Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры Түркияның Трабзон қаласында өткен Қаратеңіз жағалауы елдерінің XVIII театр фестивалінде табысты өнер көрсетіп, сый-сияпаттармен оралды. Бұл дəстүрлі фестивальге аталған елдердің жеті жəне арнайы шақырумен Қазақстаннан Жантөрин театры мен Литвадан бір театр қатысты. Сахналық өнер ұжымдарының шығармашылық байқауы жəне шеберлік сырлары мен тəжірибе алмасуы, аталған елдер арасындағы мəдени ынтымақтастықты нығайту мақсатындығы фестиваль бағдарламасына жерлестеріміз У.Шекспирдің "Гамлет" трагедиясын ұсынды. Спектакльдің қоюшы режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Г.Мирғалиева. Басты рольдерді театрдың Р.Ақтаев, С.Сейтқожаева, К.Башаров, М.Өміралиев, С.Сəрсен, Ғ.Тілеген, Е.Бекен, т.б. талантты актерлер сомдаған қойылымның екі көрсетілімі де аншлагпен өтті. Жергілікті көрермендер мен əріптестері маңғыстаулықтар өнеріне үлкен қошамет көрсетті. Атап айта кетелік,былтыр Ақтөбе қаласында өткен Республикалық театр фестивалінде бұл қойылым жақсы бағаланып, Гамлет ролін ойнаған Кенжебек Башаров "Үздік ер адам ролі" аталымы бойынша жеңімпаз атанған болатын. Əлемдік классикалық туындыны сахналаудағы шеберліктері жəне бағдарламалық мəдени-көпшілік шараларға белсене қатысқаны үшін Н.Жантөрин театры фестивальді ұйымдастырушылар мен ТҮРКСОЙДЫҢ арнайы жүлделерімен марапатталды. Осы өнер сапары арқылы біз Елбасымыздың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында алдымызға қойылған ұлттық мəдениет пен өнердің жетістіктерін əлемдік деңгейде насихаттап, өзге елдермен мəдени байланыстарды нығайтуға үлес қосу жөніндегі міндеттерге атсалысып бастадық. Өзіміздің өремізді көрсетіп, өзгелердегі де кəсіби өсуге қажет тəжірибе, машықтарды үйрендік. Бұл бізге жазда Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінде елордалықтар мен əлемнің əр түкпірінен келетін қонақтар алдында да ойдағыдай өнер көрсетуімізге жақсы сабақ болды. Ал, ЭКСПО-2017 көрермендеріне Әбіш Кекілбаевтің «Шыңырау» повесінің желісі бойынша сахналанған осы аттас драма мен Сұлтанбек Құдайбергеннің «Перзентхана» қойылымын ұсынамыз, - дейді шығармашылық топты бастап барған театр директоры Нұрнияз Мұханов.
Артур САЛПЫҚОВ