Маңғыстау облыстық дін істері басқармасы мен Caspian Bridge ақпараттық-сараптамалық орталығының ұйымдастыруымен "Қаламқас" және "Қаражамбас" кен орнындағы жұмысшыларға жазушы, драматург Өтен Ахметтің "Ананың ақ сүті" қойылымы қойылды. «Ақ жол–жастар» қанатының әуесқой әртістері сахналаған спектакль бұған дейін Ақтаудағы мектептер мен колледждерде, әскери бөлімдерде сахналанды. Қойылым алдында дін істері басқармасының өкілдері осы шараның негізгі мақсаты, яғни экстремизм мен терроризмге төтеп беру жолдары, алдын алу шаралары, жат ағым жетегінде кетудің себептерін түсіндірді. Драманың басты мақсаты анаға құрмет және қазақ жастарының жат ағым жетегінде кетіп қалмауы үшін оның алдын алу, ұлттық және адами қасиеттерді дәріптеп, жақсыға шақырып, жамандықтан тыю. «Ананың ақ сүті» қойылымы діни сауатсыздықтың құрбаны болған жас жеткіншектің жарымжан мүгедек анасынан бас тартып, қарттар үйіне тапсырып жіберуі және психикалық ауытқуы бар, белгілі себептер арқылы өлермен, бейшара халге түскен ананың жас балаға тəн əрекеті, ісіне адал, сөзіне берік тəубешіл баласының шыдамдылығы, күнделікті тұрмыстың күйбең тірлігімен арпалыса жүріп, енесінің ауру күйіне төзбей, соңынан қателігін түсінген келін қылығы сондай-ақ, Хақ жолында жүріп, бар көмегін аямаған адал достың мейірімі бейнеленеді. Қойылым соңында психикалық ауытқуы бар ананың құлан таза ауруынан айығуы, қарттар үйіне өткізілген кейуананың қайтыс болуы баяндалады. Жат ағым жетегінде жүрген жігіттің өкініші жиналғандардың көзіне жас ұялатты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА