Сағындық Рзахметов «Маңғыстау – Медиа» директоры болып тағайындалды
[ 2017 ] 20 маусым, 13:31 | Жаңалықтар
Бүгін, 20 маусым күні облыстық, аудандық ірі басылымдар мен сайттар тоғысқан орталық – «Маңғыстау – Медиа" басшысы болып белгілі журналист, ҚР журналистер одағының мүшесі, «Ойлы сөз» авторлық бағдарламасының тележүргізушісі Сағындық Рзахметов тағайындалды.
Рзахметов Сағындық Оралбайұлы – ақын, журналист. 1968 жылы 18 қарашада Өзбекстан Республикасының Қарақалпақстан АССР-ы, Қоңырат қаласында туған. 1995 жылы Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін оқып бітіріп, «Жас қазақ», «Ақжелкен», «Зерде», «Қалқан-Щить» сияқты республикалық басылымдарда журналистік салада жемісті еңбек етіп, соңғы 20 жылға жуық уақыт ішінде Маңғыстаудың бұқаралық ақпарат саласын дамытуға зор үлес қосып келеді. Ұзақ жылғы журналистік еңбегі үшін әр жылдары еліміздің Ақпарат және мәдениет министрінің, «Нұр Отан» партиясы мен облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған. «Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына -20 жыл», «Маңғыстау облысына-45 жыл», «Ақтау қаласына-50 жыл», «Генерал Сабыр Рахимов» сынды медалдарының иесі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, өлеңдері бірнеше жыр жинақтарына енген.
Сағындық Оралбайұлы 2014-2016 жж. аралығында Маңғыстау облысындағы «Маңғыстау медиа» холдингінің ақпарат және дизайн орталығының басшысы болды. Сонымен қатар, «Қазақ үні» республикалық басылымының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі. Баба мұрасына бейжай қарай алмайтын талантты журналист «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында да тіл тазалығын сақтау, сөйлеу мәдениеті мен мәселелері туралы «Ойлы сөз» хабарын жүргізеді. 2016-2017 жж. «Мұнайлы» газетінің редакторы болды.
Зайыбы Рзахметова Қамарсұлу Ізғалиқызы екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп отыр.
Айта кетейік, «Маңғыстау – Медиа» – облыстағы қоғамдық маңызы зор беделді басылымдарды бір арнаға тоғыстырған орталық. Маңғыстау облысы Әкімдігінің Қаулысымен «Маңғыстау – Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) 2013 жылы 4 ақпанында ҚР Әділет министрлігінде заңды тұлға болып бекітілді. «ММ» холдингіне облыстық «Маңғыстау» және «Огни Мангистау», қалалық «Жаңаөзен», Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір», Бейнеу аудандық «Рауан», Түпқараған аудандық «Ақкетік арайы», Қарақия аудандық «Қарақия», Мұнайлы аудандық«Мұнайлы» газеттері кіреді. Сондай-ақ, Ogni.kz, 7292info.kz сайттары жұмыс істейді.
2157
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.