12 мамыр 2017 жылы Ақтау қаласы 30 шағын ауданында орналасқан «Білім-инновация лицейінде» «Білімді ел-Мәңгі ел» тақырыбында білім көрмесі өткізілді. Көрмені ұйымдастырушы «Білім-иннвовация лицейінің» басшылығы, ұстаздары және оқушылары. Мақсаты – сабақта қолданатын инновациялық технологияларды, олардың тиімділігі мен қолжетімділігін көрсету, оқушылардың жасаған зертханалық тәжірибелерін өзгелерге таныстыру. Салауатты өмір салтын ұстануды, зиянды әдеттерден аулақ болып, білім мен ғылымды терең меңгеруді насихаттау, «ЭКСПО-2017» көрмесіне жас дарындардың өз үлесін қосуына ықпал ету. Оқушылар көптеген пәндер бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өздері жасаған эксперименттер мен макеттерді, робототехника үлгілерін, пәндік ойындарды Ақтау қаласының мектептерінен келген оқушылардың назарына ұсынып, бірге тамашалап, пікір, тәжірибе алмасты. Көрменің ашылу салтанатына Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мамаева Гүлмира Қасымқызы, Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Боранбаева Қатира Қарасаевна қатысып, алғыстарын білдірді. Мектепте орналасқан білім көрмесі кімнің де болса қызығушылығын арттырары сөзсіз. Оның ішінде информатика пәні бойынша ойын және сезгіш роботтар, физика, химия, биология пәндерінен көрсетілген зертханалық жұмыстар оқушыларға үлкен әсер етті. Математика пәнінен жасалынған логикалық ойындар, қазақ, орыс, түрік халықтарының салт-дәстүрлері мен ұлттық тағамдары да көрсетілді. Түрік тілінен қазақ сөздерінің баламалары айтылып, оқушылар Түркияның тарихи орындарымен танысты. Химия пәні бойынша күнделікті өмірде қолданатын тәжірибелер, газ қауіптілігінен сақтану секілді ақпараттар берілді. Ал биология пәнінен адам ағзасына әсер ететін тағамдар жайлы айтылып, тарих пәнінен тұлғалардың сирек кездесетін фотосуреттерін тамашалады. Маңғыстау облыстық білім басқармасының қызметкерлері мен мектеп басшылары, мұғалімдер мен оқушылар көрмені қызықтап, өз ризашылықтарын білдірді.
Мадина ҒАНИҚЫЗЫ
«Білім-инновация» лицейінің тарих пәні мұғалімі
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ