Маңғыстау облыстық мемлекеттік архивінің ғимаратында, Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының қолдауымен Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық Партиясы Маңғыстау Облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол-жастар» жастар қанатының ұйымдастыруымен КСРО және ҚСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, белгілі тарихшы, мұрағатшы-ғалым, аудармашы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, «Қаһарлы 1916 жыл» шежіресі, «Махамбет энциклопедиясы» мен «Әуезов және мұрағат» жинақтарының құрастырушыларының бірі және «Қазақстан халық комиссарлары» атты көлемді еңбегін орыс тілінен қазақ тіліне аударған, 400-ден астам мұрағаттық зерттеу мақалаларының авторы, марқұм Зияда Ижанұлының «Ащы сабақтар», «Асыл қазына», «Жаралы жылдар» және орыс тілінде «Мангышлак», «Тобанияз», «Аламесек», «Аласапыран», «Асыл мұра» 8 томдық кітаптарының тұсаукесері өтті.
Жиынға Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық әкімшілік қызметкерлері, З.Ижановтың ұрпақтары, студенттер мен магистранттар, жергілікті зиялы қауым өкілдері, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық Партиясы Маңғыстау Облыстық филиалының қызметкерлері, Маңғыстау облыстық мұрағатының және де облыс пен қалалық кітапхана қызметкерлері, «Ақ жол - жастар» жастар қанаты, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Аталмыш шара тізгінін Ұлы Отан соғысының тыл ардагерлері, ұлағатты ұстаз, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Маңғыстау ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы Қойлыбай Қаражанов жүргізіп отырды.
-Біздің мұрағатта өз қолымен жазылған құжаттары сақтаулы. Сол материалдарды жинақтап ұрпақтары 8 томдық кітап қылып шығарып, оқырман қауымның игілігіне ұсынып отыр. Бұл үлкен еңбек,-деді Қойлыбай Қаражанов.
Алдымен кеш иесі марқұм Зияда Ижанұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғибратты ғұмыр» атты деректі фильмді тамашалаған көпшілік алдында марқұм Зияда Ижановтың шығармашылығы туралы ол кісімен қызметтес болған тарих ғылымының кандидаты Жанат Жанашқызының пікірін тыңдады:
-Жергілікті елдің тарихы туралы мол мағлұмат беретін құнды еңбектердің тұсауын кесіп отырмыз. Зияда ағамен жұмыстас болдым. Ол кісінің құжатқа мұқияттығы керемет еді. Тағдыр айдап осы жердің дәмі бұйырған ағамыз Маңғыстау тарихын ашуға үлкен ынтамен, сауаттылықпен кірісті. Бұл 8 томдық тарихшы мұғалімдерге азық болады деп ойлаймыз. Зияда ағаның республика үшін де сіңірген еңбегі көп. Қазақ тарихындағы 16 жылды ғана айтайық, бір ғана Жетісу өңірінде 94 ауыл түгел қырылған. Біз тек Амангелді Имановты оқыдық. Себебі Кеңес үкіметінің бізге тауып берген тақырыбы сол. Ал шындығында 16 жылдың қырғыны 32 жылдың аштығынан кем емес. Ал Абай Құнанбаевтың қолтаңбасын тапқан кім? Тағы да Зияда Ижанов! Мінеки, ол кісінің алаш үшін сіңірген еңбегін тағы да тізбелеп айта беруге болады. Осындай құнды еңбекті көпшілікке қолжетімді қылып, халыққа сыйлап отырған балаларына алғысымды айтамын!-деді әріптесі.
Кеш иесімен қызметтес болған ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Маңғыстау ауданының құрметті азаматы Мейрамбай Қибасов, «Мирас» қоғамдық саяси ұйымының төрағасы, қоғам қайраткері Алқажан Еділхан, зейнеткер Жеткізген Сағындықов, «Тама, Қарабура» мәдени орталығының директоры Асқар Маймақов сөз сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісті.
Зияда Ижановтың архив құжаттары негізінде жинақтаған қол жазбалары, тарихи деректер 8 томдық кітап болып, «Өлке» баспасынан әр қайсысы 1000 данамен жарық көрген. Осы Алаш тарихы үшін, маңғыстаулықтар үшін құнды еңбек тұсаукесерге жиналған оқырмандарға таныстырылып, лентасын тарихшы Жанат Нұрмаханова, Асқар Маймақов және қыз Бақыт Зиядақызы кесті.
Кітаптар дәйекті деректерінің құндылығымен ерекшеленеді. Оған еніп отырған әртүрлі атаулы тақырыптарда тарихи, қоғамдық-саяси, ғылыми-дүниетанымдық, рухани- мәдени, діни-имандылық мәселелері терең сараланып қамтылған.
Шара соңында марқұм Зияда Ижанұлының қызы Бақыт Зиядақызы және «Ақ жол» ҚДП Маңғыстау облыстық филиалы төрағасы Жаңбырбай Матаев сөз сөйлеп, З. Ижановтың 8 томдық жинағын «Облыстық, қалалық, аудандық кітапханаларға, облыстық мемлекеттік мұрағатқа, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты және «Тобанияз» атты кітабы оның ұрпақтарына және бірқатар зиялы қауым өкілдеріне сыйға тартты.
Кітаптың шығуына атсалысып, құнды еңбектердің баспа бетін көруіне мұрындық болған Зияда Ижанұлының немересі кәсіпкер Айдар Амантайұлына, күйеубаласы Амантай Исмағұлов және қызы Бақыт Зиядақызы.
Үміт ЖӘЛЕКЕ