©
Облыстық әкімшілікте Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы және Қаржыгерлер күніне орай Маңғыстаудың үздік қаржыгерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Экономиканың қаржы секторының қызметкерлері кәсіби мерекесі – Қаржыгерлер күнінде абыройлы еңбегі, жауапкершілігі, кәсібилігі үшін марапатталып, құрметке бөленді. Оларды төл мейрамымен облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ильмұханбетова құттықтады.
— Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы шеңберінде ауқымды шаралар көп өтуде. Бүгінгі мерекелік шарада қаржы саласында ұзақ жыл еңбек сіңірген ардақты ардагерлер де, болашағынан зор үміт күттіретін жас мамандар да бар. Сіздердің әрқайсысыңыз экономикамызды дамытуға үлес қосып жатырсыз. Баршаңызды төл мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңіз сау, еңбектеріңіз жемісті болып, қаржылық қызметте тұрақтылық пен жаңа белестерге жетулеріңізді тілеймін!, — деп жылы лебізін білдірген Ш.Лазарқызы 10 адамды «Қаржы қызметінің үздігі» төс белгісімен марапаттады.
Сондай-ақ 50-ден астам қаржыгерге ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне және Маңғыстау облысының қаржы жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің грамотасы табысталды.
— 1993 жылы «Маңғыстау өнер колледжі» ашылған бойда қызметке орналастым. Қаржы саласында еңбектеніп жатқаныма 25 жыл болды. Қаржы жүйесінде үздік атану – мен үшін зор абырой, еңбегімнің жемісі. Қазақстан экономикасының қаржы әлеуетін дамытуға және күшейтуге үлес қосып жүрген барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын,-деді «Маңғыстау өнер колледжінің» бас бухгалтері, Қаржы қызметінің үздігі Болған Сисимбаева.
Х.ОРЫНБАЙҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ