©
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Маңғыстау жастары ерекше шара ұйымдастырды. Ақмаржан қаламызды көк туымызды желбіреткен 25 автокөлік аралап шықты.
Өңір жастарының мұрындық болуымен өткен автошеру Ақтау қалалық «Арман» жастар орталығынан бастау алып, орталық жолдарынан өткенде көк туды желбіретіп, қала тұрғындарын тәнті етті.
-Бұл автошеру аймақ жастарының атсалысуымен, қаладағы Nissan, Toyota, Renault авто орталықтарының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жастар еліміздің болашағы болғандықтан, сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің қадірін, маңызын түсінуі қажет. Қасиетті мерекеге орай, жастардың жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруды көздеп, бірқатар шаралар ұйымдастырдық,-деді облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Ерғали Анесов.
Мерекелік шара аясында шағын концерт өтті. Дарынды жастар өнерін ортаға салып, көрермендер көңілін серпілтті. Мерейлі мерейтоймен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов, елге белгілі әнші Ғалымжан Жолдасбай құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Одан соң жастар танымал әншімен еркін форматта кездесу өткізіп, сауалдарын қойып, әңгімелесті.
Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Малика ХАМРАКУЛОВА