1592 кітап оқыған
[ 2017 ] 27 сәуір, 09:26 | Жаңалықтар
Кітап – адам баласы ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал, білім мен тәрбие көзі. Ол – адамзат жасаған ең ұлы кереметтердің бірі. Халықаралық кітап күнінің 23 сәуір күні тойлануына М.Сервантес, В.Шекспир, И.Вега, М.Дрюон секілді белгілі жазушылардың осы күні дүниеге келіп, дәл осы күні дүниеден озуы себеп болған.
Мереке Халықаралық кітап баспа қауымдастығының қолдауымен 1969 жылдан тойланып келеді. 1995 жылдың 16 қарашасында өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 28 сессиясында мереке туралы қарар қабылданып, 23 сәуір «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық қорғау күні» болып жарияланды.
Жетібай ауылдық кітапханасының онлайн орталығында 23 сәуір – дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Ашық есік күндері» аясында оқырмандармен кітапхананың ардагер оқырманы Қамидолла Бижановпен оқырман бенефисі өткізілді.
Аймағымыздағы кітапқұмарлар қатарынан кітапхана қорынан 1592 кітап оқыған Қамидолла Бижановты да қосуға болады. Ол жиын барысында өзі оқыған кітаптардан алған әсерімен бөлісіп, жастарды кітап оқуға шақырды. Әлішер Науаи айтқандай: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына». Біз кітап арқылы білімге ғана жол ашпаймыз, жаңа идеялардың кілтін табамыз, рухани және материалдық құндылықтарға қол жеткіземіз, сұлулықты түсінеміз. Кітапханашы Жеміс Төлеубердіқызы озат оқырманға уақытын бөліп арнайы келгені үшін рахмет айтып, ескерткіш сыйлық тапсырды.
Бенефис кезінде оқырмандарға «Кітап - ғасыр қазынасы» атты кітап көрмесі таныстырылды. Кітап көрмесіне қазақ баспаларынан жаңадан шыққан көркем-әдеби, қоғамдық-саяси, құқықтық әдебиеттер қойылды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
1143
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.