Биылғы қараша айының 20-30 аралығында еліміздің бес өңірінде «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсету шаралары бойынша ақпараттық-түсіндіру жөніндегі жобаны жүзеге асыру жұмыст ары өтті. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының Маңғыстау облыстық филиалы осындай басқосуларды Мұнайлы, Түпқараған, Маңғыстау аудандары және Жаңаөзен қаласында өткізген болатын. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының соңғысы Ақтау қаласындағы Достық үйінде ұйымдастырылды.
Басқосуды жоба үйлестірушісі Светлана Горбуль ашып, жүргізіп отырды. Ол жобаның мақсаты–«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсету жөнінде әйелдерді хабардар етіп, ақпараттандыру деңгейін көтеру екендігін айтты. Аталмыш мемлекеттік бағдарлама халықты оқыту мен жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу, сондай-ақ мемлекетте оңтайлы еңбек ресурстарын бөлуге бағытталған. Бағдарлама шеңберінде Қазақстан Республикасының халқын жұмыспен қамтуға, жаңа бизнестер ашуға және дамытуға көмек көрсетіледі.
2011-2015 жылдар аралығында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 222,5 мың адам жұмысқа орналастырылды, 35 мың адам, оның ішінде 33,5% әйелдер кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, өз істерін ұйымдастыру үшін шағын несие алды. Соған қарамастан бүгінге дейін жұмыссыздардың саны 451 мың адам болып отыр, олардың 56% әйел адамдар. Әдетте, әйелдер арасындағы жұмыссыздық созылмалы сипат алады, ол 3% құрайды және ер адамдар созылмалы жұмыс деңгейінен жоғары (1,8%).
Әйелдер арасындағы жұмыссыздық отбасы жағдайы және кәмелеттік жасқа толмаған балалары болғандықтан, кейде жұмысқа қабылданарда жасы мен жыныстық белгісіне қарай кемсітушіліктен немесе оқу орнын бітіргеннен кейін тәжірибе мен жұмыс өтілінің болмауына байланысты туындап жататыны жасырын емес.
Осынау мәселелер Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің директоры Қытай Құсайынова, «Актауская кондитерская фабрика «Волна» ЖШС директоры Надежда Карась және бағдарламаға қатысушы басқа мекемелер мен жұмыс берушілер тарапынан көтерілді. Мәселен, Н.Карасьтың сөздеріне сенсек, кондитер фабрикасына жұмысқа негізінен қыз-келіншектер қабылданғанымен, олар мұнда көп тұрақтай бермейтін көрінеді. Жұмысқа үйрену үшін келген әйел-қыздарға кәсіп үйретумен қатар төменгі еңбекақы да төленеді. Толыққанды жалақы маманданып, өзбастақ жұмыс жасай алатын кезде ғана тағайындалады. Бірақ жаңадан келгендердің көпшілігі жаңа жұмысқа машықтанып, осында тұрақтап, дұрыс жалақы алатын күнге жеткенше шыдамай, жұмыстан кетіп қалып жатады. Себебі белгісіз.
Сөз сөйлеген өзге жұмыс беруші кәсіпкерлердің де сөздері осыған ұқсас болды. Бірақ азды қанағат тұтып, көбірек жалақыға қол жеткізу жолында еңбектеніп жүргендер де аз емес.
Сондай-ақ шарада «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына қатысушы қыздар мен келіншектер де өз ойларын ашық айтты. Олардың дені кәсіпкерлік негіздерін үйрену үшін оқудан үмітті. Ал бұған дейін шағын несие алып, өз ісін бастағандары өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар мекемелер мен кәсіпорындарға жақсы жұмысқа орналасып, қомақты еңбекақы алуға мүмкіндігі жоқ немесе өзінің жеке кәсібімен күнелтуді жөн көрген әйелдерді тынбай ізденіп, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға шақырды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН