Елордадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында ақтаулық алты жасар Виктория Минина қайтыс болды. Маңғыстау облысының әкімдігі оқиғаның алғашқы күнінен бастап жағдайды жеке бақылауға алған болатын. Енді құжаттар заңды түрде рәсімделгеннен кейін Викторияның мүрдесін Ақтауға жеткізуге және жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға көмектеспек. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева мәлімдеді.
— Викторияның ата-анасының, туысқандарының және жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Әрине, бұл өкінішті жағдай. Викторияны сауығып кетеді деп үміттеніп едік. Осыған дейін Маңғыстау облысының әкімдігі баланы Астана қаласындағы Ана мен баланың ұлттық орталығына жеткізуге көмектескен болатын. Викторияның мүрдесін Ақтауға жеткізуге сөзсіз жәрдемдесеміз. Ақтау қаласында өткізілетін жерлеу рәсімдеріне де қолғабыс етеміз. Қазіргі уақытта авиа тасымалдаушылармен сөйлесіп жатырмыз. Құжаттар дайын болғаннан кейін, бірден мүрдені Ақтауға жеткіземіз, — деді БануНұрғазиева.
Естеріңізге сала кетейік, алты жасар қыз 20-тамыз күні 1-29 мекен-жайы бойынша орналасқан «Иваныч» дүкенінің маңайында жоғалып кеткен болатын. Бірнеше сағаттардан кейін полиция қызметкерлері баланы өндіріс аймағынан тауып алған. Виктория бірнеше жарақаттармен Маңғыстау облысының балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер, оның зорланғанын растады.
Венера МИРЛАН