Астана күні қарсаңында «Абай» мәдениет кешеніндегі Ақтау қалалық орталық кітапхана қызметкерлері Батыс аймақ бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің оқу орталығы тыңдаушыларының қатысуымен Қазақ елінің астанасы – Астана күніне арналған «Астана - Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі» атты сайыс өтті.
Сайыс: таныстыру, сұрақ-жауап, ассоциация, караоке патриот, армреслинг, «Не? Қайда? Қашан?» аталған 6 турдан тұрды. Бәсеке «Көкжал», «Қырандар», «Сұңқар», «Астана» арландары атты 4 топтың арасында өтті.
Сұрақ-жауап түрінде өткен бөлімінде сарбаздар өздерінің президенттің өмірбаяны мен Қазақстан Республикасы тарихына жетік екендіктерін көрсетті. Болашақ полиция мамандары Қазақстанның ұлттық рәміздеріне, Астана, ЭКСПО тарихына қатысты сұрақтарға да мүдірмей жауап берді.
Караоке ПАТРИОТ аталған 4 бөлімінде: «Елім менің», «Welcome to Kazahstan», «Қазағым-ау», «Сәлем саған туған ел», «Жаса, Қазақстан», «Здравствуй столица», «Атамекен»,«Туған Ел», «Ән сал, Сарбаз» әндерін бірге қосылып салды.
Соңғы айналымда «Не? Қайда? Қашан?» сұрақ-жауап түрінде өткен білімпаздық сынақтан да Ішкі істер министрлігінің оқу орталығында Ақтөбе, Орал, Атырау және Ақтау қалаларынан оқып жатқан жастар жақсы дайындықтарын байқатты. Нәтижесінде «Көкжал» тобы жеңіске жетті.
Ашылар әлі талай ақ парағың, Өсе бер, көркейе бер тоқтамағын.
Әлемде болғанымен мың астана, Астанам, сен ғанасың мақтанарым!-деп ақын жырлағандай, мерекелік шара алаштың ақиқатқа айналған арманы – ақ ордасы аласармай, еңсесі биіктеп, өрлей берсін, жайқалып гүлдене берсін! Болашағы жарқын, әлем таныған ғажайыптар қаласы боп, мәңгілік тарихта аты қалсын!-деген игі тілекпен аяқталды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ