Арайлы Ақкетіктің 170 жылдық мерейтойы аясында тарихы ғасырлар қойнауына бойлаған қаланың алға жүйіткіген заман ағынымен қатар адымдап, қарышты қадам басып, құлпыруына, өсіп-өркендеуіне елеулі еңбек сіңірген бірқатар ел азаматтары ардақталып, сый-құрметке бөленген еді. Ұлы Отан соғысы ардагері, соғыстан кейінгі қайта құру кезеңінде қоғам дамуына қалтқысыз қызмет еткен еңбек ері Батыршиев Махмұт Көбегенұлы есімі ел жадында жаңғырып, ерен ерлігі ескерілді. Киелі өңірдегі дүбірлі думан, мерейлі мереке аясында Маңғыстау өңірлік әрі Түпқараған аудандық мәслихаты мен аудандық әкімдік қаулысымен қала көшелерінің бірі көрнекті азамат есімімен аталды.
Махмұт Батыршиев 1920 жылы 17 тамызда Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылында дүниеге келген. Еңбек жолы 1938 жылы Куйбышев ауылдық кеңесінде басқарма орынбасары лауазымынан бастау алған. Бұдан кейін ол әр кезеңде аудандық комсомол комитеті хатшысы, ауылшаруашылығы басқармасында жер бөлімі қызметкері, Шевченко аудандық нотариусы, атқару комитетінің ауылшаруашылығы бөлімі меңгерушісі, Балық кооперативінің төрағасы, Жинақ кассасының меңгерушісі, «Маңғышлақбарлау» тресінің партия комитетінің хатшысы, АТК директоры, «Маңғышлақ Балық тоңазыту» басқармасының базалық комитет төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды.
Төрткүл дүниені дүрбелеңге салған Ұлы Отан соғысы Махмұт ағаның өміріне өз ізін қалдырады. Махмут Көбегенұлы киелі түбектің қара шаңырағы атанған Ақкетіктен 1941 жылы әскерге шақырылады. Қан майданның қақ ортасында жүріп-ақ 1941-1942 жылдары Горький қаласында офицерлік курсты тәмамдап, Сталинград түбіндегі шайқаста 548-ші ротада командирдің орынбасары қызметін атқарады. Батыс фронтында 64 атқыштар дивизиясында шайқаста болған. 1945-1947 жылдары Лейсинг қаласында ауыр атқыштар танкі полкы құрамында взвод командирі қызметіне дейін көтеріліп, жауынгерлік қызметін адал атқарған. Сұм соғыстың сұрапыл сәттерін көзімен көріп, қаһарлы кезеңді бастан өткерген ол майдан даласынан аға гвардия лейтенанты болып, жеңіспен елге аман оралады. Ұлы Отан соғысында көрсеткен «Ерлігі үшін» және «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталады. Жұбайы Ханзила Нұрболғанқызымен 5 перзент сүйіп, тәрбиелеп өсірген өнегелі әулеттің отағасына айналады. Махмұт пен Ханзиланың ұлдары Бауыржан, Құмар, Ғалым, Гайдар, қызы Рухия бүгінде сан салада табанды қызмет етіп, ел құрметіне бөленген жандар. Ер азаматтар жағы қажыр-қайрат, күш-жігер, табандылық пен төзімді талап ететін мұнай, қорғаныс және техникалық саланы құп көрсе, ерке әрі нәзікжанды Рухия өнер әлеміне біржолата бет бұрады. Бүгінде Рухия Махмұтқызы есімі өңір халқына ғана емес, республика жұртшылығына танымал талант.
Махмут Көбегенұлының азаматтық тұлғасы, оның қандай жұмысты болса да ұйымдастыра білу қабілеті, жұртшылық алдындағы беделі талай әңгіме арқауына айналары сөзсіз. Форт-Шевченко қаласының шежіресі іспетті есімі аңызға айналған тау тұлғаның азаматтық болмысын қай қырынан алып қарасаңыз да мақтау мен мадақтауға тұрарлық. Халық қадірлеген, ағайын-тума, жақын-жуығы бағалаған абзал азамат 1976 жылы дүниеден озды. Жақсының өзі өмірден өтсе де, ізгі есімі, сом тұлғасы, игілікті ісі мен атақ-абыройы көмескіленбесі анық.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН