Облыстық әкімдіктің кіші залында облыс әкімі жанындағы қала сәулет құрылысы кеңесінің отырысы болып өтті. Кезекті жиынға кеңес мүшелерінен басқа департамент басшылары, құрылыс компанияларының өкілдері мен журналистер қатысты. Қазақстанның Құрметті сәулетшісі, халықаралық архитектура академиясының профессоры Аркинжан Маметов Ақтауды бас жоспарға сәйкес дамыту мен солтүстік бағытта кеңейту жобасымен таныстырды.
Жаңа жоба бойынша облыс орталығы алдағы 15-20 жылда адам танымастай өзгермек. Ақтаудың солтүстік бағытында қазіргі 18, 33, 34 және 35 шағынауданға қарай кеңейіп, тағы 13 шағынаудан пайда болады. Қала орталығы жаңарып, кезең-кезеңімен салынған жаңа бөлікке шамамен 110 мың тұрғын қоныстанады.
- Кез келген қаланың орталығы болуы керек. Орталық – қаланың басқа жақтарына қарағанда, әсем де ерекше болуы тиіс. Қандай да бір тарихи мәні де болуы керек деп санаймын. Жаңа жобадан Ақтаудың орталығын көріп тұрғандаймын. Бұл өте үлкен массив, мұнда орналасатын тұрғын үйлер мен ғимараттарды нақтылау қажет. Сондай-ақ, жаңа бөлікте «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер салынуы тиіс, - деді облыс әкімі А.Айдарбаев.
Қала орталығын тұрғызу 15-20 жылға созылады дейді құрылысшылар. Ал, жобаның жүзеге асырылуы, инвесторлар тарту алдағы 3-5 жылда қолға алынатын болады.
— Бұл - Ақтау қаласы орталығы дамуының болашақ жоспары. Жоба қаланың орталығын салуды ғана емес, сондай-ақ, қаланың өсіп-өркендеуін қамтамасыз етуді көздейді. Бүгінгі облыс орталығы 19 және 33 шағынаудандармен шектеліп тұр. Жаңа жоба Ақтаудың тағы 822 гектар жерге кеңеюін мақсат етеді, онда жүз мыңнан астам халық қоныстанады. Бұл әрине, бүгін не ертең болатын жағдай емес. 13 шағынаудан кезең-кезеңмен салынып, қаламыз жыл санап көркейетін болады. Жобада осы аумақтың инфрақұрылымын қарастырып, қажетті су, жылу және электр энергиясының есебін шығару алға қойылып отыр. Жалпы тұжырымдама бекігеннен кейін нақты есебі шығарылады, - дейді облыстық сәулет-құрылыс басқармасының басшысы Н.Жайлау
Жаңа орталықтың құрылысы алдағы 5 жылда басталады деп күтілуде. Онда тұрғын үйлер, бизнес кеңселері, мәдениет ошақтары мен спорттық кешендер тұрғызылмақ.
Деталды жоспарлау жобасы - қала сәулет құрылысын реттеп отыруға қажетті құжат. Жаңа құрылыс нысандарын салу, инвесторларға жер қарастыру сынды мәселелер бұл құжатсыз шешілмейді. Жаңа жобада бас жоспарға сәйкес Ақтаудың жаңа әкімшілік орталығы пайда болады. Құжат сондай-ақ, инвесторлар тартуға мүмкіндік береді. Инженерлік инфрақұрылымы жасақталып, есебі шығарылған жобамен қаражат көздерін табу жеңілірек болмақ,-дейді Қазақстанның Құрметті сәулетшісі, халықаралық архитектура академиясының профессоры А. Маметов. Жобамен танысып, кеңес мүшелерінің пікірлерін тыңдап, бірқатар мәселелерді алға тартқан өңір басшысы тұжырымдаманы қолдайтынын айтты. Құрастырушыларға жобаның нақты есебін шығаруды тапсырды.
Жаңа әкімшілік орталықтың құрылысын қолға алғанда электр энергиясы, су және жылу мәселесіне басты көңіл бөлу керек. Меніңше, детальды жоспарлау жобасында бұл мәселелер нақты көрсетілмеген. Су мен жылу жоқ, электр энергиясының болатынына да сенімім аз. Сондықтан халық үшін аса маңызды инфрақұрылым мәселесі алғашқы орында тұруы тиіс. Бізде көп уақыт жоқ. Қала құрылысына келсек, бірқатар кемшіліктер бар. Мәселен, бұрын 17 шағынаудандағы жерді кез келген мақсатқа берген. Ақтаудың кейбір шағынаудандарында тұрғын үйлерді бір-біріне тақап салған, көлікке орын, адамдарға жол қарастырылмаған. Бұл өте жауапсыздық. Алдағы уақытта детальды жоспарлау жобасы болмаса, бір тілім де жер берілмейді, - деді аймақ басшысы А.Айдарбаев. Қазіргі Ақтау өндіріс аумақтарын қоспағанда 900 гектар жерді алып, қалада 180 мың тұрғын күн кешіп жатыр. Жаңа жоба облыс орталығын тағы 822 гектар жерге кеңейтіп, халық санын 110 мыңға көбейтуді көздеп отыр.
Анар ШАМШАДИНОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ