Жиында «Маңғыстау – құс» ЖШС жоба менеджері Радмир Бембеев жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасының жобасын таныстырды. Отандық өндірістің өрісін кеңейтетін бұл жобаны жүзеге асыруға Мұнайлы ауданы, Батыр ауылы маңынан 15 гектар жер берілген.
–Біз алғашқы 18 ай ішінде құрылыс, монтаж жұмыстарын аяқтап, құс фабрикасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жаңа, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталатын фабрикада тәулігіне 392 мың дана жұмыртқа өндіріледі. Зауыт толық қуатында жұмыс істей бастағанда 560 мың құстан жылына 143 миллион данадан астам өнім өндіреміз. Бізге бұл салада тәжірибесі мол «Ван дер Плуг Интернэшнл» компаниясы көмектеседі. Одан кейін ісіміз алға басып, 5-7 жыл ішінде кәсібімізді дөңгелетсек құс етін өндіруді қолға аламыз. Бұл қарқынмен Маңғыстау облысының қажеттілігін өтеп қана қоймай, өнімдерімізді Ресей мемлекетіне экспорттау жоспарымызда бар, – деді ол.
Құны 4 млрд. 662 млн. теңге болатын бұл жобаның басым бөлігін екінші деңгейлі банк қаржыландырмақ. Жаңа өндірістік нысанның іске қосылуы 160 – 200 тұрғынның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді. «Маңғыстау – құс» ЖШС жоба менеджері Радмир Бембеев құс фабрикасының жүзеге асуы үшін мемлекет тарапынан су, газ, электр энергиясы сынды инфрақұрылымдар қажет екенін жеткізіп, көмектесуді сұрады.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ