Алғыс айту күніне орай Маңғыстау облыстық стоматология орталығында мерекелік шара өтті. Шара барысында ардагер стоматологтарға құрмет көрсетіліп, «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген дәрігер-стоматолог» төсбелгісі табысталды.
- Елбасының Жарлығымен осымен екінші жыл қатарынан алғыс айту күні елімізде тойлануда. Сондықтан да баршаңызды көктем мерекесімен, алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы айтқандай алғыс айту күні шынында бізді өзара жақындастыра түседі. Алғыс айту тек алғыстың күні емес, ол сондай-ақ, достықтың, бірліктің мерекесі. Елімізде әрдайым береке орнап, деніміз сау, басымыз аман болып, әр көктемге амандықпен жетейік,-деген Маңғыстау облыстық стоматология орталығының директоры Қуат Машырықов бүгінде аймақта 71 жекеменшік және 8 мемлекеттік стоматологиялық кабинеттер жұмыс жасайтынын атап өтті. Сондай-ақ, өткен жылы облыстық стоматология орталығы 6 жас маманмен толыққанын жеткізді.
Тағылымды шарада ардагер-стоматологтар Серікқали Көпбергенов, Бексат Өмірзақов, Ұзақбай Елемесовке Қазақстанның бірыңғай ұлттық стоматологтар қауымдастығының «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген дәрігер-стоматолог» төсбелгісі табысталды. Ардагерлер де өз кезегінде алғыстарын айтып, мерекеде құрмет көрсеткен дәрігерлерге ризашылықтарын білдірді.
- Ұзақ жылдар стоматология саласында еңбек еттім. Менің жолымды қуып ұлым Әсет те осы мамандықты таңдады... Бүгінгі мерекеде құрмет көрсетіп, арнайы марапаттап жатқан жандарға алғыс айтамын. Бүгін қазақстандықтардың бірлігі мен татулығының мерекесі. Осындай бейбіт күнде өмір сүріп жатқанымыз үшін ата-бабаларымызға мың алғыс. Елімізде әрдайым тыныштық орнап, дамыған елдердің қатарынан көріне берейік,- дейді ардагер-дәрігер Ұзақбай Елемесов.
Венера МИРЛАН