Маңғыстау облыстық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен кезекті басқосу минералды тыңайтқыштар шығаратын «ҚазАзот» ЖШС-і заводын жаңғырту мәселесіне арналды. БАҚ құралдары өкілдерінің сұрақтарына индустриальды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Байдуллина, «ҚазАзот» ЖШС бас директорының орынбасары-бас инженер Владимир Башмаков жауап берді. Кеңестер одағы кезінде одақтас республикаларға, шетелдерге өнімін өткізіп, дүркіреп тұрған зауыт еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда жұмысы бәсеңдеп, біраз тоқырады. Мамандар жетіспеушілігі, өнім өткізудегі қиындықтар, тұтынатын қуат көздеріне ақы төлеу мүмкіндігінің жоқтығы, жалақы беру, басқа да сол кезге тән ел басындағы ауыртпалықтар бұл кәсіпорынға тән еді. Сан мәрте қожайындар өзгергенімен өндіріс өрге басып кете алмады. Тек қазақстандық инвестордың басқаруына көшкеннен кейін зауыт тынысы кеңіп, еркінірек құлаш сермеуге, күнделікті күйбең тірліктен бөлек, келешектің келелі істерін ойлап, өндірісті өрге бастырудың қам-қаракетін жасауға мүмкіндік туды. Әрине, қазір де оңай емес. Ресей, Украина, басқа да бірнеше ел осындай өнім шығарып, бәсекелес болып тұрғанда арқаны кеңге сала алмайсыз. Міне, сондықтан осы кәсіппен «мұрты майланған» алыс-жақын елдердің тәжірибесін зерттеп, пайдалысын кәдеге жаратып, әрекет жасау – уақыт талабы. Осы мақсатта, қазіргі таңда Қазақстандағы аммиак селитрасын өндіретін жалғыз кәсіпорында қайта құру жұмыстарын жаңғыртудың екінші кезеңі жүргізіліп жатыр. 2014 жылы зауытты жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталған болатын. Сондай-ақ, «ҚазАзот» өзінің негізгі шикізаты - табиғи газ өндірісі көлемін арттыру мақсатында өздеріне игілігіндегі «Шығырлы-Шөмішті» кен орнының аумағын кеңейтуде. «ҚазАзот» ЖШС –і зауытында Қазақстандағы аммиак селитрасының 90 пайыздан астамы өндіріледі. Кәсіпорын өнімін еліміздің ауыл шаруашылықтарына ғана емес, Ресей, Грузия, Польша, Прибалтика, басқа да елдерге шығарып келеді. Сұраныс көп. Бір ғана мысал, 2013 жылғы көрсеткіш-170 мың тонна болса, 2016 жылы оны 320 мың тоннаға, яғни, екі есеге арттыруға мүмкіндік берді. Аммиак өндіру цехы жаңартылып, ол тәулік бойы жұмыс істейтін болды. - Жаңғыртудың екінші кезеңі өнімділікті арттырып, экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға: өнімнің өзіндік құнын арзандатып, су және электр энергиясына деген шығындарды азайтуға бағытталған. Бұл ретте, біз Ресейлік және басқа да шетелдік кәсіпорындардың жұмыс тәсілдерін, тәжірибелерін зерттеу арқылы тиімді нәтижелерге қол жеткіздік. Сонымен бірге негізгі шикізат-газ өз меншігімізде болғандықтан, тегін тұтынып, тасымалға ғана ақша төлейтіндігіміз көп мәселені шешіп отыр, -дейді «ҚазАзот» ЖШС бас директорының орынбасары-бас инженер Владимир Башмаков. Жаңғыртудың екінші кезеңін іске асыру барысында шығарылатын өнім көлемі жылына 400 тоннаға дейін өседі. Кәсіпорын қуатты 38,9 МВТ бу шығаратын «Газпоршеньдік электр станциясының құрылысы» жобасын іске қосты. Бұл өз кезегінде «Маэк-Қазатомөнеркәсіп» сияқты монополист кәсіпорындардан алынатын электр қуаты көлемін шектеуге, шығынды азайтуға көмектеспек. Үнем жүрген жерге табыс келетіні тағы белгілі.
Болат ҮМБЕТОВ