Словенияның Градек қаласында Турпал-Али Кадыровты еске алуға арналған дзюдодан халықаралық турнир мәресіне жетті. Байрақты бәсекеден маңғыстаулық балуандар, облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Нұрсұлтан Манарбекұлы мен Нұрбек Қуанышұлы алтыннан алқа тағып, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. Қуанышты жаңалықпен балуандарды жарысқа дайындаған белгілі бапкер Жомарт Қобыланов бөлісті.
Халықаралық жарысқа 33 мемлекеттен келген 1000-нан астам балуан қатысып, боз кілемнің көркін қыздырды. Жарыстың бірінші күні елімізге алғашқы алтынды маңғыстаулық балуан Нұрсұлтан Манарбекұлы сыйлады. 34 келі салмақта белдескен балуанымыз әзірбайжандық, венгриялық, италияндық қарсыластарын таза жеңіп, финалға жолдама алды. Шешуші сәтте тағы бір венгриялық балуанның 10 секундта жауырынын жер иіскетіп, қоржынға алтын медальды салды.
— Өткен жылы Словенияның Градек қаласында өткен Европа кубогінде күміс жүлдегер атанып, ендігі жарыста алтыннан алқа тағамын деп іштей өзіме уәде бергенмін. Бүгін міне, сол тілегім орындалып, алтын медальдің иесі атандым. Барлық қарсыластарым да мықты болды, олардың арасынан суырылып шығу үшін барымды салып, күрестім. Бүгінде дзюдо, самбо күрестерінен «спорт шеберіне үміткер» атанып, күрестің екі түрінен де облыс чемпионы және жасөспірімдер арасында республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атағын иелендім. Дзюдодан Маңғыстау облысының және ҚР-ның жасөспірімдер Ұлттық құрама командасының мүшесімін. Спорттан бөлек, мектепте де белсенді оқушымын, әсіресе тарих пен математика пәндерін ұнатып оқимын. Бүгінде Ақтау қаласындағы №28 мектептің 8 «ә» сыныбында білім аламын. Барлық оқушыларды салауатты өмір салтын сақтап, дзюдо, самбо күресімен айналысуға шақырамын, — дейді Нұрсұлтан Манарбекұлы.
Жарыстың екінші күні 60 келі салмақта боз кілемге маңғыстаулық балуан Нұрбек Қуанышұлы шықты. Биылғы жылы Якутияда өткен Азия балалар ойындарынан олжалы оралған балуанымыз да бабында еді. «Әп» дегеннен Нұрбек словениялық, хорватиялық балуандарды жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Одан кейінгі латвиялық, венгриялық, австриялық балуандармен өткен кездесулерді сәтті ақтап, алтыннан алқа тақты.
— Жалпы жарыс Словенияның Градек қаласында 12-13 қараша күндері өтті. Аталмыш жарыстан қос балуанымның топ жарып, жерлестерімізге жеңіс сыйлағанымызға өте қуаныштымыз. Қос шәкіртім де бабында болатын. Алтын медальдан бөлек, жарыстың қорытындысында шәкіртім Нұрсұлтан белдесуде үздік тәсіл қолданғаны үшін арнайы алғысхатпен марапатталды. Жалпы жарысқа облыстан үш балуанды дайындап апарған болатынмын. Өкінішке орай 50 келі салмақта белдескен тағы бір шәкіртім Төрекен австриялық, әзірбайжандық балуандарды жеңіп, шешуші сәтте италияндық балуанға есесін жіберіп, 7-ші орынға тұрақтады,-дейді облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Жомарт Қобыланов.
Екі күндік жарыстың қорытындысында Қазақстан құрамасы 15 медальмен үшінші орынға тұрақтады. Балуандарымыз ел қоржынын 4 алтын, 6 күміс және 5 қола медальдармен толықтырды.
Венера МИРЛАН