Ұстаздарға зор жауапкершілік жүктеледі
[ 2017 ] 29 мамыр, 05:58 | Жаңалықтар
Жемқорлық деген - жегі құрт. Қоғамды осы бір індеттен арашалау үшін жұмысты өскелең ұрпаққа білім беруші мекемеден бастаған «Ақтау қалалық ауған соғысы ардагерлерінің жауынгер бауырластар» қоғамдық бірлестігі №11 орта мектеп оқытушыларымен кездесу ұйымдастырды.
Басқосу ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен, аталған департаменттің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асты. Онда агенттіктің аймақтағы департаменті басшысының орынбасары Қайрат Бәйгебаев пен сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Ербол Жұмабай баяндама жасады. Олар әсіресе мектеп бітіру кезінде оқушылар мен ата-аналардың ұстаздарға сыйлық беру үрдісі белең алатынын атап, бұл әрекеттің де жемқорлық саналатынын ескертті. Жұмысқа алуда, сағаттарды бөлуде мектеп басшылығының да мұндайға жол беруі мүмкін. Олардың сөзінше аталғандай жайттар мемлекеттік мекемелерде шаруасын өз қызметі шеңберінде реттеген қызметкерлерге қатысты тұрғындардың ризашылығы түрінде де көрініс тауып жатады екен.
Сондықтан әрбір адам сыбайлас жемқорлыққа әкеліп соғатын қарым-қатынасты өз деңгейіне жете түсініп, оған "жоқ" деу керек,- дейді мамандар. Сондай-ақ департамент өкілдері жемқорлықпен күресуді ұрпақтың бойына осы бастан сіңіретін ұстаздарға бұл тұрғыдан зор жауапкершілік жүктелетінін тлге тиек етіп, сұрақтарға жауап берді.
Дерттің дауасы жөнінде қоғамдық бірлестік төрағасы М.Шаулиев, алматылық ауған соғысының ардагері Б.Құрамысов, мектеп директоры Қ.Әділбекова да ойларын ортаға салды.
834
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.