Халықаралық мейірбикелер күні-дүниежүзінде орта буын медицина қызметкерлеріне құрмет көрсететін күн. Өйткені адам жанына араша болған ақ халаттылардың адал да, құрметке лайық қызметінде, дәрігерлермен қатар мейірбикелердің де медициналық көмектің сапасын арттыруда қосып жүрген үлесі зор. Кәсіби мерекеге орай Маңғыстау облыстық ауруханасында өткен салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісімен Маңғыстау облыстық ауруханасының мейірбикесі Рая Қуанышева, Министрліктің «Құрмет грамотасымен» Бейнеу аудандық орталық ауруханасының аға мейірбикесі Роза Айтжанова, Министрліктің алғысхатымен ОТҚД-нің мейірбикесі Разия Сахыева марапатталды. - Мен 1977 жылы Гурьевтегі медучилищені тәмамдап, аймаққа келіп, қызметке араластым. 40 жылдан бері Маңғыстау облыстық ауруханасының ота бөлімінде еңбек етемін. Еңбегім еленіп, мерекеде «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісімен марапатталғаныма өте қуаныштымын. Өңірде бес мыңға жуық мейірбике жұмыс істейді екен, солардың ішінен осы уақытқа дейін «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісін әріптестерім Татьяна Мельниченко, Тілектес Кереева алған еді. Үлкен марапатқа бүгін үшінші болып мен ие болдым. Барлық әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын. Бейбіт заманда абыройлы еңбек етіп, әрдайым биіктен көріне берейік,-дейді Маңғыстау облыстық ауруханасының мейірбикесі Рая Қуанышева. Мейірбикелерді кәсіби мерекелерімен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының м.а. Клара Оралбаева, Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры Нұрлан Мұханов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Кузанов құттықтап, ақжарма тілектерін ағытты. Салтанатты шарада ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мерекелік құттықтауын жеткізген Клара Оралбаева Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының «Құрмет грамотасын» асқан жауапкершілік пен адал қызмет атқарған № 2 Ақтау қалалық емханасының мейірбикесі Жұмабике Увалиеваға, Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы жұқпаға қарсы бақылау кабинет мейірбикесі Надежда Айтуароваға, облыстық туберкулезге қарсы диспансері физиотерапевт кабинетінің мейірбикесі Алтынай Жанқұловаға, Бейнеу орталық аудандық ауруханасының аға мейірбике Зәуре Қабдоловаға, Бейнеу орталық аудандық ауруханасының мейірбикесі Маруа Бержановаға табыстады. Сонымен қатар Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының «Алғыс хатымен» Ақтау қалалық перинаталдық орталығының акушер мейірбикесі Айнұр Медетова, № 2 Ақтау қалалық емханасының мейірбикесі Айкүнім Тоқтарбаева, Қарақия орталық аудандық ауруханасының мейірбикесі Бибігүл Көшкінова, Жаңаөзен қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының фельдшері Марат Исанов, облыстық инфекциялық ауруханасының №2 бөлімінің аға мейірбикесі Малика Умарова марапатталды. Одан бөлек, бірқатар жекеменшік медицина ұйымдарының мейірбикелері де марапатқа ие болды.
Венера МИРЛАН