©
- Маңғыстауда ел тарихында тұңғыш рет ересектерге арналған балабақша ашылды.
Балдырғандардың бал мекені - аға буын үшін психологиялық тренинг орталығы. Күйбең тіршіліктен қол үзіп, санасын сергітуді ойлайтындар үшін есік ашық.
«Балабақшада өткен үш сағатта отыз жасқа жасардым. Басында қолайсыз көрінген кішкентай орындықтарға кейін бой үйренді. Көңілді ойын ойнап, ұстаздың қимылын қайталап, мәре-сәре болдық»,-дейді екі баланың анасы Мейірбике Әйгерім.
Мұнда жұмыстан бөлек, тынымсыз үй тірлігінен сергітер үйірме тапқанына қуаныштылар аз емес. Солардың бірі - ересектерге арналған балабақша оқушысы Әйгерім Дауымова. «Көңілім көтеріңкі. Сабақ ұнады. Расында да, өткен балалық шаққа қайта оралдым. Санам сергіп қалды»,-дейді ол.
Айрықша балабақшаға кезектің қарасы қалың. Адамдар мұнда мәселеден бой тасалау үшін емес, оған нүкте қою үшін келеді. Үйірме жетекшісі Ирина Хохлованың айтуынша, балалық шақта қалыптасар кемшіліктен арылудың ерте-кеші жоқ.
Ересектерге арналған балабақша директоры Ирина Хохлованың пікірінше, «менің қолымнан барлығы келеді» деген сөз балалық кезеңде әр адамның ұстанымы болуы қажет. Өйткені әлі күнге дейін өзіне сенімділігі қалыптаспаған азаматтар бар. «Біз оларды қабылдап, алдымен көңілін көтереміз. Мұнан соң, психолог ретінде кеңес береміз»,-дейді ол.
Көп ұзамай Жаңа жыл мерекесіне дайындық басталады. Осында әр оқушы өзінің өнерін ұсынады. Тағы бір айта кетер жайт, балабақшаға зейнеткерлер де қабылданады. Қариялар үшін арнайы оқу бағдарламасы жасақталған.
ҚазАқпарат