«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл». Осы сөздің мағынасын дұрыс түсініп жүрміз бе? Шет тілдерін меңгеру төл тіліміздің мәртебесін түсіріп тастайды дегенге сенесіз бе? Ана тіліміздің құрметін асырып, басқа тілдерді меңгермей-ақ өмір сүруге бола ма? Осы сұрақтарға жауап алу үшін «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» атты баспасөз мәжілісіне қатысқан болатынбыз.
Жоба Манғыстау облысының тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша жүзеге асырылып отыр. Жобаның басты мақсаты – Рeспубликамызда мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту, этносаралық келісімді нығайту. Осы орайда жоба жетекшісі Маханбетова Жақсыгүл Шахзадақызы жобаның құрылу мақсатын, идеясын қысқаша таныстырып өтті. Көп тілді меңгеру өз тіліңе деген құрметсіздік емес. Көп тілді меңгеру болашақтың кепілі деген пікірде жоба жетекшісі. Жаудың да тілін білу керек деген сөзді берік ұстанған жоба жетекшісі өзге тілдерді үйрену маңызды деп біледі. Сонымен қатар, облысымызда өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне ана тілімізді үйрету бағытында жұмыстануды көздеп отыр. Жоба құрамында13 адамнан құралған сарапшылар бар. Әр сарапшы тілді дамыту, этносаралық келісімдерді нығайту мақсатында өз ойлары мен ұсыныстарын айтып өтті. Жақсыгүл Шахзадақызы телеарнаға «Қазақша сөйлейік» акциясы бойынша арнайы бағдарла жүргізуді ұсынбақшы. Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету мақсатында «Жексенбілік мектеп» ұйымдастырылған. «Қоғамдық келесім» басшысы Жайылханова Амангүл Абдуали облысымыздағы «Жексенбілік мектепті» ұйымдастырушы. «Жексенбілік мектеп» өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді, мәдениетті үйрету мақсатында жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда Достық үйі құрамында 5 (татар, әжербайжан, армян, дағыстан, корей) жексенбілік мектеп бар. Сөз соңында Алмагүл Абдуали өзге облыстардағы «Жексенбілік мектептермен» тәжірибе алмасу мақсатында кездесулер өткізуді ұсынды. Сондай-ақ, жақын шет елдерде аналогы жоқ жаңа Достық үйінің ғимараты бой көтеріп жатқандығын ерекше айтып кетті.
Шет тілдерін үйрену жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Десе де, шет тілдер курстары көп болғанымен, нәтиже көңіл қуантарлықтай емес. Заман талабына сай болу үшін 3 тіл білуді өзі аз деп отыр Маңғыстау облыстың мәслихатының хатшысы Жүсіпбек Бекмұрат.
Баспасөз мәжілісінде ортаға «Мифтік лингвистикалық» мектеп ашу туралы ұсыныс тастаған «Тұманшы» қоғамдық қорының төрайымы Балсұлу Қондыбай өзге тілдерді үйрене отырып, төл тіліміздің түпкі тарихынан ауытқып кетпей, сақталуын сұрайды.
Жалпы облыста қосымша білім беру орталықтары көбейіп келеді. Сондай орталықтардың бір – «Заңғар асу» қоғамдық қоры. Қор директоры Аққалам Дүйсенова ұзақ жылдар білім саласында еңбек еткен ұлағатты ұстаз. Өзге тілдерді білмеу адамның мүмкіндіктерін шектейді. Ресей елінде өткен жарыста оқушысының сұраққа орыс тілінде жауап бере алмағанын ұстаз дәлел ретінде айтып өтті . Ана тілімізбен қатар, өзге тілдерді үйрену, түсіну биікке жетелейді деп отыр Аққалам Дүйсенова.
ІТ маман, Mediana.kz компаниясының директоры Өмірбек Құрманбаев ғаламтор желісінде ағылшын тіліндегі ақпараттық ресурс ашуды ұсынды. Ағылшын тілінде ақпараттық ресурстың болуы шет елдіктердің еліміз туралы мол ақпарат алуына көмек болады . Жоба сарапшыларының бірі Әубакірова Гүлден ауыл жастарының тіл білуге деген қызығушылығын арттыру мақсатында жұмыстануға шақырды.
- Алдағы уақытта Мұнайлы ауданында 100 адамдық орыс тілі курсы ашылады. Oблыстағы бірнеше тілді жетік меңгерген адамдар тобын біріктіріп, оларға қолдау көрсету керек. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде қазақ тілді парақша ашу жоспарда бар, - деді Жақсыгүл Шахзадақызы.
Мақсаты биік жоба төл тіліміздің мәртебесін арттырып, өзге тілдерді үйренудің маңыздылығын танытуды көздеп отыр. Баспасөз мәжілісінде қарастырылған ұсыныстар мен тың идеялар алдағы уақытта жүзеге асырылады деп ойдамыз.
Гүлжайна ЖҰМАҒАЛИЕВА