Әлі күнге дейін халықты баспанамен қамту мәселесі биліктің тұғырынан түскен емес. Себебі халықтың биліктен сұрар басты сұрағы осы баспанадан басталады. Үй жалдап, өзгенің есігін сығалап күн еткен жұртты баспанамен қамтуда үкімет бос қарап отырған жоқ. Әсіресе, соңғы жылдары Маңғыстаудағы қарқынды құрылыс пен жаңа тұрғын үйлер көптің қуанышын еселеп жатыр. Қала тұрғындары « Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтерге қол жеткізді. − Бұл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша іске асырылып жатқан бірінші үй. Осы бағдарламамен тағы 3 отбасыға пәтер иесі атанады. Сонымен қатар, пәтерді құрылыс компаниясы табыстайтын болады, − деп мәлімдеді «ЦентрКредит» банкінің директоры Дилшод Эркинович. Бағдарламамен салынған үйлердің құрылысын «СМК-4» ЖШС құрылыс компаниясы жүргізген. Сату және сатып алу бөлімінің менеджері Дариға Шарықова: − Мұндай бағдарламамен Ақтау қаласында жылына бірнеше үйлер салынады. Берілетін пәтерлердің бағасы үйдің көлеміне, қай қабатта орналасқанына қарай анықталады. Сонымен қатар қазіргі таңда тағыда жаңадан тұрғын үйлер тұрғызылып жатқанын айтқым келеді»,− деп айтып өтті. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспана бақытына ең бірінші ие болған Әнуарбек Әбілов : − Бұл бағдарлама арқылы үй алған маған, менің отбасыма өте тиімді болды. Сіздерге де тиімді боларына сенімдімін. Мен өте қуаныштымын. Барлығына рақметімді айтамын,− деп алғысын білдірді. Экономиканың маңызды секторын құрайтын құрылыс саласының Ақтау қаласында қарқынды жүргізілуі шаһар халқының қуантты. Отбасылардың жарқын болашақта өмір сүруіне жағдай жасалды. Мұның бәрі елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған оң қадамдардың бірі.
Жансая ОРАЗБАЙ