Еліміздің экспорттық әлеуетін ұлғайту, халықаралық тауар айналымын арттыру мақсатында Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес экономика секторының түрлі саласында бірқатар маңызды іс-шаралар жүзеге асуда. Ақтау қаласында ҚР Техникалық реттеу және метрология комитетінің бастамасымен, «Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты» РМК ұймдастыруымен аймақтық семинар өтті. Семинардың басты тақырыбы – «Техникалық реттеу, метрология және менеджмент жүйелері саласындағы қызметкерлерді даярлау және біліктілігін арттыру». Жасампаз жоба «ҚР 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы» және 2020 жылға техникалық реттеу және метрология жүйесін жетілдіру кешенді жоспары шеңберінде жүзеге асырылуда. Бағдарламаның басты мақсаты- түрлі деңгейдегі техникалық реттеу, метрология және менеджмент жүйелері саласындағы өнеркәсіптік ұйымдар қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру. Семинар үш күнге созылады. Қатысушыларға зор тәжірибелі, аса беделді, білікті мамандар дәріс оқиды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасындағы техникалық реттеу негізгі ережелері мен стандарттарын әзірлеушілер, сондай-ақ сертификаттау және сәйкестікті бағалау саласындағы халықаралық сарапшылар, аудиторлар бар. Семинар аясында мекемелер мен ұйымдар ЕЭО аумағында технологиялық реттеу жүйесінің ерекшеліктерімен, стандарттау саласындағы жаңа бағыттар, халықаралық стандарттау талаптары турасында мол мағлұматқа қанықты. Сонымен қоса, Бүкіләлемдік сауда ұйымының келісімдері, каталогтау жүйесі, ҚР-дағы аккредиттеу жүйесі жөнінде маңызды деректерден құлағдар болады. Әрі кәсіпорындардың қызмет ету бағытына сәйкес техникалық регламенттер ерекшеліктері, мемлекеттік өлшем бірліктерін қамтамасыз ету мәселесі турасында пікір алмасады.
Қатысушылармен аса зор тәжірибесімен бөлісетін лекторлардың бірі – Қуаныш Елікбаев. Қуаныш Елікбаев Мәскеу қаласындағы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі ретінде қызмет еткен, Кеден Одағының техникалық реттеу құжаттарын жасақтау жобасын жүзеге асырған. Қазіргі таңда ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті «Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты» РМК бас директорының орынбасары ретінде қызмет атқарады.
«Семинар биыл үшінші мәрте өткізіледі. Баршаға мәлім Елбасы өз Жолдауында Үкіметке 2025 жылға қарай шикізаттық емес тауар экспортын екі есе ұлғайту тапсырмасын жүктеді. Семинар аясында Маңғыстау өңірінде орналасқан кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндігін бағамдап, техникалық реттеу механизмдерін, стандарттау жүйесін қолдану әлеуетін бағалаймыз. ЕЭО, ДСҰ талаптарына сай жаңа жобаларды жүзеге асыру, бәсекелес ортада жеке көзқарасты қорғауға үйретеміз. Семинарға өңір бойынша 30-ға жуық мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, құрылыс және өзге кәсіпорын өкілдері қатысып отыр. Қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады. Мемлекет сан сала мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға аса көңіл бөліп отыр»,-дейді Қуаныш Елікбаев.
«Каспий битум» зауыты еліміз бойынша мұнай шикізатын өңдеу нәтижесінде битум өнімін өндіретін тұңғыш кәсіпорын ретінде мәлім. Бұл семинарға екінші мәрте қатысамын. Семинарда өзекті мәселелер сөз болып, кәсіпорын жетекшілерін толғандыратын сауалдарға нақты жауаптар беріледі. Әрі басқосуда алынған теориялық мәліметті іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік аламыз. Атап айтсақ, БСҰ, ЕЭО аумағындағы техникалық реттеу жүйелері турасында толық ақпарат аламыз. Біздің зауыт халықаралық экспортқа шығуды көздеп отыр. Биылдан бастап алғашқы экспорттық өнім сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Алдағы уақытта зауыт өнімі Таяу Шығыс және Еуропа нарығына жол тартпақ. Сондықтан біз үшін халықаралық стандарттау және сертификаттау мәселесі өте маңызды»,-дейді «Каспий Битум» зауыты техникалық бөлімінің инженері Бибігүл Шакирова.
Голрох Жеменей