Әзірбайжан астанасы Бакуде дзюдодан өткен халықаралық турнирде жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Дүбірлі додадан маңғыстаулық 9 балуан топ жарды. Қуанышты жаңалықпен «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Асхат Хапанов бөлісті.
Жарысқа 12 салмақ бойынша 200-ден астам балуан қатысып, боз кілемнің шаңын қақты. Халықаралық турнирде 55 келі салмақта күрескен маңғыстаулық балуан Төрекен Қобыланов пен 60 келі салмақта белдескен Жасұлан Асанов тұғырдың ең жоғарғы сатысына көтеріліп, алтын медальдармен апталды. Одан бөлек, 35 келі салмақта Қуанышбек Көмеков, 38 келі салмақта Ержігіт Тәжімұрат, 42 келі салмақта Нұрлыбек Садықов, 55 келі салмақта Дарын Аймұратов, 90 келі салмақта Амир Алдабергенов топ жарып, күміс жүлдені қанжығаларына байлады. Үшінші орынды 42 келі салмақта Талғат Климов пен 60 келі салмақта Жандос Сағынғалиев иеленіп, қола медальдарды кеуделеріне тақты.
-Бұл турнир 2002-2004 жылы туған спортшылар арасында өтті. Жарысқа балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінен 9 балуан қатысып, барлығы да жүлделі орынды иеленді. Халықаралық деңгейде өткен жарыстан мұндай көрсеткіш көрсетудің өзі үлкен мәртебе. Жарыстан бөлек спортшыларымыз оқу-жаттығу жиынына қатысып, білікті бапкерлерден дәріс алып, шеберліктерін шыңдады. Бұл бір жағынан ҚР чемпионатының алдындағы оқу-жаттығу жиыны болып есептеледі,-дейді «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Асхат Хапанов.
Венера МИРЛАН