Мұнай-газ маңызы зор сала. Өйткені ол экономикалық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз ететін Ұлттық қор түсімдерінің 99%-н, жалпы ішкі өнімнің ширек бөлігін алатын экспорттың 70%-н құрайды. Ал, осы саланың өркендеуіне аймағымызда нәзікжандылардың да қосып жүрген үлесі зор. Олардың қатарында «Қаражанбасмұнай» мекемесіне қарасты №1 мұнай өндіру цехының техник-геологы-Айман Қостанбекова да бар.
Кейіпкеріміз Айман-1968 жылы 14 желтоқсанда Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз станциясында дүниеге келген. Әкесі Бөкенбай-жүргізуші, кейін слесарь болып еңбек етсе, анасы-Ұлдай аспазшы болып жұмыс істеген. Шаттығы жарасқан шаңырақта Айманнан бөлек екі ұл мен жеті қыз тәрбиеленген. Тәлімді отбасынан шыққан Айман Сағыз станциясында 8 жыл білім алып, кейін 10 сыныпты Мақат ауданынан тәмамдайды. Мектепті аяқтаған соң 1985 жылы Жаңаөзен қаласындағы мұнай техникумына құжат тапсырып, техник-геолог мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын Жетібай кенорнында жерасты қысым айдау ұңғымасында оператор болып бастайды. Тәжірибе жинақтап, кейін «Қаражанбасмұнай» кенорнына жұмысқа ауысады.
-1989 жылдың 17 наурызында «Қаражанбасмұнай» кенорнына жұмысқа қабылдандым. Бір мекемеде тапжылмастан еңбек етіп келе жатқаныма биыл 28 жыл болыпты. Ауысыммен жұмыс жасауға әбден үйрендім. Әрине алғашқы жылдары қиын болды. Еліміз тәуелсіздік алмаған кездері мұнай саласын игеру де оңай болмағаны рас. Қазіргі таңда кенорындарына жаңа техника мен технологиялар енгізіле бастады. Барлық цехтар мен мұнай айдау ұңғымаларының қызметі автономды режимге көшті. Жұмысшыларымыз да соңғы, заманауи технологиялармен жұмыс жасауда. Мен алғаш жұмыс жасаған кездері ұңғылардың тәулігіне неше мұнай беріп тұрғатындығына өлшемді қолмен жасайтынбыз. Қазір барлығы компьютер арқылы жүргізіледі. Техника дамыды деген осы,-дейді Айман Қостанбекова.
Жас маман бар білгенін аямай ортаға салып, алған білімін пайдаға асырады. Осылайша жақсы жұмысшы ретінде қабырғасы қатайып, тәжірибесі шыңдалады. Араға көп уақыт өтпей №1 мұнай өндіру цехының техник-геологы болып ауысады. Қызметінің қыр-сырын жетік меңгерген еңбекқор жан артылған сенімді ақтап, өзіне жүктелген жұмыстарды абыроймен атқарып, басшылық тарапынан алғысхаттармен, медальдармен марапатталады.
- Қазір менің міндетіме-құжаттарды толтыру, тәуліктік рапорт қабылдау, операторлардың күнделікті жасап жатқан жұмыстарын компьютерге енгізіп отыру жатады. Менің қасымда Айжан атты ару да техник-геолог болып жұмыс жасайды. Ұжымда барлығымыз ауызбіршілікте еңбек етеміз. Жас мамандар да жұмысқа қабылданып жатыр. Оларға да бар білгенімді үйретіп, ұзақ жылғы жинаған тәжірибиеммен бөлісіп отырамын,-дейді Айман Қостанбекова.
Жемісті еңбегімен еленген Айман отбасының да ұйытқысы. 1995 жылы Нұржан есімді азаматпен жұбы жарасып, шаңырақ көтереді. Жолдасы да мұнай саласының белді қызметкері, технологиялық көлік және ұңғыларға қызмет көрсету басқармасының өндіріс басшысы болып еңбек етеді. Үлкен ұлы Аббат-болашақ мұнай саласының маманы болса, Алтынайы-болашақ кинорежиссер. Қос ұлы Алмат пен Азамат үлгілі мектеп оқушысы.
- Жұмыста-техник-геолог болсам, үйде-келінмін, ардақты ана, асыл жармын. Ауысыммен жұмысқа кеткенімде анамдай болып кеткен қамқор жан, жолдасымның анасы балаларыма қарайды. Перзенттерімнің тәрбиесі сол кісінің мойнында. Үйде береке болып, өзара түсіністік орнағансын да мен алаңдамай жұмысыма кете беремін. Әрдайым қолдау көрсететін аналарыма, жолдасыма, балаларыма ризашылығымды білдіргім келеді. Бар тіршіліктің тұтқасын ұстап тұрған аналар, мейірімді әжелер, әдемі аруларды көктемнің мерекесімен құттықтаймын. Әрқашанда шаңырақтарыңыздың берекесі болып, жүздеріңізден нұр шашып жүре беріңіздер. Баршаңызға зор денсаулық пен баянды бақыт тілеймін!,-дейді бізбен қоштасарда Айман Қостанбекова.
Өз ісінің шебері Айман қолы бос уақытында ән айтып, әр ұлттың билерін билегенді ұнатады. Қоңыр даусымен қазақтың мақтаныштары Мақпал мен Розаның репертуарларындағы әндерді төгілтіп тұрып шырқағанда, еріксіз ұйып тыңдап қаласың. Кейіпкеріміз кенорнында өтетін мәдени шараларға белсене қатысып, жарқырап шығып, сахнаның сәнін де келтіреді.
Венера МИРЛАН