Дүрия дүниеден Мұхаң озды...
Аптаның сәрсенбі күні ақтаулықтар 84 жасында пəниден озған қаланың құрметті азаматы, Маңғыстау журналистикасының ардагері, "Қазақстанның құрметті журналисі" МҰҚТАСЫН СУХАМБЕРДИЕВ ағамызды соңғы сапарға шығарып салды.
Өмір бойы бір ғана журналистика саласында еңбек еткен аға əріптесіміз кейінгі ізбасар іні-қарындастары үшін өз мамандығына адалдықтың үлгісі болатын. Атырау, Орал жағында Қазақ радиосының меншікті тілшісі болып абыройлы жұмыс жасап жүрген жерінен жайлы қонысты тастап, қазыналы түбекті игерушілердің алғашқы легінде атамекен Маңғыстауға құстай ұшып жетіпті. Жетібай мен Жаңаөзендегі алғашқы мұнай, газ бұрқақтары жөніндегі сүйінші хабарлар Қазақстан кеңістігіне ең алдымен Мұхаң үнімен тарады, алғашқы суреттер Мұхаң фотоаппаратымен түсіріліп, тарихта қалды. Маңғыстау мұнайын игерудің деректі суреттермен безендірілген шынайы шежіресін қалдырған да Мұқтасын Сухамбердиев! Тек Маңғыстау емес қазақ əріптестерімен тығыз іскерлік ынтымақтастықта болған Түрікменстан, Əзірбайжан, Татарстан, Башқұртстан, Сібір аймағында да делегация құрамында Мұхаң сапар шекпеген мұнай-газ кенорындары жоқ десек асырып айтқандық емес.Сол кезде көп айтылатын озат тəжірибені насихаттау, кəсіпорындар арасындағы өндірістік-техникалық байланыстарды нығайту ісіне ол білікті мұнай маманынан кем үлес қосқан жоқ. Өз кəсіпорындарымыздағы осы қалай еңбек адамдарының Мұхаңа кейіпкер болмағаны кем. Сондықтан М.Сухамбердиев мұнайшылар, оларға қызмет көрсететін құрылысшылар, теміржолшылар, портшылар мен автотасымалдаушылар үшін де өз адамы болатын. Ал журналистикада тілшіліктен бастап, Өзен аудандық "Жаңарған Маңғыстау", Мұнайлы аудандық "Мұнайлы жаңалығы" газеттерінің тұңғыш редакторы, "Егемен Қазақстанның" Маңғыстаудағы тілшісі, қазақ жəне орыс тілдеріндегі газеттердің бөлім бастығы қызметтерін абыроймен атқара жүріп, көптеген тақырыптарға тыңнан қалам тартты,жастарды кəсіби шеберлікке баулыды,зейнетке шықса да соңғы екі-үш жылға дейін қолынан қаламы түскен жоқ. Мұхаңның журналистік бай тəжірибесі, көрген түйгендері «Аталар жолымен», «Мұнайлы Маңғыстау» атты қос кітабында қаттаулы. Бізден кейін де талай жұрт жүгінетініне сөз жоқ.
Ағамыздың артында өніп-өскен ұрпағы қалды. Сəуле жеңгемізге, балаларға қайғыларына ортақтасып, қайырлы қаза болсын айтамыз. Мұқтасын ағамыздың алды пейіш, арты кеніш болсын! Әріптес іні-қарындастары атынан Маңдайлы Қосымбай.
Маңдайлы ҚОСЫМБАЙ ("Фейсбук" желісіндегі парақшасынан) Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН