Маңғыстау облыстық қуыршақ театры еліміздің мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындары арасында үздік атанды. Орталық Ұлттық бизнес-рейтингінің сараптама қорытындысында тиімді стратегиялық басқару мен жұмысты реттеу негізі бойынша үздіктер қатарына еніп, аймақ абыройын асқақтатты. Ресми есептеулерге негізделген статистикалық саралаудың қорытындысында орталық қос бірдей аталымды, атап айтқанда «Өсу жылдамдығы» және «Сала көшбасшысы» аталымын жеңіп алды.
- Бұл біздің Ұлттық рейтингілер компаниясының сараптама қорытындысы бойынша алғашқы жеңісіміз. Қуыршақ театрларының қызметі бойынша Маңғыстау облыстық қуыршақ театры Қазақстан Республикасының мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындары арасындағы «Өсу жылдамдығы» көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарға шығып, республикалық қуыршақ театрлары арасында «Күміс рейтингті» иеленді. Одан бөлек облыстық деңгейде 25 мекеменің арасынан «Сала көшбасшысы» атанып, «Алтын рейтингті» еншіледі. Бұл ұжым үшін үлкен жетістік. Сөз реті келгенде айта кеткім келеді, жақында біздің ұжым Бішкекте өткен II халықаралық «Так-Теке» қуыршақ театрлары фестивалінде лауреат атанып, «Көшпенді халықтарының қолөнер дәстүрін аса шеберлікпен ұтымды іске асырғандары үшін» номинациясын иеленді. Театырмыз 36 жылдың ішінде бірнеше халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанды,-дейді облыстық қуыршақ театрының директоры Фарида Атакеева.
Үздік танылған орталықты салтанатты марапаттау рәсімі қараша айында Астана қаласында өтеді деп жоспарланған. Айта кеткен жөн, Ұлттық бизнес-орталығы кешенді халықаралық рейтингтік жоба болып табылады. Ұйым ТМД мемлекеттері мен Кедендік одақта кәсіпорын қызметінің тиімділігіне баға беруші коммерциялық емес, жалпымемлекеттік рейтинг ретінде кеңінен танымал.
Венера МИРЛАН