Ақтауда бокстан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының Чемпионаты мәресіне жетті. Жарыс қорытындысында облыс қоржыны бір алтын, екі күміс және үш қола медальдармен толықты.
Алғашқы алтынды жерлестеріне түпқарағандық 48 келі салмақта жұдырықтасқан Нұрбек Орысбай сыйлады. Ақтық сында Нұрбек қарағандылық боксшы К. Серікбаевпен кездесіп, 3:0 есебімен жеңді. Өткен жылы Нұрбек-Ресейде өткен халықаралық турнирде алтын және Орынборда өткен турнирден күміс медальдарды иеленген болатын. Былғары қолғап шеберін жарысқа жеке бапкері Асқар Камалов дайындады.
-Нұрбек-өте керемет өнер көрсетті. Жерлестерінің үмітін ақтап, жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының Чемпионы атанды. 15 жасар Нұрбек осы кезге дейін 50 кездесу өткізіп, оның 45-інде жеңіске жеткен болатын. Жарысқа өңірдің боксшыларын Маңғыстау облысының аға бапкері Ғалым Бекқұлов дайындады. Жарыста 1,2 орын алғандардан Қазақстанның жасөспірімдер құрама командасы жасақталатын болады. Енді олар ел намысын биылғы жылы өтетін Азия, Әлем чемпионаты мен халықаралық турнирлерде қорғайды. Жалпы облыста 1000-ға жуық жасөспірім бокспен айналысады,-дейді Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Бокс бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» басшысы Ердос Жаңабергенов.
Сондай-ақ, 50 келі салмақта мұнайлылық Алдияр Ішберген мен 80 келі салмақта жаңаөзендік Азамат Набатов күміс медальдің иесі атанды. Қола медальдар мұнайлылық былғары қолғап шеберлері Жандос Қошмұхан мен Мұрат Қыдырәлі және ақтаулық Нұрас Жеңіске бұйырды.
Жалпы байрақты бәсекеде еліміздің әр өңірінен келген 2001-2002 жылы туған 162 былғары қолғап шеберлері бас қосты. Маңғыстаулықтар 23-28 қаңтар аралығында теннис орталығында өткен жарыста 100 жұптың өнерін тамашалады. Дүбірлі додада облыс намысын Абылай Қалимов, Нұрбек Орысбай, Жандос Қошмұхан, Ішберген Алдияр, Қыдырәлі Мұрат, Нұрдәулет Бақытжан, Рыскелді Сұлтанов, Жасұлан Бекболұлы, Арман Келеманов, Нұрас Жеңіс, Оразбек Нөкер, Азамат Амангелдиев, Азамат Набатов, Абзал Күлжан қорғады.
Венера МИРЛАН,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН