Бес жылдан бері Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат ұлттық комиссиясы ұйғарымымен отбасының мәртебесін арттыруға арналған Жалпыұлттық «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіліп келеді. Байқау шарты бойынша әр аймақтың аудан-қалаларында іріктеу кезеңі өткізіліп, облыстық байқауда жееңіске жеткен бір ғана үміткер өңір намысын қорғау үшін республикалық ақтық мәреге жолдама алады. Биыл да бұл игілікті шара өз жалғасын тапты. Республикалық жеңімпаздарды іріктеуге SMS-хабарламалар және интернет-ресурс арқылы интерактивті дауыс беру жолымен елдің барлық тұрғындары қатыса алады. Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Ендеше, әрбір жанұяның мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық.
Өткен жұма күні көрермен қауым «Абай» мәдени-кешеніне облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының қорытындысыымен танысу үшін жиналды. Алғашқы құттықтау сөз сөйлеу құрметіне Нұр Отан облыстық филиалының бірінші орынбасары Н.Тумышев:
- Байқауға облыстың түкпір-түкпірінен 40-қа жуық отбасы қатысты. Отбасын сүймеген Отанын да сүйе алмайды. Бүгін байқау жеңімпаздарын марапаттауға жиналып отырмыз. Қазақстанымыз көркейе берсін, көк байрағымыз желбірей берсін! - деді.
Алматылық өнерпаз Әбдірайым Өміровтің орындауында «Туған ел» туындысын тамашалаған соң, облыстық байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған отбасыларды құттықтау рәсімі басталып, ІІІ орын алған отбасы – жаңаөзендік ардагер мұнайшы, 6 баладан 19 немере, 5 шөпшек сүйіп отырған Таңбай Қойшыбаевтың отбасы мүшелерін облыс әкімі аппаратының жетекшісі Асқар Киікбайұлы құттықтап, бағалы сыйлық пен «ЭКСПО-2017» көрмесінің 2 билетін тапсырды. Осындай жүлдеге ие болған бейнеулік құрылыс саласының белгілі маманы, сәулетші Рәббім Борашевтың отбасын құттықтауға Бану Ғаниқызы сахнаға шығып, жүлдегер отбасына бағалы сыйлықпен қоса «ЭКСПО-2017» көрмесіне 2 билет табыс етті.
Шараға жиналған көпшілік классикалық вокал студиясының жетекшісі Шолпан Берікбаеваның «Бұлбұл» әнін, «Молодость» джаз ансамблінің сүйемелдеуімен «Калибри» сән театрының өнерін тамашалады.
Облыс әкімі орынбасары Шолпан Ильмухамедова шетпелік ауылшаруашылығы саласының ардагері, 11 бала, 42 немере, 23 шөберенің атасы Есмырза Жаңбыршиевтың отбасын жүлделі ІІ орнымен құттықтап, бағалы сыйлық пен Астанада өтетін халықаралық көрменің 2 билетін тапсырды.
Бұдан соң көрермендерге ақтаулық «Жұлдыздар» квартеті «Джулия» әнін, Альфия Ахметова мен «Восторг» би ансамлі өз өнерлерін тарту етті.
І орын алған түпқарағандық Қанжановтар отбасын көпшілік алдында облыстық Нұр Отан филиалының бірінші орынбасары Нури Тумышев құттықтап, бағалы сыйлық пен «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған 2 билет сыйлады.
«Абай» мәдени кешені «Радуга» балалар шығармашылық студиясының «Ертегілер» вокалды тобы «Мама», Қарашаш Нысанова «Сағыныш күйі» әнін орындап, көрермен қошеметіне бөленді.
Түпқарағандық 9 бала тәрбиелеп өсірген, Түпқараған ауданының құрметті азаматы, «Еңбек қызыл ту» орденінің иегері Тәуірхан Қанжанов пен «Алтын алқа» иегері Айсәуле Жапекованың отбасы облыс намысын Астанада өтетін республикалық байқауда қорғайтын болады.
Үміт ЖӘЛЕКЕ