Облыста «Жаңа серпін» бағдарламасы аясында білім алған 16 жас маманға сертификаттар табысталды. Мемлекеттік бағдарлама аясында аймақта осы уақытқа дейін 203 адам жұмысқа орналасқан болатын.
— Соңғы үш жылда облыста тұрақты түрде сақталып отырған мемлекеттік органдардағы кадр тапшылығы. Қазіргі таңда 500-дан аса бос мемлекеттік лауазымдар тіркелген. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін бағдарлама аясында биыл 60 жұмыссыз азаматты оқыту жоспарланған болатын. Қазан айында-15, қараша айында-16 маманды екі апталық оқумен қамтамасыз етіп, сертификаттарды табыстадық. Барлығы мемлекеттік қызметке дайын үміткерлер. Көбінесе әділет, статистика, кірістер департаменттеріне, қаржы басқармасында мамандарға сұраныс көп. Бүгінде үшінші тобымыз оқып жатыр, жыл аяғына дейін тағы 30 бала екі апталық курстан өтеді. Мамандарды Алматы қаласындағы құқықтық сауат ашу орталығының қызметкерлері оқытып, дайындауда. Әр маманды оқыту үшін 80 мың теңге қарастырылған. Бұл жұмыстар алдағы жылы да жалғасын табады. Жас ерекшелігіне шектеу жоқ, — дейді «Жаңа серпін» КММ директоры Қайрат Рысбаев.
Жалпы бағдарламаны жүзеге асыру бағытында жергілікті қазынадан 75 млн. теңге қаржы бөлінген. Мемлекеттік қызметке маман дайындаудан бөлек жыл басынан бері 85 адам, оның ішінде-7 мүгедек оқытылған. Олар лаборант, битум-эмульсиялық қондырғысының операторы, инженер-технолог, оператор-экструдер, докер-механизатор, тальман, дәнекерлеуші, кран жүргізушісі, ағаш ұстасы, аспаз, жүк көтергіш машинисті мамандықтары бойынша білімдерін толықтырып, шеберліктерін шыңдаған.
— Бағдарлама аясында кеңес алғандар саны-633 адам. Бүгінгі күні www.janaserpin.kz сайты жұмыс жасап тұр, сайтқа жұмыс іздеп хабарласқан 180 азаматтың түйіндемелері орналастырылды. Қосымша хабарласқан 230 азаматтың түйіндемелері өңделуде. Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде парақшаларымыз бар, тұрғындар қажетті ақпаратпен әлеуметтік желіміз арқылы да таныса алады, — деген Қайрат Рысбаев.
Бағдарлама арқылы кеңес алып, екі апталық оқыту курсында білімін толықтырған жанның бірі-Ақтау қаласының тұрғыны Айжамал Туғайбаева.
— Бүгін арнайы сертификатқа ие болып, білімімді жетілдіргенім үшін өте қуаныштымын. Жұмыссыз жүрген жастарға жағдай жасап, курстардан өтіп, жұмысқа орналасуымызға бағыт-бағдар берген «Жаңа серпін» бағдарламасына алғыс айтамыз. Бұл бағдарлама жөнінде облыстық жұмыспен қамту орталығынан естідім. Бұған дейін ауылшаруашылық басқармасында жұмыспен қамту орталығы арқылы барып, уақытша жұмыс жасадым. Енді тұрақты мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасамын деп сенемін, — дейді Айжамал Туғайбаева.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ