©
Маңғыстау облысы Дін істер басқарамасы жанындағы «Дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығының» ұйымдастыруымен семинар болып өтті. Аталмыш орталықтың басшысының міндетін атқарушы Бақтыгүл Шопанова және оңалту бөлімінің исламтанушы маманы Нұрперзент Қыпшақбаев Түпқарған ауданы орталығы Форт-Шевченко қаласында «Діни экстремизм мен терроризм – бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп» тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қатысушыларға ақпарат берді. Ақпараттық–талдау орталығының жұмысының үйлестірілуі мен өзге ағымға еріп кетпеуге насихаттайтын алдын-алу мақсатындағы семинарға аудандық үкіметтік емес ұйымдар мен мектептің жоғары сынып оқушылары, ақсақалдар атынан Аманқос Шүкірбаев қатысты.
Семинарда оқушыларға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істер комитетінің, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, Маңғыстау облыстық дін істері басқарамасы мақұлдаған кітаптарды оқуға кеңес берді. Сонымен қатар, орталық басшының міндетін атқарушы Бақтыгүл Шопанова айтуынша рұқстапен шыққан кітаптар облыс көлемінде мектептер мен аудан кітапханаларына жолданған. Яғни, кез келген діни сауат ашқысы келетін адам, осындай рұқсатпен мақұлданған кітапты мектеп кітпаханасы болсын, ауыл кітапханасынан болсын алып оқып, таныса алады.
— Облыс, қала, аудан бойынша барлығы 8 ақпараттық-түсіндіру тобы өз жұмысын жасап жатыр. Ақпараттық топ құрамында мемлекеттік қызметкерлер, жоғары білімді дінтанушылар мен ҚМБД мамандары, ҮЕҰ өкілдері кіреді. Орталықтағы сенім телефонына 43 адам телефон шалды, — деп тоқталып өтіп, дәстүрлі Исламның еліміздегі белгілі ғалымдарынан Ерсін Әміре, Ержан Маямеров, Ризабек Батталулы, Қабылбек Жұмабеков, Рақымжан Акимбеков сынды азаматтардың уағызын тыңдауға болатынына тоқталды.
Семинарда оңалту бөлімінің исламтанушы маманы Нұрперзент Қыпшақбаев діннің келуі мен діндегі ағымдар туралы кеңінен түсінік берді. Мәзһаб бойынша намаз оқу ерекшеліктерін түсіндіріп, Салафия мен Такфирь уаль хиджра бағытын ұстанушылардың салт-дәстүрді теріске шығаратындықтарын, өлілерге құран оқымайтындықтарын,ерлері балақ қысқартып, әйелдері қара жамылатындықтары туралы сипаттық ерекшеліктерін айтып берді. Сонымен қатар, семинарға қатысушылар мен оқушылар жолдаған сұрақтарға жауап берді.
Семинар барысында ақпарттық, түсіндірме материалдары таратылып, сауалнама жүргізілді. «Қауырт желі-114» желісі арқылы секем алған немесе діннің өзге бұрмаланған бағытын ұстанушыдан күдіктенген жағдайда шағым түсіріп, тіпті осы желі арқылы қызықтырған сұрақтарға жауап алуға болатындығы да айтылды.
Милана ЕЛЕУСІНОВА Суреттерді түсірген автор