«Жалпақ жұртыңды, исі Алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады»
Н. Назарбаев
Кіндік қаным тамған туған жерімнің дамуына, өсіп–өркендеуіне қуанып, шаттанып жүрген ауылымның бір перзентімін. Қаратаудың күнгей бетінде орналасқан Онды ауылы және бүкіл ел тілегін тілеген аналарымыздың құрметіне арнайы ашылған «Ай-Ана» ескерткіші мен аспанмен таласа бой көтерген аққайыңдар, жасыл желекке оранған ағаштар, мұнарадай бой түзеген Қаратауым мен мұндалап, бірден көзге көрінеді. Туған өлкеме саяхатымды Онды деп аталуынан бастасам, көнекөз қариялар мен туған өлкесінің тауы мен тасын, онда тұрған адамдарын өз шығармаларына арқау еткен жазушы Ә.Кекілбайұлының келтірген деректеріне сүйенсек, «Онды» атауы «Оңды» деген сөзден шыққан, яғни, су көзіне байланысты атау болған деседі. 1942 жылы Қалмақтардың бір тайпасының басшысы Даян Омбы мен оның туысы Дундук Омбының есімдерімен байланыстырады. Ауыл маңында «Қалматай», «Қызыл там», «Ноғайтөбе», «Қырғын», «Шоң», «Ақүйік», «Ағашты», «Қарауыл Күмбет», «Олжаның қызы», «Құрманәлі» әулие, жақында табылған Едіге батырдың мазары тағы басқа тарихи ескерткіштер мен қорымдарға толы. Өлкетанушылардың деректерінде Маңғыстауға жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткендігі туралы көп деректер айтылады, ауыл маңындағы тарихи қорымдар Түрікмендердің, Қалмақтардың, Ноғайлардың есімдерімен байланысты қойылған. Әрқайсысына жеке-жеке үңілсек, аңыз бен шежіреге толы тарихқа тап боласың, тарихи қорымдар туралы аңыздар құлағыңның құрышын қандырады. Қазақстанның қай түпкірінде жүрсем де туған өлкемнің тарихын, өзгелерге насихаттаудан, тарихи ескерткіштер туралы аңыздар мен болған оқиғаларды баяндаудан еш жалыққан емеспін, мен туған өлкеммен біргемін. «Маңғыстау тарих пен табиғаттың бірге толғаған тамаша дастаны, бірге салған таңғажайып суреті, бірге шерткен тағылымды шежіресі. Оны таңданбай көріп, тамсанбай түсінуің мүмкін емес. Қайда қарасаң да, жанарыңды арбап, жаныңды баурап алып бара жатқан бір тылсым құдірет. Көргеніңнің бәрі таңғалып, көзіңді көндіреді. Таңғалғаныңның бәрі тамсанып, көзіңді сендіреді. Оны көргенде жалғыз Жаратушының шеберханасына кіріп кеткендей өз көзіңе өзің ие бола алмай қаласың. Оған келгенде Әлімсақтың әңгімесін тыңдағандай өз көңіліңе өзің ие бола алмай қаласың» деген жазушының берген бағасы Ондының табиғатына байланысты айтылған ба деп қаласың...
Тарихын тасқа қашап жазған ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған аманаты да осы тарихи ескерткіштері. Шындығында да,тарихи ескерткіштер мен қорымдарға үңілген сайын таңғажайып бір тылсым күштің бар екенін, ашылмаған құпия сырлары барын сезінесің.
Табиғат ананың біздің ауылға берген тағы бір сыйы-үлкен-үлкен түрлі пішіндегі шар тастар мен қайрақ тастар. Ағашты бұлағының алдындағы "Кайрақ жал" үстінде тұрған "Қайрак тас" жөнінде түрлі аңыз-әңгімелер көп. Кай ғасырда орнатылғаны белгісіз? Ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша Адайлар Маңғыстауға келгенде осы тас болыпты десе, енді бірі осы жерде "үлкен бір оқиға болған" бұл соған байланысты койылған белгі десе, енді бірі: Ерсарының қайрағының жартысы екен" дейдi. Үшiншi бір аңыз "Қайрақ тастың қасында казына тығылған" деген түрлі болжамдарды келтіреді. Түнгі мезгілде алыстан жарқыраған шамдары өзіңді құдды бір алып шаһарға, ертегілер еліне алып келе жатқандай көрінеді. Сыры мен сымбаты жарасқан табиғатты көргенде, ашық аспан астындағы мұражай ма деп қаласың... Жанға жайлы табиғаты, таза ауасы, естен кетпес жылуы жаныңды жадырататын жаз мезгілдерінде көршілес ауылдардан, қалалардан жыл сайын ағылып саяхатшылар келіп жатады. Еуропалық үлгіде салынған білім ордасында білім алып жатқаныма, сәні мен салтанаты, бірлігі мен тірлігі жарасқан ауылда дүниеге келгеніме шексіз ризамын. Бақытты да балғын балалық шағымды өткізген туған жеріммен мақтанамын, марқаямын. Елбасының сарабдал саясаты мен жыл сайын Қазақстан халқына жолдаған Жолдауындағы басым бағыттардың нәтижесінде ауылым күннен-күнге көркеюде. Күн санап жаңа түрлі бағыттағы құрылыс кешендері мен бүлдіршіндерге арналған ойын алаңдары т.б ел игілігіне қажетті нысандар көптеп бой көтеруде. Туған өлкем өзінің бауырынан түлеп ұшқан талантты да, дарынды ұл-қыздарының бүгінгі мен ертеңгі тірлігіне, өмірдегі жеткен жеңістері мен жетістіктерінен әр кез хабардар болғысы келеді. Өзімнің түрлі додаларда жеткен жеңістерімді туған өлкеме, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тартқан үлесім мен сыйым деп білемін. «Отансыз адам-қай жерде жүрсе де бишара адам. Өзінің еліне, Отанына, жеріне, ата-бабамыздың төккен қаны мен теріне адал болу керек. Қайда жүрсе де, не істесе де қазағын, елін ойлап, осыны көркейтем, кіндік қаным тамған елім аман болып, оның дәрежесі жоғары болса, қай мемлекетке барсам да, мені сыйлайды деген түсініктеме болу керек» деген Елбасының ұлағатты сөзін ешқашан ұмытқан емеспін, жеткен жеңістерімді, туған өлкеме арнаймын.
Арай ӘБЖАТОВА Онды орта мектебінің оқушысы