жәкеңнің тынымсыз жүгіруінің арқасында, оның басына бақ дарыған, қолы ашықтығының себебінен Шоғы Шоғы болып өмірге қайта келді. Дәуімшар сияқты батыр бабаларымыздың да екі ғасырдан кейінгі ұлықталуына да жоғарыда айтқанымдай Шоғы батырдың рухына арнап берілген алқалы ас бастамашы әрі себепші болды. Әлі талай құпиялар ашылып, әлі талай ұмыт болған толымды тұлғаларымыздың жарыққа шығуына Шоғы батыр бабамыздың әруағы желеп-жебеп, себепші болатынына күмәнім жоқ. Сол үшін Жаңбырбай ағамызға бар жақсылықты тілеймін. Дені сау, отбасы аман болып, ұл-қыздары мен немере, одан сүйер шөберелерінің қызығын көру несіп еткей! Өзі қайта тірілтіп жатқан ата-бабаларының әруағы жар болғай! Сондай-ақ, қазақта «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген орынды айтылған сөз бар. Шынында да, өзімізді өзіміз ағаламасақ, өзімізді өзіміз бағаламасақ, өзгелер бізді ішкі есеппен жағалайды, шаруасы біткенше сағалайды. Тіпті заманымыздың заңғар жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың «Өз жақындарымызды өзіміз ұлықтамасақ, өз жайсаңдарымызды өзіміз қызықтамасақ, онда өз ырысымызды өзіміз тепкендік қана емес, өз тілеуімізді өзіміз кескендік болар еді» деген сөзі де аса көрегендікпен айтылған деп ойлаймын. Сол үшін жатты жанынан түңілдіру үшін өз жақындарымызды өзіміз жаттай сыйлауымыз керек. Ол қазіргі таңда өзімізге аса кернекті болмаса да бүгінгі және келер ұрпақтың кәдесіне жарату үшін ауадай қажет болып қалуы әбден мүмкін. Әрине, осы күндері өзінің жасаған түймедей жақсылығын түйедей етіп көрсетуге тыраштанатын жандар көп. «Жақсылар жақсымын деп айталмайды, Жамандар жақсымын деп айқайлайды» деген сияқты кішкене болмашы ісіне даурығып, жұрт жиналған жерлерде өзін жер-көкке сыйғызбай жарнамалап жүретіндер жеткілікті. Ал кейбір жандар керісінше өзінің жақсы істерін жарнамалату түгіл сәл мақтағанды жақтырмайды. Сыртынан да, көзінше де айтқанды ұнатпайды. Ондай істерді көлгірсу деп біледі. Көзінше мақтағанды жағымпаздық деп есептейді. Өйткені, олар сол жасаған жақсылығын өзі аңғармайды. Күнделікті тірлікте атқарылуы тиіс жұмыс сияқты соны атқару міндетім деп ойлайды. Мен атқармағаныммен басқа біреу атқарады. Әйтеуір атқарылуы тиіс. Сол үшін даурығудың қажеті жоқ деп санайды. Осындай жандардың бірі, Мұратбай аға – сізсіз. Яғни, Шоғыны Шоғы қылған екінші адам өзіңізсіз, Мұратбай аға! Себебі, сіз Шоғы бабамыздың батырлығы түгіл, есімін ешкім білмей тұрған сонау 2000 жылдардың басынан бастап тынбай іздендіңіз. Жарғақ құлағыңыз жастыққа тимей жағымды жаңалық іздеп, аңыз өрген кең дала мен әңгіменің ордасы ғой деп ел арасын ерінбей араладыңыз. Жылт еткен жағымды жаңалықты жарқырата жариялап отырдыңыз. «Шоғы Маңғыстаудікі емес, Ақтөбеңе алып кет» деген сияқты қыңыр да, қыршаңқы сөздерге құлақ та түрмедіңіз. Керісінше, қайрала түстіңіз. Нәтижеде «Төрінде Түркістанның Шоғы жатыр» деп «Жаңаөзен жаршысы» газеті арқылы жұртшылыққа жар салып, құлақтарын елеңдетіп тастадыңыз. Әуелгі кезде бұған біреу сенсе, біреу сенбеді. Даусыңызды тұншықтыруға тырысқан кейбір аға-апаларыңыздың аяғыңыздан шалмақшы болған оғаш қылықтары мен теріс әрекеттеріне пысқырып та қарамадыңыз. Ақырыда сол мақалаңыз Түркістандағы Әзірет Сұлтан қорық мұражайының ғылыми кеңесінде қаралып, оң шешім қабылданып, Қожа Ахмет Иассауи күмбезді кесенесі қабырғасындағы қазақтың алыптары жазылған тақтаға батыр бабамыздың аты жазылды. Бұл адам айтса нанғысыз ерлік емес пе? Одан кейін де тоқтап қалмадыңыз. Қырықмылтықтар туралы сүбелі қалам тарттыңыз. Енді міне, Дәуімшар батыр туралы деректер жинап, ұрпақтарынан шыққан белгілі тұлғаларды оқырмандарға таныстырып, рудың кестелі шежіресін құрастырып, ағайынға ұсынғалы отырсыз. Сондықтан біз сізді «Шоғыны Шоғы қылған екінші тұлға» деп дәріптеуге, құрметтеуге толық құқылымыз. Себебі, әрбір жазған дүниеңіз көптеген құпияның бетін ашып, шешімін тауып, халықты алға қарай жетелейді. «Айтылмаған құпия көп тірлікте, Әрбір адам зерттелмеген бір нүкте...» деп Бекет атаның жетінші ұрпағы, марқұм Рахмет Аяпбергенов айтпақшы зерттелмеген әрбір нүктенің құпиясын ашып, оқырмандарға ұсынуда қарқынды қалам тербеп, өнімді еңбек етіп келе жатырсыз. Сол үшін сіздің де отбасыңыз, бала-шағаңыз аман болып, дендері сау болсын! Қаламыңыз қарымды, ауызыңыз салымды, еңбектеріңіз танымды бола бергей! Оқырмандарыңыз қолдап, қолпаштап шуылдай бергей! Қаламыңыздан қомақты дүниелер туындай бергей! Иә, өзін мақтағанды кім жаман көрсін. Дегенмен мақтағанның жөні осылай екен деп «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» жөн-жосықсыз айдалаға лаға беруге болмайды. Себебі, артық дәріптеу, көзсіз марапат, оның үстіне мақтаншақтық, даңғойлық кез келген жанды жарға жығады. Тек «Семіздікті қой көтереді. Қойдың ішінде де қара қой» деп қазақ бекерге айтпаған. Сондықтан «Келешек ұрпақ үшін» дегесін, әрі Ісенбай ізбасар ініміз болғандықтан қолын қағып, меселін қайтара алмадым. Кейбіреулер жарты бет мақала жазып, мақала соңындағы аты-жөнінен кейін атақтарын, әкімнен алған алғыс хат, грамоталарын, тіпті қажылыққа барғандығын жазып бүтін бір бетті толтырып қоятындар бар екенін көзімізбен көріп жүрміз. Жалпы журналист өзін-өзі насихаттауға мұқтаж болмауы керек. Өйткені, оның өткір де, өзекті, көркем де маңызды материалдары айтпаса да журналисттің өзін көкпе танытып, насихаттап отырады. Сондықтан көбінесе жазған материалымның соңына тек ғана «Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі» деп жазамын. Әйтпесе, қап-қап алғыс хаттар мен сандықтың түбін бітеге бермей жатқан грамоталардың бәрінің тізімін жазар болсам бір беттің жетпей қалуы ғажап емес. Олай жазатын себебім, журналистікті оқып, диплом алған, төл мамандығым. Ақындықтың, жазушылықтың, сатириктіктің оқуын оқуға уақытым болмады, яғни қолым тимеді. Біздің кезімізде қазіргідей бірден үш –төрт оқу орынында қатар оқу деген үрдіс жоқ еді. Ал қазір бәрі мүмкін. Бірақ бір мамандықты игеріп, өмір бойы сол мамандықтың бүге-шігесіне дейін үйреніп, Сол мамандықтан нан тауып, халыққа тұшымды дүние бергенге не жетсін. Яғни, қос кеменің басын ұстап, алған көп мамандықтың бірде-біреуін дұрыс игере алмай, суға кетер жәйім жоқ. Бұл ретте «Ісенбайдың меселін қайтара алмадым» деп жоғарыда айттым ғой. Әйтпесе, осы шығармамды жазып отырған кездері өзім туралы айтқан сөздерін қырқып тастауыма болар еді. Дегенмен алпыстың ауылына ат басы жақындаған сайын, мақтау сөз жанымызға майдай жаға бастады ма, кім білсін? (Әзіл ғой). Жоқ, олай бола қоймас. Көзі қарақты оқырман кімнің кім екендігін ешкім айтпаса да ажырата біледі. Десек те, бір жағынан Ісенбайдікі дұрыс та шығар. Әлгі Шоғы батыр туралы жазылған мақала шыныда да өз жемісін беріп, Шоғы батырдың жатқан жері анықталғаннан кейін де ақтаулық ағайындардың арасынан «Шоғыны мен таптым да, мен таптым» деп газеттерге сұхбат беріп, жарты әлемге жар салғандар да аз болмады. Ал қазір олардың бәрі су сепкендей басылды, әйтеуір. Мүмкін ақиқаттыққа көздері жеткен болар. Әйтпесе, сөз түгіл өзіңді де, үй түгіл ата-бабаңның моласына дейін сырттай иемденіп алып, өз аталарының есімін жазып, құлпытас қойып, сырттай иемденіп алып жатқан мынау аумалы-төкпелі заманға сенудің өзі қиын. Сондықтан осындай қауіп-қатердің алдын алып, күнібұрын ешкім иемденбейтіндей етіп мөр басып, таңбалап қойып жүрген Ісенбайға рахметтен басқа не айтайын. Әрине, айтатыным көп, соның қортындылаушы қатарларына назар аударыңыздар, құрметті оқырман.
Ұлты үшін тыным таппай, жанталасқан азамат. Халқы үшін жеңіп шыққан, бар таластан азамат. Елге келіп, Отан арын қалқаласқан азамат. Ағайынның ауыр жүгін, арқаласқан азамат.
Елге келіп еңбек ету, жүрді жастай мазалап. Шетте жүріп туылғанына, іштей өзін жазалап. Қазағымның дәстүр-салтын жүруші еді бағалап. Ағайынның ауыр жүгін арқаласқан азамат.
Бабалары мінген талай ел қорғауға қазан ат. Шабар кезде қалың жауға, алар атын тағалап. Жүрді елге оралғасын, жақсыларды жағалап. Ағайынның ауыр жүгін арқаласқан азамат.
Сол жақсылар көтермелеп, жүрді мұны бағалап. Елгезек жан жүргендіктен, өздеріне ағалап. Қойды қазір ілтесе алмай, жүрген жандар қаралап. Баяғы ісін тілге алып, кектеспеген азамат.
Өз бойына жиып бақты, жақсы істерді саралап. Аталарын еске алып жүр, ерлік ісін даралап. Дұшпандармен айтыспады, жүрсе де өзін табалап. Дәрия тасыса тобығына, келмейтін-ақ азамат.
Айта берсек қызыл тілден сөз туады балалап. Орнатсам деп Отанына жүрген жанды дара бақ. Белі сынсын жүргендердің ту сыртыңда қаралап. Көз бен тілден аман болып сүрінбеші азамат!
Қисық жанға қаламды білеп жүрген, Әзілдеумен терісін іреп жүрген. Мен Мұратбай ағаңмын Ісенбайжан, Інілердің тілегін тілеп жүрген.
Алты жаста достасқан Әліппемен, Жазарын көркем сөзбен әдіптеген. Аталардың бағы үшін туғандаймын, Өмірін өткір тілмен дәріптеген.
Ақ қағазға түсірдім көз арманын, Басын бұрып шыжбайлап сөз арнаның. Кешегі Қалнияз бен Сүгірлердей, Болмасам да азырақ сөз арнадым.
Мұратбай елге сөзін жолдап жүргей! Қара сөз, кейде жырмен толғап жүргей! Ертедегі әруақты батыр болған, Баба рухы баршаны қорғап жүргей!
*** *** ***
Жас ұрпаққа арнап білім сырларын, «Арамыздан шықсыншы деп бір дарын» - Деп ойлайтын жанұялы ұстаздар, Құтты болсын, жаңа оқу жылдарың!
Мұратбай ҰЛЫҚПАН