Жыл сайын елімізде талапты жастардың ерікті шығармашылық қабілетін кәсіби шыңдайтын, ғылым мен тәжірибе негізіне бағытталған – түрлі ғылыми жобалар қорғалады. Елбасы Н.Назарбаев халыққа Жолдауында «Бізге оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерін дамытып, халықаралық ғылыми – зерттеу жобаларына белсене қатысуымыз керек. Біздің мақсатымыз – жаһандық технологиялық төңкерістің бөлшегіне айналу» деген болатын. Қазіргі заман талабына сай жан-жақты дамыған азамат етіп тәрбиелеу басты міндет.
Жуырда Көкшетау қаласында ғылыми – зерттеу жұмыстары мен шығармашылық бойынша «Зерде» республикалық ғылыми жобалар байқауының 1-7 сынып арасындағы сайысы өтті. Оқушылардың танымдық қызғушылықтары мен зияткерлік шығармашылығын мектеп жасынан бастап дамыту, жалпы мектепшілік пәндер бойынша білім сапасын айқындау мақсатындағы ғылыми жоба конкурсына еліміздің түкпір түкпірінен 400 – ден аса оқушы қатысты. Маңғыстау облысынан қатысқан 30 оқушының тыңғылықты дайындығынан арқасында 26-ы жүлдемен оралып, ел мерейін өсірді.
Біздің ауданымыздың намысын қорғап келген Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Әлімбай Ақбота: «Бұл сайыс табандылықты, шыдамдылықты көп оқуды талап етеді. Мен «Өлке өңірінен шыққан қуғын – сүргін құрбаны Т.Әлниязұлының тұғырлы ел болуға қосқан үлесі» тақырыбы бойынша жобамды сәтті қорғадым , нәтижесінде III орын иелендім. Осы ғылыми жұмысты жазып шығуыма, бағыт-бағдар беріп, жол көрсеткен жетекшім, тарих пәнінің мұғалімі Д.Тегісбаева. Маған үлкен сенім артқан ұстаздарыма, ата-анама, және атам Әлімбайға рахмет айтамын», – дейді жүлдегеріміз.
"Мен өзін-өзі қоректендіретін стол шамының жұмыс жасау әдісі» тақырыбында жоба қорғадым. Бұл жобаға екінші мәрте қатысып тұрмын. Менің жетістікке жетуіме күш жұмсаған жетекшім Ж.Дәрменованың еңбегі деп білемін. Тағы да III орын иеленіп келгеніме қуаныштымын дейді», – «Шетпе гимназия мектеп» оқушысы Есболов Айдын.
Шәкірті шыңды бағындырып жатса, әуелі ұстаздың қызметінің жанғаны. Оқушыларымыз білім беру ісіннің тәжірибелі маманы Дүйсенбаева Аққалам жетекшілік ететін «Заңғар Асу» қоғамдық қоры орталығынан білімін жетілдіріп, біліктілігін көрсетті. Егеменді еліміздің дамыған елдермен терезесі тең болуы осы дарынды жастардың қолында.
Жадыра ТЕЛБАЕВА