Атаулы күнге орай Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті қызметкерлері мен ардагерлері марапатқа ие болды. Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драмалық театрда өткен салтанатты шарада сала өкілдері, белгілі тұлғалар, сарбаздар мен қала тұрғындары бас қосты. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов мерекемен құттықтап, арнайы алғыс хатпен марапаттады.
-Қайырлы күн қадірлі жерлестер, құрметті Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің ардагерлері мен қызметкерлері! Баршаңызды бүгінгі Қазақстанның Ұлттық Қауіпсіздігінің құрылғанына 25 жыл толу мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Соңғы 26 жылда еліміз қалыптасу кезеңдерін бастан өткізіп, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан орасан зор жетістіктер мен мол табыстарға қол жеткізді. Бүгінде Отанның ортақ туының астында ынтымағы мен достығы, бейбітшілігі мен бірлігі жарасқан тәуелсіз Қазақстан мәңгілік ел болудың дара жолына түскен, бейбіт ғұмыр кешіп жатқан өркениетті мемлекеттердің бірі. Ел тыныштығын қас қақпай түзету – мерейлі міндет, асқақ абырой. Осы орайда елдегі тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етуді, терроризмді, лаңкестікті жою т.б. маңызды міндеттерді құқық қорғау органдарының алдына шегелеп қойған Елбасы тапсырмаларын орындауда ҰҚК үлесі айрықша. Бұл салада еңбек ететін сарбаздарымыз бен сардарларымыз - еліміздің берік қалқаны, тәуелсіздігіміздің тірегі, - деп атап өтті облыс басшысы.
37 жылдық қызмет өтілі бар полковник, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері Орнекешов Бердімұрат Ерғазыұлы да әріптестері мен ізбасарларын мерекемен құттықтап, ақ тілегін арнады.
-1982 жылы әскери училищеге қабылдандым. 1995жылға дейін Қарулы Күштердің қатарында болдым. Яғни, әуе әскери күштерінде. 1995 жылы ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қатарына шақырылдым. 20 жыл бойы ҰҚК бөлім басқармасында басшылық қызмет атқардым. 2015 жылдан бері демалыстамын. «Есть такая профессия – Родину защищать!» деген сөзді білесіздер. Біздің қызметіміздің бар мағынасы осы сөздің ішіне сыйып кетеді деп ойлаймын. Бүгінгі қуанышты күнмен, бүгінгі мерекемізбен барлық әріптестерімді құттықтаймын. Олардың отбасыларына амандық, бақыт, денсаулық тілеймін. Біздің ізімізді басып жүрген жігіттердің еңбегі жемісті болсын. Ұлттық қауіпсіздігіміз нығая берсін, - дейді ардагер. Бүгін Бердімұрат Ерғазыұлы да марапатқа ие болды.
1992 жылдың 13 шілдесінде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Тәуелсіз елдің ҰҚК құру туралы жарлығына қол қойған болатын. Бүгінде комитет ширек ғасырлық мерейтойын тойлап отыр. Ел тыныштығын қалтқысыз күзетіп жүрген жауапты қызмет иелерін кәсіби мейрамына арналған жиын мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="30220,30221,30222,30223,30224,30225,30226,30227,30228"]