©
Ералы Тоғжанов Мемлекеттік кірістер департаментінің ұжымымен кездесті.
1 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметімен танысты.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов аймақ басшысына салық тексерістерін қысқарту, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру және жұмыс барысының автоматтандырылуын тездету бойынша қазыналық органның жұмысы туралы баяндады.
Сондай-ақ, Ералы Тоғжановқа барлық мемлекеттік органдардың электронды базасын біріктіретін және салық төлеушілер туралы ақпараттары бар «Атқарушы биліктің геоақпараттық картасы» таныстырылды.
- Бұл карта – мемлекеттік органдардың жұмыс сапасын бақылауға арналған тиімді құрал. Облыс әкімінің орынбасары Әнуар Шөжеғұловқа қылмыстық ахуал бойынша ағымдағы жағдайды, кәсіпкерлерге бөлінген жер телімінің игерілуін, құрылыс жұмыстарын көрсететін осыған ұқсас картаны жасауды және соның таныстырылымын өткізуді тапсырамын, - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар, аймақ басшысы департамент ұжымымен кездесіп, оларды Наурыз мейрамымен құттықтады.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Серік .МАЙЕМЕРОВ